«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қайраткер

0 17

 Қазір қайраткер деген қадірлі сөзді оңды-солды қолдана беретін болдық. Биік мінбеден «халқым» деп екі-үш ауыз сөз айтса да қайраткер, теледидардан ел туралы еміреніп сөйлесе де қайраткер деп ойлаймыз. Тіпті бүгінде жасы отызға толмаған жас қайраткерлер шыға бастады. Шын мәнінде, қайраткердің болмысы мен беделі бөлек. Бұрын елге еңбегі сіңіп, көшелі ой айтып, дуалы аузымен жұртты ұйыта білген азаматты қайраткер деуші еді. Ондай тұлғалар әлі де арамызда бар. Соның бірі – кеше сеңгірлі сексен жасқа толған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білікті азамат Өмірбек Байгелді ағамыз.

ДАЛА АКАДЕМИГІНІҢ БАЛАСЫ

Өмірбек ағаның балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келді. Қолға қару ұстайтын азаматтардың бәрі майданға алынды. Ауылда жасы келген қарттар мен әйелдер, шиеттей балалар қалды. Соғыс уақытындағы елдің жағдайы белгілі: ауыр тұрмыс, жоқшылық, одан қалды қолдағы бардың бәрі – «майдан үшін» деген ұранмен батысқа жөнелтілді. Біздің кейіпкеріміздің әкесі де жасы үлкейіп қалғандықтан майданға алынған жоқ. Бірақ оған басшылық ең жауапты жұмысты жүктеді. Байгелді қария сол қиыншылық жылдары қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы Кеңестүбі деген шағын колхозды басқарды. Шаруашылықта біраз малдың басы бар. Бірақ оны пәле-жаладан аман сақтап бағу керек. Оған малдың жайын білетін қарттар жұмылдырылды. Сол кездері колхозшылар егін егіп, оны өкіметке өткізу міндеттелді. Соғыс кезінде бір масақты бір адам ұрласа сотқа тартылды. Амал жоқ, колхоз басшысы өз қарауындағы жұртты тарықтыр­мау үшін әрі отбасыға құнарлы жерден жер беріп, тары еккізді. Сөйтіп әрбір үй күзде алты-жеті қап тары жинап, қыстан қысылмай шығатын болды. Жекеге де мал ұстауға кеңшілік берілді. Қысқасы, соғыс кезінде білікті басшы басқарған колхоздың еңбеккерлері көп қиындық көрмеді.
Байгелді ақсақалдың тарихта қалған тағы бір ерлігі бар. Ол кісі сол қанды қырғын кезінде өзінің өмірлік жинаған дүниесі мен мал-мүлкін сатып, ақшаға айналдырып, бар қаржыны жау­ға қарсы ұшатын самолет жасау­ға аударды. Кейбіреулер оны күлкі етеді. Бірақ қария алған бетінен таймады. Оның ұсынысы жоғары жақтан қолдау тауып, сол қаржыға ұшақ жасалады. Ол ұшақты ұшқышқа өзі тапсыру үшін қартты Мәскеуге шақырады. Байгелді ата ақыры самолетті ұшқышқа өз қолымен сыйлап, елге оралады. Кейін бұл самолет жаудың құтын қашырған ұшаққа айналды. Бір түкпірдегі ауылда жатқан қазақтың қариясының өнегелі ісі бүкіл Одаққа үлгі болады. Дәл сол жылы Байгелді атаға елдің дамуына сіңірген еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Сталиннің өз қолымен «Отанымыз еңбегіңізді ұмытпайды, Сізге көп рақмет!» деп жазған хаты бірге тапсырылады. Осындай дала академигі атанған қарияның баласы да биікке ұмтылды.

АСПИРАНТУРАҒА ­ҚАЛМАЙ, АУЫЛҒА КЕЛДІ

Біздің кейіпкеріміз бала күнінен «үлкен адам» болуды мақсат етеді. Орта мектепті бітіргеннен кейін ауылда бір жылдай қара жұмыс істейді. Жүгері егеді, ағаш отырғызады, шөп шабады, қысқасы, колхоз қайда жұмсаса сонда барады. Содан бірде контордан еңбекақысын алуға барса, айлығы аз шығыпты. Бухгалтерден сұраса: «басқалардың 4-5 баласы бар, сен кіміңді асырайсың?» деп жауап береді. Қатты көңілі қалады. Дәл сол кезде Одақ көлеміндегі мерзімді басылымдар комсомол құрылысы туралы дуылдатып жазып жатады. Бұл ұран жас жігітке қанат бітіреді. Әкесінің келісімін алып, бірауыз орысша білмесе де, Ресейге тартып кетеді. Содан Ресейдің Братск қаласына жақын жерде орман шаруашылығына барып жұмысқа орналасады. Толқыны тулап аққан Енисей өзенінің маңайы. Комсомол құрылысы дегенмен, аты бар да, заты жоқ. Жұмыскерлердің дені – түрмеден босап келгендер. Түрлерінің өзі қорқынышты. Артық сөзге бармай, жұдырық ала жүгіреді. Алғашқы кезде жұмыс ауыр болып, қатты қиналады. Күн сайын орманнан ағаш кесіп, оны дайындайды. Жұмыскерлер арасында бір-екі қазақ болды. Бірақ Өмірбек ағаға бір татар азаматы жанашырлық көрсетіп, үнемі басқалардан қорғап жүреді. Ақыры, бөтен жерге де үйренісіп кетеді. Сөйтіп, жат ортада өмір көріп, орысша үйренеді. Оқуға түсуге мол қаржы жинап алады.
Бұл мектепте жүргенде журналист немесе заңгер болсам деп ойлайды. Бірақ әкесінің өмір жолы үлгі болғандықтан, соның ізін қуып, ауылшаруашылық саласының маманы болуға бел байлайды. Алматыдағы зооветеринарлық институтына түседі. Жоғары оқу орнында үздік оқып, лениндік стипендианттың иегері болады. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді атсалысады. Инс­титуттың комсомол ұйымын басқарады. Оқуды бітірген кезде оны ұстаздары аспирантураға жібергілері келеді. Бірақ ол елге барып, нақты жұмыспен айналысып, тәжірибе жинасам деп ойлайды. Содан ауылға келеді. Аудандық ауылшаруашылық басқармасының аға зоотехнигі болып орналасады. Содан біраз жылдар жан аямай туған жерінің ауыл шаруашылығын көркейтуге күш салды. Абыройлы болды. Ел ішінде беделі де өсті. Жай қатардағы маманнан облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасына дейінгі қызметтік жолдан өтті.

ҚИЫНДЫҚТАН ­ШЫҒУДЫҢ ­ЖОЛЫН ТАПТЫ

Егемендіктің елең-алаң шағында қайраткер өзі туған Жамбыл облысының әкімі болып таға­йындалды. Бұл кезде ел экономикасы түрлі қиындықты бастан кешіп жатты. Кеңес Одағы кезіндегі республикалар арасындағы қарым-қатынас кілт тыйылды. Шаруашылық арасындағы байланыстар үзілді. Шикізат шығаратын өндіріс орындары тұралады. Экспорт, импорт азайғаннан кейін дефицит пайда болды. Дүкендерде қаптаған кезек орын алды. Сондықтан облыс басшысы қолдағы бардан айырылып, малдан ажырап қалмау үшін қиындықтан шығудың жолдарын іздейді. Бұл үшін Елбасымен ақылдасады. «Малсыз қалып, елді тағы қырып аламыз ба деп отырмыз. Облыста 3 миллион қой бар. Соның тең жарымын малшыларға жай берсем деймін. Бірақ оларға: «Жемейсіңдер, сатпайсыңдар, мал есепте тұрады» деп айтамын. Өйткені ол керек бізге. Басқа мал жоқ. Қойшыларға саулық беремін. Бір жыл ішінде оның саны көбейеді. Солай жыл сайын көбейтіп отырамыз. Мал жоғалып кетпейді. Соның арқасында халықтың жағдайы жақсарады. Сіз рұқсат беріңіз!» дейді. Мемлекет басшысы келісімін береді. Сөйтіп, малдың басы аман қалып, елдің тұрмысы оңалады. Бұған халық ризашылығын білдірді. Өңірдегі өндірісті тұралатпау үшін «Тараз» деген ассоциация құрылып, соның нәтижесінде облыс көлеміндегі өндіріс жұмысын тоқтатпады.
1995 жылы ардақты азамат Парламент Сенатының төрағасы болып сайланды. Бұл қызметті ол кісі төрт жыл істеді. Елдің дамуына себі тиген көптеген заңдар қабылдауға ықпал жасады. Сол жылдары «ұлттық рәміздер» туралы алғаш заң қабылданды. Телеарнадан алкогольдік ішімдіктер мен темекіні жарнамалауға қарсылық танытып, заңға өзгеріс енгізілді. Екі палатаның жұмыс істеу технологиясы жасалды. Сайлаудың ережесі бекітілді. Ке­йін ол Парламент Сенаты төрағасының орынбасары, депутаты болған жылдарында да біраз ел игілігіне айналған шаруалардың басы-қасында жүрді.

***

Бүгінде айтулы тұлға бір отбасының ғана емес, елдің ақылшы қариясына айналды. Өткен тарихты өте жетік біледі. Ұлы бабаларымыз туралы үнемі ой толғайды. Біз осы кісі арқылы Иерусалимдегі Мұса пайғамбардың кесенесін Сұлтан Бейбарыс салғандығын білдік. Бұл туралы жай сөз емес, фактілермен айтады. Өзі сол жаққа барып, тәу етіп қайтқан. Ағамыз жастарға да қамқорлық танытып жүреді. «Жастарға ақылды айқаймен емес, байыппен жеткізе білу керек. Келешек жас ұрпақпен жалғасады. Кейбіреулер оларды кінәлап сөйлейді. Оларда не айып бар? Жастар өз міндеттерін адал орындап келеді» дейді. Өмірбек ағамен әңгімелескенде бір рухани байып қаласыз. Баяғы түн асырып шежіре шертетін қария­лар секілді салмақтап сөйлейді. Осындай ақылы кемел ел ағалары алдымызда аман-есен жүре берсе екен дейміз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды