«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қай ананың әлдиімен өсті екен?

0 129

 

– Мама, Президент те бөпе болған ба? – деп сұрады бірде кішкентай қызым.
– Әрине, бөпе болған.
– Ол да бесікте жатқан ба?
– Жатқан.
– Ол да мамасына еркелеп, емген бе?
Әрі қарай жауап беруге шыдамай, күліп жібердім.
Әрине, емген ғой. Хан да, қара да анадан туады емес пе! Шерхан Мұртаза ағамыздың сөзімен айт­қанда, «Президент те – адам». Ол да ет пен сүйектен жаралған. Ол да бала болып жылаған, асыр салып ойнаған. Ол да бесікте жатып өсіп, кейін анасының етегінен тартып, тірлік істетпей, талай қиғылық салған шығар…
Баланың сұрағы көңілімді көтерсе де, әрі қарай терең ойларға жетеледі.
«Ананың алақаны – балаға айдынды қоныс» дейді қазақ. Адамның қандай адам болып жер басып жүрмегі оның сәби шағында қандай алақанды қоныс қылғанына да байланысты шығар, сірә.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де бір естелігінде: «Кез келген адам анасына деген құрметін тілмен айтып жеткізе алмайды. «Меккеге үш рет арқалап апарып келгенде де, ананың парызын өтеу мүмкін емес» дейді ғой. Мен де сол барлық қазақтың балалары секілді әкенің қаталдығынан қаймығып, анасының тәрбиесімен өскен баламын. Әкем кешке дейін жұмыста, мен тек анамның жанында болдым. Анамның мені жанындай жақсы көретінін білетінмін. Егер анасы баласын шын сүйіп, шын жақсы көріп өсірсе, ол баланың бақытты болатынына сенемін….» демеп пе еді?
Баланың тағдыры оны құрсағынан бастап мейіріміне бөлеген, дүниеге келген соң ақ сүт беріп, өсірген, есі кіргенше тәрбие­леп, тәлім берген, ер жеткен соң ақ батасын айтып, тілеуін тілеп отырған ананың қасиетіне, ниетіне байланысты емес пе?
Онда шынымен Президентіміздің анасы қандай адам? Ол қандай ананы еміп, қай ананың әлдиімен өсті?

***

Әлжан Бұқарбайқызы Жатқанбаева 1904 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қасық ауылында дүниеге келген екен. Жасынан қолына домбыра алып, айтысқа шығып, елге танылады. Сөйтіп, ақылымен, шешендігімен, қалыптағы сөзді қағып алып, әзілге айналдыра білетін тапқырлығымен көзге түседі.
Сталиндік қуғын-сүргін жылдары Әлжан ана туып өскен отбасы Алматы облысының Қаскелең ауданына жер аударылады. Онда олар Үшарал деген жерге қоныс тебеді. Бой жетіп, тірлікке жарағанда Әлжан Түрксіб темір жолын салып жүрген жұмысшыларға ас-су әзірлеп, күнін көреді. Сөйтіп жүріп, ауылдағы түрлі шаруашылықтарға араласып, бригадир болып жүрген Әбіш Назарбайұлымен танысады. Әбіш еңбекқор, қайратты, бойынан үлкен парасат есіп тұратын жігіт екен. Арада бір жыл өткенде екеуі шаңырақ көтереді.
Бес-алты жыл бойы Әлжан ана бала сүймепті. Алладан тым болмағанда жүген ұстайтын бір ұл сұраумен болған Әбіш анасы Мыр­забаланың ақылымен келіншегін ертіп, Райымбек атаның басына барады. Жаратқан иеден перзент сұрап, үш күн бойы сонда түнеуге бекінеді.
Осы жол Әлжанға тылсымнан аян келеді: түн жарымы ауғанда ақ киім киген ақсақал келіп, қарап тұрады. Шошып кеткен жас келіншек сөйлейін десе, әлгі қолын көтеріп, үндеме деген ишара білдіріпті дейді… Бір кезде көзін ашса, қария жоқ болып кетіпті. Бұл бірінші түн еді. Екінші түні әлгі кісі тағы да келіп, жанына отырады да: «Балам, ұлды боласың. Сол ұлдың артынан перзент жалғаса береді. Бірақ, балалардың атын ұйқастырып қойма» дейді. Сөйтіп, алақанымен бетін сипап тағы да жоқ болып кетеді.
Әлжан ана таң атқан соң болған жайды шырақшыға жеткізіпті. Жас келіншектің қобалжып тұрған түрін көрген қария: «Балам, құдай берген екен. Енді ауылыңа қайт» дейді көңілін тыныштандырып.
Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Әлжан ана жүкті болады.
Бойына қасиет қонғаны ма, тұңғышына жүкті кезінде ол түс көріпті. Түсінде теңізге шомылып жүр екен. Суы тұп-тұнық, терең теңіз екен дейді… Түбінен аппақ мылтық көрінеді. Мылтықты барып алған ол бір қолымен қаруды ұстаған күйі малтып, жағаға шығады…
Бұл да аян еді. Келіншекке құрсағындағы сәбидің ұл екенін, оның өмірі теңіздей толқыған күреске толы болатынын құдайдың сездіргені болатын.
Кейінірек Әлжан ана маңа­йындағыларға «Сұлтаныма тура жеті күн толғаттым» дейді екен. Әлі қашып, әбден қажығанда не жолы, не ауруханасы жоқ ауылдан сонау аудан орталығына арбамен селкілдеп отырып әрең жетеді. Аман-есен босанған соң баласын әлдекім ауыстырып алмақ болады.
Оны кейін өзі баяндапты.
«Екі-үш күнге дейін өзіме-өзім келе алмаған соң баланы да еміздірмеді. Бес-алты күн дегенде кіп-кішкентай сап-сары нәрес­тені әкеліп, ұстата салды. Әлгі балаға қараймын, бірақ жүрегім тартпайды. Қасымда жатқан қазақ келіншектің нәрес­тесі балпанақтай. Әлгіге қарай беремін. Мен қараған сайын жаңағы келіншек жылайды. Ана жүрегінен сезімтал нәрсе жоқ. Аздан соң шыдамай кетіп, оралған баланы ашып кеп жіберсем – қыз бала. Жүрегім зу ете түсті. Баланы орай-морай қалай дәрігерге алып жүгіргенімді білмеймін. Дәрігерге барған бойда «Айтыңыз­шы, мен кімді тудым» дедім. «О не дегеніңіз, сіз ұл тудыңыз» деп саңқ ете қалды. Сосын дереу баланы алды да, жөргекті ашып кеп жіберді. Шынымен, қыз!.. Дереу медбикелерді шақырып, «баланы табыңдар!» деп айғай салды. Сөйт­сек, қасымда жатқан әйел бұған дейін жеті иә сегіз қыз туған екен. «Осыдан тағы қыз тусаң, үйге келме» деп, күйеуі тепсінген көрінеді. Амалы құрыған әйел бір медбикемен астыртын келісім жасасқан ғой… Сөйтіп, өз баламды өзім алып, ананың қызын өзіне бердік. Нұрсұлтанымнан осылайша айырылып қала жаздағаным бар» деп әңгімелеп беріпті…
Заманның кеңдігі шығар, Әлжан ана Назарбай бидің шаңырағына келін болып түскеннен кейін де өнерін тастамай, біраз жылдарға дейін ауыл арасындағы айтыстарға шығып жүріпті. Сонда өзін:
Шатқалы Үшқоңырдың ұяға жан,
Біреуге қымбат дүние біреуге арзан.
Сұрасаң аты-жөнім, мен айта­йын:
Келіні Назарбайдың, атым – Әлжан, – деп таныстырады екен. Ауылда қыз­ ұзату болса, жасауын дайындауға көршілерді жұмылдырып жіберіп, бәріне бас-көз болады. Кісі қайтып, ас беріліп жатса, істің басы-қасында жүріп, талай шаруаның басын қайырады. «Дауысы жұмсақ, қатты сөйлемейтін кісі болғанымен, сөзі өтімді, бір айтқанын орындатпай қоймайтын» деп еске алыпты оны көзі көргендер…

***

Белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы бір шығармасында «ұлтты құртатын әйелдердің еліктеу­шілігі» деген ойды айтатын. Демек, адамның ғана емес, ұлттың да тағдыры аналардың қолында болғаны ғой. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» болса, дегдар ананың әр баласына, бүкіл ұрпағына, ғасырдан ғасырға жете беретін қадір-қасиет дарыта алмауы мүмкін бе?.. Сабақтастық үзілмесе, бұл тәрбие ғасырдан ғасырға жалғасып, тұтас ұлтты, халықты сақтауға жетпей ме?
Иә, әйел дауыс көтермей, айғайлап көшеге шықпай, от басы, ошақ қасында отырып-ақ, бүкіл ұлт тағдырына ықпал ете алады.
Елбасымыз қазақ тәуелсіздігін нығайтып, мықты мемлекет қалыптастырып, оны күрескерлікпен, сұңғылалықпен дамудың жаңа жолына салып отырса, ол сонау бір жылы түсінде теңіз түбінен ақ мылтық тауып алып, малтып жағаға шыққан Әлжан ананың да ақ тілегінің арқасы.
Әлжан ана сәби шағында баланы емізіп отырып, еміреніп, ме­йірленіп, оның елге қызмет ететін бірегей азамат болғанын тілеген шығар…
Иә, адам тағдыры ана тілегіне де байланысты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды