«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Президент сайлауы 2019

0 28

Ғылым, білім және өндіріс

Осы үш бағыттың арасында жүйелі байланыс орнаса, еліміздің ауыл шаруа­шылығы аяғын нық басады.

Қазақстан Президенттігіне үміткер Төлеу­тай Рақымбеков Алматы облысына барған сапарында осы мәселені жергілікті мамандармен талқылады. Бұған қоса, ол жақында ашылған агробақ пен салаға қызмет ететін авиация өкілдерімен де кездесті. Үміткердің пікірінше, ауыл шаруашылығын ғарыш, авиа­ция, дрондардың жетістіктерін қолданбай, экономиканы дамыту мүмкін емес.

Шығыс жұртшылығымен жүздесті

Қазақстан Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы өкілдері Шығыс Қазақстан облысы жұртшылығымен кездесіп, үміткердің сайлауалды бағдарламасы туралы жан-жақты мағлұмат берді.
Бағдарлама сабақтастық, әділдік, өрлеу қағидаларына табан тірейтінін айтқан штаб басшысы Мәулен Әшімбаев үміткердің алдында тұрған басты міндеттер халықтың әл-ауқатын арттыру, білім беру мен денсаулық сақтау саласын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын көтеру екенін жеткізді.

Домбыра – бабалардың үні

Президенттікке үміткер Сәдібек Түгел Атырау облысының халқымен кездесіп, бабалардан қалған салт-дәстүрлерімізді көздің қарашығындай сақтауға үндеді.

Атыраулықтармен басқосу халық қолөнер шеберлерінің шеберлік дәрістерімен басталды. «Әр қазақ үшін домбыра – ұлы халықтың ұлттық рухының бір белгісі. Басқа ешбір музыкалық құрал домбырадай ұлттық рухты көтеріп, халықты біріктіре алмайды. Сондықтан әр балаға мектеп жасынан домбыра тартуды үйретейік» деді С.Түгел.

Ашық есік күнін өткізді

Президенттікке үміткер Дания Еспаева кеше ашық есік күнін өткізіп, өзінің басқа үміткерлерден артықшылығын атады. «Бұл сайлау науқанындағы тұңғыш және жалғыз әйел болуым – басты артықшылығым.

Біз Қазақстанның барлық өңірін аралап шықтық. Кездесулерде еліміздегі сайлаушылардың 52 пайызының әйелдер екенін жиі айтамын. Бір қызығы, бұл жиындарда мені әйелдер ғана емес, жастар да қолдауда. Менің бұл науқанға шығуым әйелдер де өзін ұсына алады деген демократияның белгісі болды» деп мәлімдеді үміткер.

Мерекелік флешмоб өткізді

Президенттікке үміткер Амангелді Таспиховтың сенімді өкілдері Нұр-Сұлтан қаласында және Алматы облысында мемлекеттік рәміздер күніне орай мерекелік флешмоб өткізді.

Бас қаладағы саябақта кәсіподақтардың 200-ден аса белсенді жасы жиналды. Олар би билеп, халықтың көңілін көтерді. Бимен жасалған флешмобтың кейіпкерлері кәдімгі еңбек адамдары болды. А.Таспиховтың бағдарламасы жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға негізделген.

Отандық өнімге сұраныс артуы керек

Президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбеков Өскемендегі Экономика және қаржы колледжінің оқытушы-профессорларымен және студенттерімен кездесті.

Ол халыққа сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. «ҚКХП агро­өнеркәсіптік кешен өнімдеріне тұтынушылық сұранысты ынталандыру бағдарламасымен бірге кедейлікпен күрес бағдарламасын да қабылдауымыз керек. Біздің партия оны іске асыруды және отандық өнімдерге деген сұранысты арттыруды бірнеше рет ұсынды» деді үміткер.

Ғаламторда емес, өмірде жүздескен артық

Президенттікке үміткер Әміржан Қосанов Орал қаласында болып, сайлаушылармен жүздесті.

«Әрине, заманауи технологиялар мен коммуникация­лар адамдарға ғаламторда жүздесуге мүмкіндік береді. Бейнеконференциялардың да берері мол. Бірақ ғаламторда емес, әр адаммен өмірде жүздескен артық. Сол себептен сіздерге арнайы келдім» деді үміткер. Ол басқосу барысында халықты толғандырған сауалдарға жауап берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды