«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Президент сайлауына үміткерлер ұсынылды

0 54

«АУЫЛДЫҢ» ҮМІТКЕРІ – ТӨЛЕУТАЙ РАХЫМБЕКОВ

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XV құрылтайы өтті. Жиынды ашып, сөз сөйлеген партия жетекшісі Әли Бектаев белгілі инженер-ғалым, қоғам қайраткері Төлеутай Рахымбековтің кандидатурасын президент сайлауына үміткер ретінде ұсынды.

«Төлеутай Сатайұлы Ра­хымбеков – елге есімі мәлім, әсіресе ауыл халқына сыйлы азамат, экономика ғылымдарының докторы. Инженер болып еңбек жолын бастап, ауыл шаруашылығы саласында әртүрлі деңгейдегі қызметтерді атқарды. Ол – ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасын жасау­шылардың бірі. Жуырда 55 жасқа толады» деп таныс­тырды Әли Бектаев.
Құрылтай мінберінен сөз сөйлеген Төлеутай Сатайұлы өзінің азаматтық ұстанымын, бүгінгі таңдағы тол­ғақты мәселелерге қатыс­ты ой-пікірлерін ашық айтты.
Ол Қазақстан әлемдегі да­мы­ған 30 елдің қатарына кіру үшін ауыл шаруа­шылығы мен ғылымын дамытуға күш салу қажеттігін жеткізді. «Қазақстан халқының 43 пайызы ауылда тұрады. Қала мен ауылдың дамуын салыстыруға болмайды. Меніңше, ауыл халқының табысын өсіруіміз керек. Бұл мәселе ең бірінші орынға шығуы тиіс. Еліміздегі 1000-нан астам ауыл таратылды. Ендеше ауылдарды дамытатын жаңа өміршең бағдарлама дайындайтын кез келді» деді ол. Құрылтайдың соңынан делегаттар бірауыздан Төлеу­тай Рахымбековтің кандидатурасын қолдап, дауыс берді.

«ҰЛТ ТАҒДЫРЫ» ҚОСАНОВТЫ ҚОСТЫ

Кеше «Ұлт тағдыры» қозғалысы президент сайлауына үміткер ретінде танымал саясаткер Әміржан Қосановты ұсынды. «Біз бүгін бірлестіктің жиынын өткіздік. «Ұлт тағдыры» қозғалысы сайлауға қатысады және белгілі саясаткер Әміржан Қосановты үміткер етіп ұсынады» деп мәлімдеді қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Дос Көшім. Ал Әміржан Қосанов Алматыда өткен баспасөз мәслихатында сайлау додасына қатысуға дайын екенін хабарлады.

«Мен ресми түрде бұл бірлестікке мүше емеспін. Бірақ төраға қоғамдық бірлестік атынан мені ұсынатынын айтты. Бұл – үлкен мәртебе. Сайлауға түсетін кез келген адам мемлекеттік мәселелерді жетік білуі тиіс» деді Әміржан Қосанов. Ол сайлауда жеңіске жеткен жағдайда қан­дай қадамдар жасайтыны туралы ойларымен бөлісті. «Әуелі Конституция­лық Кеңес құрамын. Демократия, әділеттілік, азаматтардың мүдделері қорғалуы тиіс. Егер сайлауға біз қатыспасақ, билік басқа адамдарды табады. Олар да билікті сынайды, бірақ біз сияқты емес. Егер біз үйде отырсақ, сөзіміз ешкімге естілмейді» деген ойын айтты ол.

КОММУНИСТЕР КАНДИДАТЫН ТАҢДАДЫ

Кеше елордадағы «Park Inn» қонақүйінде Қазақстан коммунистік-халықтық партиясының кезектен тыс XIV құрылтайы өтті. Халықшыл коммунистер президент сайлауына партияның атынан қатысатын үміткерді таңдады. Ол – Жамбыл Ахметбеков. Сондай-ақ партияның сайлау алдындағы бағдарламасы жария етілді.

Орталық комитет хатшысы Айқын Қоңыров: «Біз қо­ғамдағы ең күрделі мәселелерді күн тәртібіне шығару үшін сайлауға қатысамыз. Елдегі кедейлік деңгейін қайта есептеу керек. Білім беру жүйе­сін дамытуда кеңестік тәжірибені қолданатын кез келді. Біз ЕЭО мен «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы интеграцияны қолдаймыз. Халық осы ұстанымы­мызды құрметтейді. Бізге дауыс береді деп үміттенеміз» деп мәлімдеді.
Ал Жамбыл Ахметбеков «Қоғам мүддесі үшін адал еңбек» деп аталатын партияның сайлау алдындағы бағдарламасының жобасын жұртқа таныс­тырды. Осымен екінші мәрте сайлау­ға түсетін Ж.Ахметбеков 1961 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Жантеке ауылында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын ауылда механик болып бастап, Мәжіліс депутатына дейін көтерілді. 2012 жылдың 20 қаңтарынан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Үйленген, 4 баласы бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды