«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қабылдауға неге келмейді: Білмей ме, сенбей ме?

0 25

Қарапайым халықтың мұң-зарын елемейтін, тіпті азаматтармен кездесуден қашқақтайтын шенеуніктер де бар. Бәлкім, солардың кесірінен шығар, сайлау өткеннен кейін кейбір ауылдардың тұрғындары өздері сайлаған депутаттың түрін ешқашан көрмеген. Ол ол ма, мәслихат депутаттары қарашаның арыз-шағымдарына немқұрайдылықпен қарап, кейбіреулері кездесуге өзінің көмекшілерін жібере салатын болған. Жуырда Nur Otan-ның республикалық партиялық бақылау комитетінің отырысы өтіп, жоғарыдағыдай кемшіліктер ортаға салынды.

Мәселені шеше алмаса неге отыр?

Партиялық бақылау комитеті жұмыс тобының мәліметі бойынша 2019 жылдың 8 айы ішінде партияның қоғамдық қабылдау нүктелеріне 143,3 мың адам жазбаша шағым берген. Соның ішінде 79,9 мың шағым «Е-құжат айналымы» ақпараттық жүйесіне тіркеліп, 39 пайызы оң шешімін тапқан, 54 пайызына түсіндіру жұмыстары жүргізілген, 8 пайызы әлі орындалу жағдайында екен. Халықты көбінесе әлеуметтік мәселелер (зейнетақы, алимент төлеу, мүгедектікті анықтау, материалдық көмек, баспана алу, жұмысқа орналасу, еңбек даулары), мемлекеттік органдардың заңсыз іс-қимылына шағымдар алаңдатады.
Атап айтарлығы, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің жартысына жуығы азаматтардың мәселесін шешуге немқұрайдылықпен қарайтыны анықталған. «Партияның қоғамдық қабылдауына 8 айда келіп түскен 6852 жазбаша шағымның 47 пайызы жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жіберілген. Яғни әрбір екінші арызданушының мәселесі шешілмейді деген сөз. Мұндай жағдай мемлекеттік қызметкерлер өздеріне келіп түскен арыздар бойынша мәселені шешпегендіктен, қарапайым халықты Nur Otan-ға арыздануға мәжбүрлеп отырғанын көрсетеді» деп мәлімдеді жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Nur Otan партиясының бүгінгі мақсаты – халықпен бірге болу, қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын білу, оның талап-тілегін, арыз-шағымын билікке жеткізу, билікті халықтың қамын ойлауға мәжбүр ету және елдің бірде-бір өтінішін жерде қалдырмау. Бұл құрылым қазіргі кезде бұқара мен биліктің арасын байланыстырушы қызметті атқаруы қажет, жергілікті жердегі әр адамның барлық мұң-зарын білуге міндетті. Біздің қатарымызда 800 мыңнан аса мүшелеріміз бар, олар елде не болып жатқанын бес саусағындай біледі.

(«Хабар» телеарнасына берген сұхбатында айтқан сөзі)

Халықпен кездесуді ұмытқан депутаттар

Отырыс кезінде Снежанна Имашева мемлекеттік органдар өкілдерінің, мәслихат депутаттарының халықтың өтініштерін көзге ілмей, басшылардың өзінің орнына көмекшілерін жібергені, кейбір жерлерде сайлаушылармен болмаған кездесуді өтті деп көрсеткені жөнінде нақты айғақтар келтірді. «Алға аудандық партия филиалының мәліметінде облыстық мәслихаттың депутаты Г.Латыповтың үш кездесу өткізіп, 3 адамды қабылдағаны көрсетілген. Алайда сол азаматтарға қоңырау шалып, тексергенде ондай кездесудің болмағаны анықталды. Демек, аудандық партия филиалының қызметкерлері жалған ақпарат беріп отыр» деді С.Имашева.
Оның айтуынша, халықпен жүздесуге құлықсыз шенеуніктер мен депутаттар тексеру, сауалнама жүргізілген үш өңір: Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды облыстарында анықталған. Бекітілген тәртіпке сәйкес, партия мүшелері қоғамдық қабылдауда жылына кем дегенде 4 адаммен кездесуге міндетті. Мәселен, әлеуметтік салаға жауапты Ақтөбе облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары М.Тоғжанов үш қабылдауда 3-ақ адаммен кездесіпті. Ал жыл басынан бері Ақтөбе облыстық партия филиалына әлеуметтік мәселелерге қатысты 355 арыз-шағым түскен.
Ол аз десеңіз, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары бүгінге дейін бірде-бір адамды қабылдамаған. Маңғыстау облысында да тура осындай жағдай. Әлеуметтік жағынан тұрақсыздығы басым Жаңаөзенде де халық nur otan-дық үш депутаттың бет-жүзін көруге зар болыпты. Қарағанды облысындағы Приозерск мәслихатының 10 депутаты 8 айда 1 ғана адаммен кездескен. Қарағанды қалалық мәслихатының 27 депутаты бар-жоғы 12 адамды қабылдаса, қалған 35 депутат бірде-бір кездесу өткізбеген. Негізінен алғанда, мұндай заң бұзушылықтар барлық облыстарда анықталған.
Былықтардың тағы біріне тоқталсақ, депутаттар немесе мемлекеттік басқармалардың бірінші басшылары халықпен кездесуге өз көмекшілерін жіберетін көрінеді. Мысалы, Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Б.Сәлімов пен Д.Үсенов қабылдауға көмекшілерін жіберіп, халықтың наразылығын туғызған. Снежанна Имашева талдау барысында халықпен кездесу ұйымдастырылғанымен, оған бірде-бір адамның келмегені жөнінде деректер келтірді. «Аталған үш облыста депутаттар бірнеше кездесу ұйымдастырған. Бірақ халық оны естімегеннен, білмегеннен немесе сенбегеннен келмеген. Мысалы, Қарқаралы аудандық филиалының 9 депутаты 15 кездесу өткізіп, ешкіммен сөйлеспеген. Нұра аудандық мәслихатының 9 депутаты 22 кездесуде бірде-бір адамды қабылдамаған. Осыған ұқсас жағдай Қарағанды, Шахтинск, Приозерск, Ұлытауда да орын алған» деді жұмыс тобының жетекшісі.
Ол еліміздегі елді мекендердің саны 6,5 мың екенін, өңірлерде нұротандық 3 мыңнан астам депутат барын мысалға келтірді. Айтуынша, сайлаудан соң бірде-бір депутаттың түрін көрмеген ауылдар бар. Сол ауылдағы тұрғындар қашан кімге дауыс бергенін де ұмытып қалған. «Жергілікті жерде депутаттар сөзіне құлақ аспаған соң, облысқа және елордаға сабылады. Мәселесі жергілікті жерде шешімін таппаған соң аймақтарда тұратын тұрғындардың 70 пайызы бас қалаға Nur Otan-ның қабылдау бөлмесіне келеді. Біздің қатарымыздағы кейбір әріптестеріміздің өз ісіне бұлай салғырт қарауы партияның мақсат-мүддесімен сәйкес келмейді. Ондай адамдарды партиядан шығару керек» деді С.Имашева.

Астанаға неге сабылады?

Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев өз әріптестерін формализмнен арылып, халықтың өтінішіне жүрдім-бардым қарамауға үндеді. «Халықтың сөзіне құлақ аспайтын депутаттарды Nur Otan жазалайды. Жұртпен жұмыс істей алмайтын немесе оған құлықсыздарды өз қатарымыздан шығарамыз. Қарапайым тұрғындар зар-мұңына партияның құлақ асатынына, қолдан келетін барлық көмекті беретініне сенімді болуы тиіс. Сондықтан әр адамның арызына мұқият қарау – әрбір нұротандықтың жеке жауапкершілігі» деп мәлім етті төраға.
«Астана» телеарнасының директоры, комитет мүшесі Құрманбек Жұмағали азаматтардың проблемаларын шешпейтін партия мүшелері туралы ой-пікірін ашық айтты. «Жақында партиялық бақылау комитетінің отырысына қатысып, жергілікті жерлерде қараша жұрттың арыз-шағымдары мен тілектерін ескермек түгілі еш елемейтін, қарапайым ғана өтінішін орындамақ түгілі құлағына да ілмейтін жауапсыз партияластарымның бар екеніне қынжылдым» деген бастамасына қолдау білдіремін» деп жазды ол фейсбуктегі парақшасында.
Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Мирас Шекенов азаматтарды қабылдау туралы хабарламасын әлеуметтік желілер арқылы жариялау жөнінде ұсыныс айтты. Айтпақшы, қатаң сын айтылған облыстық партия филиалдарының өкілдері ғаламтордағы байланыстың нашарлығынан, жүйе жиі істен шығатындықтан түзетілген деректер орталық аппаратқа дер уақытында жіберілмеді деген уәж айтты. «Жұмысына сын айтылған өңірлердің бәрі техниканы кінәлайды. Біз 21-ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Егер ғаламтор жұмыс істемесе, ұялы телефон арқылы екі-үш күн бұрын басшылыққа бәрін баяндауға болады. Мен азаматтардың мәселелерін шешкісі келмейтін партия мүшелерін жазалауды ұсынамын» деп сөзін жалғады Павел Казанцев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды