«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Президент саябағын көп болып қолға алсақ…

0 55

Елордадағы «Гранд Астана» тұрғын үй кешеніне көшіп келгенімізге бірнеше жылдың жүзі болды. Қаланың қақ ортасында қоныс тепкендіктен, айналамыз­да әрлі-берлі серуенге қолайлы жерлер көп-ақ. Әсіресе, Президенттік саябаққа баруды ұнатамыз. Алайда әр барған сайын қарын аштырар көрініске куә болып қайтатынымыз шындық.

Солтүстік жағынан – Байтұрсынов көшесімен, оңтүстік жағынан – Нәжімеденов көшесімен, батысында – Ақ Ордамен, ал шығысында Бейбітшілік және келісім сарайымен шектесіп, өзен жиегінде жатқан бұл парк – бүгінде шаһарымыздағы ең ірі саябақ. Оның аумағы 80 гектарды құрайды. Өзі 2007 жылы астанамыздың он жылдық мерейтойына орайластырылып ашылыпты. Аты да, заты да дардай парктегі субұрқақ-гүлзарлар, тіпті, жол жиегіне, өзен жағасына орнатылған орындықтардың материалынан-ақ әу баста аз қаржы жұмсалмағанын байқауға болады. Бірақ саябақтың бүгінгі көрінісін көргенде, сол ақшаның есіл кеткені ме деп қарның ашады.
Мұндағы көзге түсетін ең бірінші нәрсе – жайрап жатқан қоқыс қалдықтары. Аузы-мұрнынан шығып тұрған қоқыс жәшіктері уақытылы тазартылмайтыны көрініп тұр. Негізі, жәшіктің толы екенін көріп, босаған бөтелкеңді сөмкеңе салып алып, басқа жердегі жәшікке де тастауға болады ғой. Ондай мәдениеттің бізде қалыптасуы үшін қанша жыл керек екенін білмеймін. Әйткенмен, ­қызығы, психология ғылымында тұрғындардың осындай қылығын түсіндіретін «сынық терезе теориясы» бар екен. Ол түсінік бойынша, әлдебір жерде тәртіпсіздік көрініс тапса, оны дереу жою керек, ал идеал нұсқасында сол тәртіпсіздіктің алдын алу қажет. Өйткені дәл жаңағы бірінші импульс тәртіпсіздікті одан ары қарай жалғастырады. Яғни біздің жағдайы­мызға келсек, шашылып жатқан қоқысты көрген адамдарда «Е-е-е, мына жердің иесі жоқ екен, қоқыстары жайрап жатыр, демек мұндай әрекет жасауға бізге де рұқсат» деген ой пайда болады. Парктегі қираған орындықтар туралы да осыны айтуға болады.
Қорыта келгенде айтпағым, қаламыздың тап-тамаша саябағы иесіз қалмай, бір органның қарауына берілсе екен. Тұрақты түрде ретке келтіріліп тұрған дүниеге басқалар да жанашырлықпен қарай бастайды деп ойлаймын. Сонымен қатар, қазір елордада экологиялық эстафета өтіп жатыр. Түрлі ұйым өкілдері бірлесіп немесе, тым болмағанда, осы маңдағы тұрғындарды жақын маңдағы КЕГОК, Ұлттық музей сияқты үлкен ұжымдарды жұмылдырып, бір сенбілікте Президенттік саябақ аумағын қалдықтан тазартуды ұйым­дастырса деген де тілек бар.

Әнуарбек АМАНАТ,
зейнеткер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды