«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Қайрат» көшке ілесе алмады

0 99

Қазақстан Премьер-лигасы 15-турының басты ойыны Алматының Орталық стадионында «Қайрат» пен «Астана» командаларының арасында өтті.

«Астанадан» көш кейін қалып бара жатқан алматылықтардың осы жолы арақашықтықты қысқартуға мүмкіндігі болды. Бірақ «Қайраттың» оған қауқары жетпей, бір қайнауы кем шықты.

Елордалықтар ойынды басты сұрмергені Патрик Твумасисыз бастады. Онсыз «Астананың» алғы шебі ақсап қалды деп айтуға келмес. Қос команда да ә дегеннен алға ұмтылып, шабуылдарын үдете түсті. Алдымен есепті «Қайрат» ашты. 32-минутта Исламбек Қуат алыстан шірене тартып, Ненад Эрич күзеткен қақпаның тоғыздығын топ еткізді. Бұдан кейін Бақтиер Зайнутдинов та көзге түсетіндей тамаша сәт туып еді, онысын голға айналдыра алмады. Дегенмен, көп ұзамай бірінші таймда-ақ таразы басы теңесті.

Кляйнхайслер Ласлоның әуелеткен добын Джордже Деспотович дөп түсірді. Екінші таймда қонақтардың екпіні күшейіп, ойын тізгінін ұстады. Ал алаң иелері қарсы шабуылға иек артты. Нәтижесінде 88-минутта Қуаттың голына нағыз жауап ретінде Роман Мұртазаев қақпаға қашық жерден керемет гол соқты. Сөйтіп 2:1 есебімен «Астана» тағы да «Қайраттан» асып түсті.

«Астана» турнир кестесіндегі ұпайын 43-ке арттырып, «Қайратты» 35 ұпаймен қалдырды.

Турдың қалған кездесулерінде «Ордабасы» «Ақжайықты» 2:1, «Жетісу» «Қызылжарды» 2:1, «Шахтер» «Атырауды» 3:0 есебімен жеңді. Ал «Ертіс» «Қайсарға» 0:1, «Тобыл» «Ақтөбеге» 2:3 есебімен есе жіберді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды