«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Q-ұрпақ: ұлттық иммунитет қалай қалыптасады?

0 110

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында ұлттық болмысымызды сақтап қалуға арналған бастамалар көтерілуде. Соның бірі Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы жастар арасында жүргізілетін жұмыстардың жаңа форматы мен тәсілдерін жүзеге асыру мақсатында «Ұлы дала академиясы» жобасы қолға алынды.

Әдетте, ұлттық мәселелер мен Дін проблемаларын зерттеу орталығы арасында қандай үйлесім болуы мүмкін деген ойдың болғаны жасырын емес. Бұл сауалға мекеме басшысы Жапал Долиевтің өзі жауап берді.
– Біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі – жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Алдымызға жастармен жұмыс істеудің жаңа форматын енгізу мақсатын қойдық. Осыны айқындау кезінде зерттеу жұмыстарын жүргізген едік. Нәтижесінде жастардың рухани иммунитетін қалыптастыру мақсатында орталық психологтары мен дінтанушылары «Q-ұрпақ» қалыптастыру жобасын әзірледі. Қазір латын әліпбиіне көшу қолға алынды. «Қазақ», «Қазақстан» деген атаулардың латынша Q әрпінен басталатыны белгілі. Яғни «Q – generation» ұрпақ деген мағына береді. Қазақстандық модель ретінде осылай атағанды жөн көрдік, – дейді ол. Оның пікірінше, ұлттық құндылықтарды жаңа форматта насихаттаудың уақыты келді. Тұлға қалыптастыру бо­йынша арнаулы жоспар дайындалып, нәтижесінде «Q-ұрпақтың» рухани иммунитетін қалыптас­тыратын және ұлттық кодын жаңғыртатын жаңа бастамалар жүзеге асырылатын болады. Төл ұрпақты қалыптастырудың жүзеге асыру жолдары мен жүзеге асыратын жұмыс тобының жоспары да бекітіліп қойған.

Жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сияқты дәрменсіздік

Филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы бұл ретте жобаның маңызы ерекше екенін айтады. Өйткені ұлтымызға қажет дүние. «Жалпы, ақпараттық, ғылыми-танымдық, әлемдік дүниелердің тайталасқан кезеңінде отырмыз. Қазір ғаламтор жүйе­сі, әлеуметтік желілер қо­ғамды тәрбиелеп жатыр ма, әлде бұзып жатыр ма? Егер әлеуметтік желі біздің деңгейімізді көтеріп жатса, әрине, бұл жақсы. Дегенмен желіде біреудің жазған жазбасының астындағы түрлі мәдениетсіз пікірлердің көп екенін көргенде ойлануға тура келеді» дей келе, жобаның атауына қатысты өзінің сынын жеткізді. «Q» әрпінің филолог ретінде ешқандай мағына бермейтінін алға тартты.
– Бір әріп не айтады? Тайталас жүріп жатыр деген – осы. Біз өзіміз адасып жүрміз. Сондықтан сөз де, атау да нақты болу керек. Көп идеялар айтылуда. «Ұлы дала» деген ұғымның өзі қайдан шықты? Отаршылдық кезінде ұлы даламыз бар деп шыққанбыз. Қазір сол комплекс әлі бар. Мектебімізді де әлі күнге дейін қазақ мектебі деп айтамыз. Ол онсыз да еліміздің мектебі емес пе? Басқа елдерде жазсақ жарасады, ал өз елімізде неге өйтіп жазамыз? Біз жастарға ұғым, терминологияны айтқанда жаңа сөздерді жинақтап көрсетуіміз керек, – дейді Дихан Қамзабекұлы. Профессор бүгінгі ұрпақ туралы айт­қанда, қазіргі жастардың көп кемшіліктері барын да жасырмады. Әрине, жеке көзқарасы.
– Бүгінгі жастар ақылды, ізденеді. Бірақ олардың да кемшіліктері бар. Дегенмен олар мұны кемшілік көрмейді. Артықшылық деп те ойлауы мүмкін. Біздің түсінігіміздегі классика, бұрынғы дүние, ұлы даланың жәдігерлері, інжу-маржандары туралы білмейді, оқымайды. Мұның бәрі үйде қандай тәрбие көрді – соған байланысты. Қазіргі ата-аналар қандай? Әлеуметтік, тұрмыстық жағдай қысып, азаннан кешке дейін ала сөмкесін арқалап жүргенде оны ажырату қиын. Әлеуметтік мәселелерден әлі шыға алмай жатыр­мыз. Екінші бір қиындық – жастарға тән. Олар әлемдегі болып жатқан оқиғаларды өздеріне тез сіңіреді. Қоғам ауруын жасыруға болмайды. Қазір қыз балалардың еш жерде қысылмай темекі тартатынын күнде көріп жүрміз. Бұл – қоғамның ойланатын дүниесі. Біз болашақ ата-ананы қалай тәрбиелеп жатырмыз? Әлемде интеграция жүріп жатыр деп біз де соған еріп кете береміз бе? Әлемде төлтума қасиеттерінен айырылмаған елдердің алға дамып келе жатқаны белгілі. Мысалы, Жапония, Финляндия төлтума мәдениеті мен технологияларын қатар ұштастырып дамытуда.
Әлихан Бөкейханның «Жы­лап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сияқты дәрменсіздік» дейді. Ұлттың жұмысы – үлкен жұмыс. Ұлт жұмысына келгенде бәріміз атсалысып, қоғамға жауапты болуымыз керек, – деп түйіндейді ғалым.

Алғыр ұрпақтың алғышарттары

Сонымен, «Ұлы дала академиясы: рухани иммунитетті нығайту жолымен Q-ұрпақты қалыптастыру» жобасымен кеңінен таныс­тық. Оны жүзеге асырудың бес қадамы бар екен. Біріншісі – жұмыс тобын құру. Екіншісі – сарапшылар тобын құру. Оның құрамына тарихшы, этнограф, психолог, педагог, дінтанушы, теолог, философ, филолог секілді мамандар кіреді. Үшіншіден, ақпараттық-түсіндіру тобының құрамына «Ақсақалдар алқасы», «Әжелер әлеуеті», «Орта буын», «Келіндер клубы», «Арулар мектебі» тартылмақ. Одан кейін топ жұмысының жалпы және жекелей жоспары әзірленеді. Бесіншісі – әдістемелік-көрнекілік құралдармен қамтамасыз ету жолға қойылмақ.
Ал айтылған ұсыныстардың өзі ауқымды. Жалпы, ұсыныстардың қатарында мектептерде ақысыз домбыра үйірмелерін ашу, мектеп оқушыларының ас мәзіріне қымыз, шұбат, бауырсақ, құрт енгізу, еңбек сабағы бағдарламасына ұсыныстар енгізу, оқушылардың ай сайын театрға баруын қамтамасыз ету, балабақшаларда қазақ батырларының анимациялық қойылымдарын қою қарастырылған. Ал жеке ұсыныстардың ішінде жастарды жас мөлшеріне сәйкес топтастыру, «Ақсақалдар алқасы» мен «Әжелер әлеуетін» балалар үйіне жұмылдыру, қарттар үйіндегі қарттарға құрмет көрсету бар.
– Дін таңдау барысында ислам дінін таңдаған қазақтың бүгінгі ұрпағының жолын түрлі кереғар ағымдар кес-кестеуде. Осы ретте адаспаудың ал­дын алатын «Қазақстан Рес­публикасында діни экстре­мизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» басты құжатымыз болуы тиіс. Ұлы дала академиясында қалыптасатын Q, яғни «алғыр» ұрпақтың атасы иманды, шежірешіл, баталы, кез келген тығырықта тәжірибеге сүйене отырып шешім ұсынатын, сөзі мен ісі дөп түсетін, әжесі мейірімді, жылы сөзге бай, қолөнерге баули алатын, өсиеті терең, жүзі шуақты, алақаны аялы, әкесі өз өмірін бір жолға қоя алған, өз ісін беріліп әрі толық орындайтын, досы көп, әділдікті ғана жақтайтын, әлемдегі оқиғаларға өзіндік пікірі бар, ал анасы бесік жырын білетін, әдеп-ақылы аналығы мен келіндігіне тең жететін, ұлына тілекші, қызына құрбы болатын, сабыры бір әулетке шуақ шашатын болуы керек, – дейді жоба туралы орталықтың бөлім басшысы Гүлмира Серікбаева.

Жастарға мүшеқап емес, салтты тарату керек

Ұлттық код – тарихы терең төл тарихымыз, салт-дәстүріміз, ешкімге ұқсамайтын қазақы болмысымыз. Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы біздің әр салт-дәстүріміз ұл-қыздарымыздың те­мірқазығы болуы керектігін еске салды.
– Біз жастарға мүшеқап емес, салтымызды таратуымыз керек. Неке туралы Құранның сүрелерін ұлға да, қызға да құйып отырған абзал. Біздің ең басты насихаттайтын жұмысымыз – қыздың тәр­биесі. Оған ертерек «үй боласың, ана боласың» деп сіңіруіміз керек. Уақыты келгенде «Теңіңді тап, тұрмысқа шық, саналы ұрпақ тәрбиеле» дегенді ашық айтқан жөн. Ал ұл балаға үйдің иесі екенін сезіндіріп, жауапкершілікпен тәрбие­леу керек. Отбасындағы тәрбие – қазақтың жыры, эпосы, фольклоры. Алланың маңдайымызға жазған игілігі – ауыз әдебиетіміз. Сондықтан бала туғаннан бастап бесік жырын айтсақ, соның ішінде барлық ананың арманы, тілегі айтылады, – дейді Оразкүл Асанғазы.
Бесік жыры демекші, жоба аясында арнайы қа­былданған қарарда дала фольклоры мен музыкасы әр қазақтың бойын­дағы ұлттық кодтың те­­­ті­гі екені, сол үшін де ұл-­
қы­зымыздың санасына фоль­клор, құлағына күй, тіліне мақал-мәтел сіңіру­дің құра­лын қолға алу маңыз­ды екеніне назар аударылған.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды