ПСИХОЛОГ МАМАННЫҢ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНГЕН ЖӨН

IMG_0366

 

 

 

 

Клара ЕРЖАНОВА, «Астана қаласы әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

ПСИХОЛОГ МАМАННЫҢ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНГЕН ЖӨН

 

 

– Есімім – Гүлсара. Ген­дерлік теңдік мәсе­лесіне қатысты пікіріңізді білсем деймін. Сіздіңше, әйелдердің билікке араласуы дұрыс па?

– Біздің халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы деп ба­ғалаған. Бұрын «әйел теңдігі» ұғымы мәселе болса, бүгінгі күні ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясатқа ұласып отыр. Дегенмен, әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету қоғамымызда әлі де болса кездесіп қалып жатады. Осыған орай 2010 жылы елімізде тұңғыш рет «Тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» арнайы заң қабылданды. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Президенті жанында отбасы істері және отбасылық-демо­гра­фия­лық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссия жұмыс істейді. Мемлекет басшысы бекіт­кен гендерлік теңдік стратегия­сы негізінен ерлер мен әйел­дердің теңдігіне қол жеткізу мақсатындағы билік пен қоғам­ның өзара тиімді әрекет етуіне бағытталып шығарылған заң. Қазіргі кезде бұл саясатқа Елба­сының өзі мән беруде. Әйелдерді саясатқа, үкіметтік билік органдарына, экономикаға, бизнеске қатыстыру ісі бүгінде жақсы жолға қойылған. «Әйел бір қо­лымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демей ме? Бүгінгі күні әйелдер қоғамымыздың барлық салаларында да белсенділік танытуда. Олар қандай қызмет атқарса да, аналық міндетін атқара отырып, үлкен жауапкершілік пен сенімділіктің, жоғарғы кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, уақыт көшінен қалмай, бола­шаққа деген сенімнің зор ұйыт­қы­сы болуда. Әйелдердің белсен­ділігі бізді қатты қуантады. Үйде бала-шағасының жағдайын жа­сауға үлгеріп жатса, олардың билікке араласуларына өз басым қарсы емеспін.

                                                                                                                                                  

– Астанада он бес жылдан бері тұрып жатырмын. Сіздің осы жылдар аралығында аталмыш қоғамға жетекшілік етіп жүргеніңізді білеміз. Бұл салада көп жылдан бері еңбек ете жүріп, талай адамдардың тағдырына араша түскен боларсыз?

– «Астана қаласының әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігіне жетекшілік еткеніме он тоғыз жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында бірлестік ар­қылы әйелдермен, жасөс­пірімдер мен жастарға 230 сағат жеке кеңес беру ұйымдастырып, басқа да үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе әрекет етудің нәти­- ­жесінде түрлі жобалар аясында 100-ге жуық тре­нинг өткіздік. Рас айтасыз, бізге баласымен тіл табыса алмаған ата-аналар, күйе­уінен зәбір көрген келін­шектер, жігіттерінен алдан­ған қыздар жиі хабарласады. Мүмкіндігінше, олардың әрқайсысымен жеке-жеке кездесіп, көмектесуге ты­рысамыз, тығырықтан шы­ғу­дың жолын көрсетеміз. Жалпы, қыздарымызға мейірімді де нәзік болу үшін олардың бет-жүзін әдемілеп қана қоймай, жасына тән спорт түрімен айналысуы керектігін де түсіндіріп отырамыз. Осы бағытта көптеген шаралар ұйымдастырып ке­леміз. Бұл ретте жастарды болашақ өмірге даярлау, адами құндылықтар мен ұлттық тәрбиені дәріптеу, насихаттау ата-ана, ұстаз, әрбір азаматтың абырой­лы парызы екендігін ес­тен шығармауымыз керек. Мұнымен тиісті мекемелер айналысады ғой деп ай­наламыздағы құбы­лыстарға немкетті қарамай, қоғамдағы келеңсіздіктермен бірлесе күресуге тиіспіз. Біздің бірлестік пен Астана қаласы әділет депар­та­ментінің мұрындық болуы­мен «Жас отау клубы» ашылған болатын. Ол отау тіккен жас жұбайларға отбасы құндылықтарын қастерлеп, оны сақтауды үйретеді. Бүгінде қым-қуыт тіршіліктің соңында жүріп, ақыры «түсінісе алмадық» деген уәжбен айырылысып кетіп жатқан жұптар көп. Осылайша, ортақ тіл табыса алмаған ерлі-зайыптылардың клубқа келіп, психолог ма­манның кеңесін тыңдап қайтуға мүмкіндіктері бар.

                                                                                                                                                  

– Сәлеметсіз бе, Клара Ескендірқызы?! Қаракөз қыздарымыздың өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуына қалай қарайсыз?

– Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Әрине, адам болған соң, олардың махаббат, сүйіспеншілік, бір көргеннен ғашық болу секілді сезімдерді бастан кешіруі әбден мүмкін. Сондай қыздардың талайын көріп жүрміз ғой. Тұрмыс құру, ол – әркімнің жеке ісі болғанымен, біздің ұлтқа тән салт-дәстүрге жетер ештеңе, өзіміздің ер-азаматтарға тең келер ешкім жоқ. Әсіресе, шетелдікке тұрмысқа шыққан қыз бала өзінің елін, жерін, үйін сағынады. Мұның соңы ажырасуға әкеліп соғады. Сондықтан ата-анасы үйінде мұның дұрыс еместігін, қазақтың жігіттері де ешкімнен кем емес екендігін айтып, түсіндіріп отырса, қыздарымыз көрінгеннің жетегінде кетпес еді.

                                                                                                                                                  

– Кейінгі кезде баламның мінезі өзгеріп барады. Әкесіне қарсы шығады. Қандай кеңес берер едіңіз?

– Біздің бірлестік қаламыздағы жоғары категориялы психолог Наталья Николаевна Семененко жетекшілік ететін «Келешек» орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Ол тек Астанада ғана емес, барлық облыс орталықтарында шеберлік сыныптарын өткізіп жүр. Сол кісінің жұмысының арқасында біз бір емес, бірнеше отбасын ажырасудан аман алып қалдық. Сонымен бірге әке мен бала арасындағы шешілмеген күрделі проблемалардың оңтайлы шешілуіне ықпал ете отырып, тәрбие мәселелеріне қатысты бірнеше әдістемелік құрал шығардық. Бұл жөнінде толық ақпаратты ғаламтор желілерінен де алуға болады. Бала мінезінің өзгеруіне байланысты айтарым, егер ол сіздің сөзіңізге құлақ аспаса, айтқаныңызға көнбесе, психолог маманның көмегіне жүгінгеніңіз жөн.

                                                                                                                                                  

– Келін болып түскеніме көп бола қойған жоқ. Айтқанын істесем де, енеме жақпай-ақ қойдым. Ол кісінің көңілін қайтсем табамын?

– Енеңіздің сізді бірден жақсы көріп кетуі, әрине, екіталай. Ол кісі үшін сіз әлі бөтен адамсыз. Сондықтан, енеңнің емес, алдымен күйеуіңнің көңілін табуға тырыс. Жолдасыңмен арадағы сыйластықты сезгеннен кейін енең оны бағаламай қоймайды. Сонымен бірге енеңнің айтқандарын да жерге тастама. Өзің жақсы болсаң, өзгелердің сені жек көруі мүмкін емес. Бөтен үйге үйренісу, әрине, оңай шаруа емес. Мұның бәрі уақыт өте келе қалпына келеді. Сондықтан сәл шыдамдылық танытып, жан-жағыңдағыларды түсінуге тырыс.

                                                                                                                                                  

– Мен – Берік Сүйіндіковпін. Бүгінгі таңда жастар арасында өзінеөзі қол жұмсау жиі кездесуде. Онымен қалай күресуге болады?

– Дәл осындай мәселемен біздің қоғамдық бірлестікке бір әйел хабарласты. Өзі екі баланың анасы екен. Баласы жауапсыз махаббаттың құрбаны болған. Соның салдарынан өзіне-өзі қол жұмсауға бел буғанын, бірақ туыстары мұны дер кезінде байқап, өлімнен арашалап қалғанын айтқан әлгі әйел күндердің бір күнінде баласы осы әрекетті тағы да қайталай ма деп уайым­дайтынын жасырмады. Мен оған психологқа баруға кеңес бердім. Әбүйір болғанда, баласы қарсы болмады. Сөйтіп, оған бір апта бойы психологиялық көмек көрсетілгеннен кейін бала біртіндеп алғашқы райынан қайтты. Қателігін мойындап, қазір оқуын оқып жүр. Анасымен жиі хабарласып тұрамыз. Жалпы, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жыл сайын әлемде 1 млн адам осындай жағдайдан көз жұмса, олардың 8 мыңға жуығы Қазақстанға тиесілі екен. Әдетте, ата-аналармен, ұстаздармен ара­дағы келіспеушіліктер суицидке әкеп соғуда. Ол көбіне жал­ғыздықтан, ешкімге ке­рек­сіздікті сезінуден туындайды. Бүгінде оның алдын алу тұтастай мемлекеттің мәселесіне айна­лып отыр. Сондықтан бұл іске барлығымыз бірлесіп, күш жұ­мылдыруымыз қажет. Ме­ні­ң­­­ше, ата-ана баласымен жиірек бірге болып, әңгімелесіп, оның немен айналысып жүргенін, кім­дермен араласатынын, оны не қызықтыратынын біліп отыруы керек. Сонда мұндай жағдайлар азаяр еді деп ойлаймын.

                                                                                                                                                  

– Жасөспіріммін, мектепте оқимын. Жігітім оқуды бітірген соң, үй­ле­неміз дейді. Ал, менің аяғым ауыр. Не істеймін? Қайда барсам екен?

– Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жүктілікті сақтау немесе үзу үшін тек 18-ден асқан азаматтар ғана өз еркімен дәрігерге қарала алады.  Жасыңыз он сегізге толмағандықтан, дәрігер сізді ата-анаңыздың бірімен немесе асыраушыңызбен бірге ғана қабылдайды. Сондықтан, алдымен болған жайтты анаңызға айтқаныңыз дұрыс. Ол әрине, айқайлайды, ашуланады, тіпті, жылауы да мүмкін. Түптің түбінде жөнді ақыл беретін де тек сол адам екенін естен шығармаңыз. Егер анаңызға шындықты айтуға батылыңыз жетпесе, психологқа барыңыз. Қаламыздағы емханаларда жастар орталықтары жұмыс істейді. Сонда баруыңызға да болады.

 

 

Сонымен қатар

Қадірлі оқырман!

«Оқырманнан – он сұрақ» айдарының кезекті қонағы – эстрада әншісі Нұржан Керменбаев. Көкейіңізде жүрген сауалыңыз …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған