«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Президенттің өз өкілеттіктерін беруі – ерекше батыл қадам

0 80

2017 жылы 10 наурызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Отандық ғалымдар, халықаралық сарапшылар «Үздік реформа» деп баға берген бұл реформа Президент, Парламент, Үкімет арасындағы билік өкілеттіктерін қайта бөлуді, елдегі ахуалға билік тармақтарының жауапкершілігін арттыруды көздейді. 30 тамыз – Конституция күніне орай біз Сенат депутаты, Инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаевпен осы тақырыпта ашық әңгімелескен едік.

– Асқар Асанұлы, өткен жылғы конституциялық реформа билік бұтақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуді қарастырады. Соның бірі Парламент пен Үкіметтің өкілеттіктерін кеңейту болып табылады. Осы өзгерістер туралы айтып беріңізші.
– Өздеріңіз білетіндей, 1995 жылы Ата Заңымызды бүкілхалықтық референдумның нәтижесінде қабылдадық. Оның алдында қыруар жұмыс­тар жүргізілді. Конституцияны дайындайтын үлкен жұмыс тобы құрылып, оған тікелей Елбасымыздың өзі басшылық етті. Атап айтарлығы, Президент өз қазағына, еліне қажетті деген нормаларды сонау 90-жылдары әзірлеп, Негізгі заңға кіргізіп қойғанын біле бермейміз. 23 жылға жуық уақытта осы Ата Заңымыз өзінің барлық әлеуе­тін көрсетті, дәлелдеп берді. Алайда заңның тірі ағза екендігін, замана талабына сәйкес өзгеріп отыратынына көзіміз жетті. Уақыттың өзі осыны дәлелдеп отыр. Өткен жылы еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде Президенттің бірқатар өкілеттіктері Парламентке, Үкіметке берілді. Парламенттің қос палатасының да өкілеттіктері жоғарылады. Мысалы, сенаторлардың: «ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкілді Сенат тағайындасын» деген ұсынысы өтті. Бұдан былай жоғарғы палата ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкілді 5 жылға тағайындайды және қызметінен босата алады. Үкіметте тағайындалатын министрлердің Парламент палаталарының тиісті комитеттерінің мақұлдауынан өтуі, Үкіметтің Парламенттің алдында есеп беруі, міне, бұлардың бәрі Парламенттің өкілеттіктерін күшейтеді.
– Үш министр: Қорғаныс, Сыртқы істер және Ішкі істер министрін Президент өзі та­ғайындайды, ал қалғандарын Премьер-министр Президентке ұсынады, Президент оны Парламент палаталарымен келісіп барып тағайындайды. Солай ғой?
– Иә, үш министрді Президент өзі тағайындайды. Есіңізде болса, былтырғы реформада «Ішкі істер министрін Парламент тағайындайды» делінген нұсқаны қызу талқыладық. «Бұл қыз­метті атқаратын адам тікелей мемлекет қауіпсіздігіне жауап беретіндіктен, оны Елбасының өзі тағайындайды» деп түзеттік. Мұндай түзетулер – Ата Заңымыздың өте сапалы, замана талабына сай дайындалғанының дәлелі.
– Қазақстан президенттік басқару жүйесінен парламенттік басқару жүйесіне көшуді қолға алды. Алайда президенттік билік сақталады ғой. Ал Парламенттің елдегі ахуал­ға қатысты жауапкершілігінің артатынын неден көре аламыз?
– Иә, бізде президенттік бас­қару жүйесі. Бұл жүйе өзі­нің өміршеңдігін, тиімділігін толық дәлелдеді. Әсіресе, сонау 90-жылдардағы ең қиын кезеңдегі сынақтардан президенттік басқарудың арқасында сүрінбей өттік. Мысалы, қазір Түркия парламенттік басқару жүйесінен президенттік басқару жүйесіне көшуде. Әрине, таңдау жасау – әркімнің, әр ұлттың өз еркінде. Біз болсақ заманның өзгеруіне қарай азаматтық, ашық қоғам құруға кірістік. Яғни халықтың билікке араласуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Міне, осыған байланысты парламенттік басқару жүйесіне өтіп жатыр­мыз. Бұл дегеніміз – халықтың билікке үстемдік етуі. Парламенттің өкілеттіктерін арттыру дегенді түсіндіріп көрейін. Бұл, біріншіден, Парламенттегі партиялардың беделін өсіру. Мысалы, Мәжілісте үш партияның фракциясы бар. Партия дегеніміз – билікке таласатын қоғамның бір құралы. Бір партияның көзқарасын білу арқылы күллі қоғамның ой-пікірін білуге, оны дамытуға болады. Сенатта жергілікті жерлердің өкілдері топтасқан. Ол жерде әр өңір, облыс, республикалық маңызы бар қалалардың өкілдері отыр. Көп ұзамай республикалық маңызы бар үшінші қалаға айналған Шымкенттің депутаты сайланады. Міне, сол өңірлердің депутаттары халықтың ең көкейкесті мәселелерін көтеріп, Үкіметке жеткізеді. Бұл жерде Үкімет пен Парламенттің өзара қарым-қатынасы аса маңызды. Яғни қабылданған заңдардың, бағдарламалардың, мақұлданған жобалардың іске асырылуын, оның тиімділігін, қаншалықты халықтың мүддесіне жұмыс істейтіндігін тексеруге депутаттар белсеніп кірісуі тиіс. Парламент қоғамның, мемлекеттің дамуы үшін өзіне жүктелген рөлін толық атқаруы керек. Парламенттің жауапкершілігі деген – осы.
– Ал Президент Үкіметке қандай өкілеттіктер берді? Соған да тоқтала кетсеңіз…
– Үкіметке мемлекеттік бағ­дарламаларды, ортақ қаржыландыру жүйесін бекіту, бюджет саласы қызметкерлерінің айлығын айқындау құқықтары берілді. Президенттің өз өкілеттіктерін беруі – өте батыл қадам. Себебі мемлекет басқарып отырған адамның өз өкілеттіктерін беруі – тарихта өте сирек кездесетін дүние. Жоқтың қасы деуге болады. Керісінше, барлық мемлекет басшылары билікті толық өзіне алғысы келеді. Елбасының ойлағаны өте тереңде жатыр. Өйткені Үкімет – бұл мемлекеттің дамуына қажетті үлкен институт. Осы институттың келесі бір даму сатысына көтерілуіне аванс беріп, сенім білдіріп отыр. Үкіметіміз осы сенімді дұрыс пайдалана білуі қажет. Бұл жерде Үкіметтің барлық жұмысы дұрыс дей алмаймыз. Кемшіліктері бар. Ендеше Үкімет осы кемшіліктерге өзі жауап беруге тиіс. Сондай деңгейге жетеді деп үміттенеміз. Бұл мәселеге екі тұрғыдан қарауға болады. Біріншісі – Елбасының өз өкі­лет­тіктерін Парламент пен Үкіметке берсе, екіншісі – үлкен жауапкершілікті де тапсырып отыр. Соны сезініп, әрқайсы өз ісіне жауап беретіндей институтқа айналған абзал. Міне, осыны бәріміз дұрыс түсінейік.
– Елбасының мәртебесіне қатысты Конституцияға қандай толықтырулар енгізілді?
– Президенттің Қазақстанның егемендігін алуына, шекарасын шегендеуіне, дүние­жүзілік аренада бүгінгідей деңгейге көтерілуіне қосқан өлшеусіз еңбегін біз Ата Заңымызда нақтылап, айқындадық. Өз басым мұны Нұрсұлтан На­зарбаевтың ұшан-теңіз еңбегінің лайықты бағаланғаны деп есептеймін. Мемлекетіміздің дамуында да, қоғамның осы сатыға өтуінде де Елбасымыздың еңбегі орасан зор. Қаншама бағдарламалар қабылдадық. Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс дейміз. Бұл – тек Қазақстан қоғамын ғана емес, күллі дүние жүзіндегі қарым-қатынастарды өзгертетін бағдарлама. Қазір біз жаңа кезеңге, жаңа дәуірге аяқ бастық. Бірақ қаншалықты соған дайынбыз? Осы жөнінде терең ойланайық. Елбасының көтерген барлық бастамалары – Қазақстанның болашағына деген алаңдаушылық. Біз әрқайсымыз жаңа заманның өзгерістеріне дайын болсақ, еліміз де өзінің орнын табады. Ол үшін Ата Заңымызға сәйкес, тиісті заңдарды, құжаттарды дер кезінде қабылдап, күллі қоғамның дамуын дұрыс бағытта ұстай алуға тиіспіз. Олай етпесек, жылдам өзгеретін заманда кез келген мемлекет, кез келген адам өзінің орнын таппай қалуы мүмкін. Мысал айтайын. Қазіргі таңда ең мықты, алып мекемелердің өздері, консалтингтік, трансұлттық компаниялар бір күнде жойылып кетіп жатыр. Финдердің «Нокиа» атты алып корпорациясы кезінде мемлекеттің мақтанышы болатын. Ал қазір ол қайда? Дер кезінде белгілі бір өзгерістерді қабылдай алмағанының нәтижесінде осындай күйге ұшырады. Бізді де үлкен қиыншылықтар, таңғаларлық өзгерістер күтіп тұр. Соған толық дайын болуымыз керек.
– Ата Заңымыздың өміршеңдігін, тиімділігін еліміздің қарапайым азаматы ретінде қалай сезінесіз?
– Өзге ұлтпен салыстырсақ, қазақ халқының заңға деген құрметі ерекше. Жазылған заң бар, жазылмаған заң бар. Мәселен, Әз Тәукенің заманындағы «Жеті жарғыдан» бастап, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы деген атаулар бердік. Ауылда заңның рөлін билер атқарды. Әр қазақ сол билерге жүгініп, дау-шарды шешті. Қазақ бидің кесімін, шешеннің өсиетін екі етпеген. Бұл – біздің ежелден заңға бағынып, құқықты құрметтеген халық екеніміздің көрінісі. Яғни жеке бастың мүддесінен гөрі, ұлттың мүддесін жоғары қоя білген елміз. Бүгінгі Ата Заңымыз да сол ұлттық заңдарымыздың жалғасы, үрдісі. Заман өзгерген кезде, әр кез заңды жаңалайтын сәтте Ата Заңымызбен салыстырамыз. Сол кезде оның әлеуетінің зор екеніне көз жеткіземіз. Өз басым, Қазақстанның азаматы ретінде, Ата Заңымызды мақтаныш етемін! Меніңше, мемлекеттің, қоғамның дамуы үшін оның ішінде барлық мүмкіндіктер бар. Тек өзіміз көре білуіміз керек.

Әңгімелескен
Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды