«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Путин дәуірін ұзартты

0 44

Өткен аптаның соңында әлемдегі екі бірдей державада мемлекет басшылары қайта сайланды. Сенбі күні Бүкілқытай халық өкілдері жиналысында депутаттар Си Цзиньпинді бірауыздан ҚХР төрағасы етіп атқа қондырды. Жексенбіде Ресейде ел тұрғындарының аса басым бөлігі Владимир Путинді қолдап, дауыс берді.

Біздің ендігі әңгімеміз Ресейде өткен сайлау мен соның төңірегіндегі оқиғаларға қатысты болмақ. Жасыратыны жоқ, бұл аламан бәйгеде Владимир Путиннің айбыны асып, айдыны озып келетініне әу бастан ешкім алабөтен күмәндана қоймаған еді. Тіпті онымен бірге сайысқа түскен үміткерлердің өзі президенттің өз орынтағына қайтадан отыратынына шүбә келтіре алмаған. Бірақ оның осы жолғыдай рекордтық көрсеткішпен – 76,66 пайыз дауыспен жеңіске жетуі саясат серкелерінің өзін қайран қалдырды. Екінші орынға электораттың 11,80 пайызы қолдаған КПРФ кандидаты Павел Грудинин шықса, үшінші орынға 5,66 пайыздық дауыс алған ЛДПР серкесі Владимир Жириновский орналасты.
Қазір көптеген саяси сарапшылар мұның сырын өздерінше түсіндіруге әрекет етіп бағып жатыр. Олардың басым бөлігі жұрттың іс басындағы мемлекет басшысын бірінші кезекте Ресейдің бұрынғы айбатын арнасына келтірген тұлға ретінде бағалап, құрмет тұтқаннан қолдағанын алға тартады. Шыны керек, 1999 жылы елді кезегі ыдырауға қарап, ыңыршағы айнала бастаған кезінде қабылдап алған Путин оны бірнеше жылдан кейін іс жүзінде әлемдік деңгейдегі держава дәрежесіне қайта көтеруді бастап кетті. Бәрін тереңнен теріп, ораммен ойластыратын орнықты басшының арқасында ресейліктер өз мемлекеттері үшін мақтана алатын мақсатқа жетті. Путин ғасырдың басынан бастап мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын әдемі үйлестіре білді. Осы 18 жылдың ішінде табанынан тік тұрып алған Ресей ақырында Одақ тарағалы бері бір полярлы дүниенің делбешісі болып алған АҚШ-тың үстемдігіне қарсы тұра алатын негізгі күшке айнала бастады.
Тап сайлау қарсаңында Ресей президентінің беделін күрт көтеріп жіберген тағы екі елеулі оқиға болды. Оның біріншісі – Владимир Путиннің 1 наурыз күні Федералды жиынға арнаған дәстүрлі жолдауындағы «жеңімпаз қару» жасап шығарғандары жөніндегі мәлімдемесі сол заматында бүкіл әлемге тарап, өктемдіктің өзегінен өңін түзетіп жүрген талай тарапты дүр сілкіндірді. Негізі, ол аталмыш жолдауын реті бойынша 2017 жылдың соңында жариялауы керек еді, бірақ ке­йінге шегеріп, сосын сайлауға екі аптадан аса уақыт қалғанда ғана мағлұм етті. Мұнысы бекер емес екен. Жаһан жұртшылығын бұлт­сыз күнгі найзағайдай теңселтіп өткен бұл оқиға президенттің Ресей халқы алдындағы абыройын сол бойы тіпті аспанға шығарып жіберді. Егер бұл Путинді асқақтатып тастауға қатысты ішкі фактор болса, елден тысқары жақтан соғатын сыртқы фактор да тым көп күттірген жоқ. Ол Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэйдің Солсбери кентінде тұрып жатқан ресейлік бұрынғы барлау­шы Сергей Скрипальдің уланып қалуына байланысты 12 наурыз күні парламентте сөз сөйлеп, бұған кінәлі ретінде Кремльді атап көрсетіп, қатаң шаралар белгілеуінен көрінді. Бұл нақтылы дерекке сүйенген уәлі сөзден гөрі құр қоқан-лоққыға ұқсап кеткендіктен, Ресей басшысының беделіне бедел қоспаса, оны титтей де кеміте қойған жоқ, қайта жұрттың оның төңірегіне топтаса түсуіне әсер етті.
Тағы бір сарапшылар Путиннің президенттігі кезінде, бұдан тура төрт жыл алдын, тура осы 18 наурыз күні Қырымды қайтарып алуға қол жеткенін де оның активі қатарына жатқызып жүр. Олар 1954 жылы Одақты Никита Хрущев басқарып тұрған кезде Украинаға беріліп кеткен түбектің тарихи меншігіне қайта оралғаны деп санайды. Бұған қоса, сарапшылар бұл жолы Владимир Владимировичпен үзеңгі қағысып, қатарласа шаба алатын шабандоздың бола қоймағанына назар аударып жатыр. Осы ретте бір саясат сардары ол басқалардай дүрлігісті дебатқа қатыспаса да, осы уақыттарда елдің еңсесі мен ертеңі үшін орасан зор жұмыстар жасағанын алға тартады.
Шынында да, сайлау алдындағы күндер Ресей үшін үлкен дүрлігіспен өтті. Ол Британия үкіметінің манағы экс-барлау­шының уланып қалуына байланысты Ресейді қаралап, 24 сағаттың ішінде осыған жауап қайтару жөнінде қойған ультиматумынан өріс кезді. Сол екі арада АҚШ президенті Дональд Трамптан «бата алған» Тереза Мэй Ресейді Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің талқысына ұсынды. Кеңес бұл мәселені тез қарады. Бірақ Лондонның отставкадағы офицерді Ресей арнайы қызмет органдарының қызметкерлері өлтірмек болды деген жорамалы Құрама Штаттардың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хэйлиден өзге ешкімнен тікелей қолдау таппады. Қытай өкілі бұған қарсылық білдіріп, дәлелдің жеткіліксіз екенін ашып айтты.
Әлбетте, Ресей өздерінің қарап қалмайтынын сол бойда жеткізді. Кеше бұл елдің Сыртқы істер министрлігі де әріптестерінің шарасын айна-қатесіз қайталап, Альбион елінің 23 дипломатына Ресей территориясынан кетуді талап етті. Мәскеу сонымен қатар Ұлыбританияның консулдығын да жапты. Бұдан әрі Білім министрі Британия­мен бірлесе жүргізіліп жатқан оқу бағдарламасының шұғыл түрде жабылатынын мәлімдеді.
Сөз соңында Ресейдегі президент сайлауының жүргізілу жү­йесінен біздің де үйренетініміз көп екенін айтқымыз келеді. Онда, ең алдымен, дауыс беру үдерісін техникалық жағынан жарақтандырылуы жағы бұрынғыдан көп ілгері кетіп қалғанын айтуға болады. Мәселен, сайлау учаскелерінде болып жатқан жағдайды көрсетіп тұратын бейнекамералар саны күрт артқан, ал олардың интернет желісіне түсіп тұрған трансляциясының сапасы көп жақсарған. Ресейдегі барлық сайлау учаскелерінің 80 пайызға жуығында интернет пайдаланушылар дауыс берудің барысын қадағалап тұруға мүмкіндік алды. Сол сияқты бірқатар учаскелер әдеттегі урналардың орнына бюллетеньдерді өңдеуден өткізетін арнайы кешендермен жабдықталыпты. Осындай жаңалықтың арқасында сайлаушылардың дауыстарын санау бірнеше есеге жылдамдатылған. Бұған қоса, бір сайлаушының бірнеше бюллетень сала кету мүмкіндігінің жолы бірден кесіледі. Бүкіл елде мұндай 13,5 мың автоматты кешен іске қосылған.
Бұдан бөлек, соңғы жылдарда бірінші рет дауыс берудің де тәртібі өзгерген. Айталық, 18 наурыз күні ресейліктер сайлау учаскесіне келмей-ақ дауыс беруге қызмет ететін «Мобильді сайлаушы» қызметін де пайдаланған. Бұл үшін сайлаушыға көп функциялы орталыққа немесе мемлекеттік қызмет көрсету сайтына алдын ала тіркеліп қойса жетіп жатыр. Онда дауыс беру кезінде жалғандыққа бару мен арандату жасауға да жол берілмейтіндей етіп қойылған.
Жалпы, Ресейдегі сайлауда шетелдік 300 бақылаушы қызметте жүрді. Олардың тарапынан пәлендей қатты сын айтылған жоқ. Сайлаудың барысы жұрттың бәрінің көңілінен шыққан сияқты.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды