«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Президент сайлауы 2019

0 39

 БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ ХАТ ТАПСЫРДЫ

Қазақстан кәсіподақтары қауымдастығының атынан Президенттікке үміткер Амангелді Таспихов сенімді өкілдерімен бірге Ақтау қаласына барды. Маңғыстау облыстық Н. Жантөрин атындағы қазақ драма театрында өткен кездесуге 200-ден аса адам жиналды. Бұл шараны аймақтық қоғамдық штабтың жетекшісі, кәсіподақтар орталығының төрағасы К.Жаулин жүргізді.

Кездесуде Амангелді Таспихов халыққа өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ еліміздегі ең ірі қоғамдық бірлестіктердің бірінің алға қойған мақсат-міндеттері жайында да сөз қозғады. Басқосуда өзекті мәселелер бойынша пікірталас өрбіді. Соңынан үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жүрген азаматтарға алғыс хаттар табыс етілді.

 ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Қазақстан Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы өз жұмысын екінші күні Алматыда жалғастырды. Алматы – қазақ мәдениеті мен руханиятының ордасы. Еліміздің ғылым, білім, әдебиет саласының беткеұстар тұлғалары осында шоғырланған. Осыған орай, штаб мүшелері ғылым ордасына барып, зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.

Кездесуде Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында ғылым саласына ерекше басымдық берілген. Атап айтқанда, жас ғалымдардың зерттеулерін ынталандыру мақсатында жыл сайын қосымша
3 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. Сондай-ақ штаб мүшелері С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің оқытушылары және студенттерімен кездесті.

ОҚЫТУ СЕМИНАРЫН ӨТКІЗДІ

Қазақстан Президенттігіне «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан үміткер Әміржан Қосанов­тың Қостанай облыстық сайлауалды штабында сайлау күні учаскелердегі дауыс беруді қадағалайтын бақылаушыларға арналған семинар өтті.

Семинардың модераторы және бапкері қыз­метін атқарған Дос Көшім бақылаушыларға өз құқықтарын, сайлау күні әртүрлі жағдайлар туындаған кездегі іс-қимылдарын түсіндірді. Танымал саясаттанушы еліміздің барлық өңірлерінде осындай семинарларды өткізуді жалғас­тыруда. Аталған шараға қатысушылар алуан түрлі тақырыптарды қозғап, өздерін толғандыр­ған сауалдарға жауап алды.

 АЛМАТЫДА ВЕЛОЖАРЫС ӨТТІ

Алматы қаласында «Ақ жол» партиясының атынан Президенттік үміткер Дәния Еспаеваны қолдауға арналған веложарыс өтті. Бұл шара Жастар жылында салауатты өмір салтын насихаттауға, туризм мен бұқаралық спортты дамытуға үндеді.
Жарысқа қатысушылардың алдында сөз сөйлеген «Ақ жол» ҚДП-ның Алматы филиалының жетекшісі Нұрлан Жазылбеков сайлауда жастарды Д.Еспаеваға дауыс беруге шақырды. Одан кейін жарыс басталды. Веложүйріктер әл-Фараби даңғылындағы Тұңғыш Президент саябағынан Торайғыров-Каблуков-Тимирязев-Байтұрсынұлы-Шевченко-Қонаев-Гоголь көшелерімен жүріп өтіп, мәдени саябақта мәреге жетті.

ӘР ТУҒАН СӘБИГЕ – 1 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН!

«Ұлы дала қырандары» қозғалысының атынан Президенттік үміткер Сәдібек Түгел әр бірінші туған балаға 1 млн теңгеден беруге, аналарға төленетін жәрдемақыны үш есеге дейін ұлғайтуға уәде етті. Үміткердің пайымдауынша, осындай қадамдар жасағанда ғана еліміздегі демографиялық көрсеткіштерді жақсартуға болады.
С.Түгел қарағандылық сәбилерге ақ батасын берді. Демографиялық саясат – үміткердің сайлауалды бағдарламасының басымдықтарының бірі. «Әр жаңа туған сәбиге 1 млн теңге берейік. Отбасында екінші бала туса – 2 млн теңге. Осылайша, 10 бала туғанда 10 млн теңгеге дейін төленіп отыруы қажет. Сонда ғана санымыз көбейеді» дейді үміткер.

ЖАСТАР АУЫЛДЫ ҚОЛДАЙДЫ!

Дәл осындай атаумен «Ауыл» партиясының атынан Прези­дентікке үміткер Төлеутай Ра­қымбековтің өңірлік штабы арнайы форум ұйымдастырды. Орал қаласында өткен жиында қазіргі жастар мәселесі, оның ішінде жұмыссыздықпен күрес, баспанамен қамту және ұлттық құндылықтарды сақтау төңірегінде сөз болды.

Ауыл болашағы – елдің болашағы. Ал оны жастарсыз елестету мүмкін емес. Төлеутай Рақымбеков үнемі ауыл жастарына жағдай жасау керектігі жайында айтады. Әйтпесе, қазіргідей жаппай урбандалудың салдары шағын елді мекендердің жойылып кетуіне әкелуі мүмкін.

БАЛАЛАР – БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ

Қазақстан Коммунистік халық партиясының атынан Президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбеков әріптесі Магеррам Магеррамовпен бірге Талдықорған қаласындағы балаларды қорғау күніне орай шар ұшыру акциясына қатысты.
Ж. Ахметбеков балаларды мерекесімен құттықтады.

Ол өз сөзінде саналы, білімді ұрпақты тәрбиелеу біздің қоғамның басты мақсаты екендігін атап өтті. «Адам үшін өмірде баладан асқан байлық жоқ. Біз сондықтан жыл сайын 1 маусымда – Халықаралық балаларды қорғау күнін тойлауды ізгі дәстүрге айналдырдық. Жас ұрпақтың толыққанды дамуы – бәріміз үшін аса маңызды міндет. Балалар күн сайын бақытты өмір сүріп, бізді жарқын болашаққа жетелесін» деді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды