«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Президент сайлауы 2019

0 41

ОТАНДЫҚ КӘСІПОРЫНДАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ

ҚР Президенттігіне «Ақ жол» партиясынан үміткер Дания Еспаеваның үгіт тобы халықпен кездесуін Солтүстік Қазақстан облысында да өткізді. Кездесу барсында үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасын Петропавл ауыр машина жасау зауытының ұжымына таныстырды.
Бұл өнеркәсіп мұнай-газ, қорғаныс, энергетика салаларына арналған жабдықтарды даярлайды.
Кәсіпорын тарихы өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастау алады. Сол кезде ол зымыран, зымыран кешені, суасты қайықтарының снарядтарын жинаған. Бүгінгі таңда зауыт өз бағытын кеңейтіп, тек ҚР Қорғаныс министрлігінің ғана емес, мұнай және теміржол компанияларының тапсырыстарын орындап жүр. Жұмыстың жалпы ауқымы өте кең, өнімнің жүзден аса түрін өндіреді. Қазіргі уақытта өнеркәсіпті қайта жаңғыртуға 4,5 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп отыр. Жоба 2020 жылға дейін, яғни үш жылға жоспарланған. Осы қайта жаңғыру процесінің нәтижесінде өнеркәсіп аумағын ұлғайтып, жаңа өнімдерді шығаратын болады.
Былтыр зауыт 3,5 млрд теңге көле­міндегі жабдықтарды шығарса, биыл оның қаражатын 5-6 млрд теңгеге ұлғайту жоспарланған. Отандық кәсіпорын шетел компанияларының тендерлеріне де қатысады.
Дания Еспаеваның отандық кәсіп­орындарды салықтық жеңілдіктер мен басқа да шаралар арқылы қолдау туралы ұсынысы кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапты. Дания Еспаеваның сайлауалды үгіт науқаны жалғасуда.

ОҢТҮСТІК ЖАСТАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын Шымкент қаласында жалғастырды.

Қала жұртшылығымен кездесулерде кандидаттың сайлауалды бағдарламасында білім беру саласын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінгенін айтылды. Шымкент – Қазақстандағы ең жас мегаполис және жастар қаласы. Осыған орай Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері Республикалық штабтың «TeamQazaqstan» жастар қанатының форумына қатысты. Үш мыңнан астам жастың басын қосқан іс-шарада еліміздің белгілі өнер, спорт және мәдениет жұлдыздары өздерінің пікірлерін білдіріп, Елбасы саясатының сабақтас­тығын қолдайтындарын айтты.
Сондай-ақ жастармен кездесуде кандидаттың жас буынға үлкен көңіл бөліп отырғаны кеңінен айтылды.
– Біздің кандидатымыз өз бағдарламасында жастардың сапалы білім алуына, олардың баспанамен және тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашатын тетіктерді көрсетіп берді. Жас ғалымдарды қолдау үшін жылына 3 миллиард теңге қаражат бөлінеді. Кандидатымыз жас мамандарды қолдау үшін «Президенттік резерв» бағдарламасын, кәсіпкерлікті дамыту үшін «Жас кәсіпкер» жобасын қолға алады, – деді Республикалық штабтың басшысы Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ үгіт-насихат жұмыстары аясында штаб мүшелері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Жезқазғанда ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгелді қолдауға арналған концерт кеші өтті. Іс-шарада жергілікті әртістер сөз сөйлеп, Сәдібек Түгелге қолдау білдірсе, кандидаттың сенімді өкілдері бағдарламаның негізгі бағыттарын жұртшылыққа түсіндірді.
Айта кету керек, бұл кеш – үміткердің қазақстандықтарға арнап өткізген екінші концерті. Әртүрлі мазмұнда, әртүрлі тәсілдер арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келе жатқан Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабы жастардың назарын елдегі рухани құндылықтарды ұлықтау­ға аударуға күш салуда. «Үміткердің өз бағдарламасында жастарды тәрбиелеуге көңіл бөлгені, сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға күш салатыны маған ұнады. Ол осылайша өз халқының патриоты, ана тілінің жанашыры екенін тағы да дәлелдеді» деді шараға қатысқан Жезқазған қаласының тұрғыны Ақкүлше Ибраева.
Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасын таныстыруға мысты шаһарға арнайы ат басын бұрған кандидаттың сенімді өкілі, Жезқазған өңірінен шыққан танымал телерадиожурналист Базаргүл Үмбетова үміткердің сайлауалды бағдарламасына жан-жақты тоқталды. Сайысқа түскен қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасындағы төрт тұғыр – тіл, діл, жер, ар-намыс бір-бірінен ажырамас ұлттық құндылықтар. Әділдікті ту етіп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, жұмыссыздықты жойып, жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, демографияға көңіл бөлу – кандидаттың баса назар аударатын басым бағыттары. Халықтың Сәдібек Түгелді қолдауының себебі де осы» деді сенімді өкілі.

АУЫЛ ЖАҒДАЙЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Ауыл шаруашылығы саласының мамандары ең төменгі жалақы алады. Соның салдарынан қазір бәрі ірі қалаларға ағылып жатыр. Президентікке үміткер Төлеутай Рақымбеков көтерген осы мәселе Ақтөбеде өткен жиында кеңінен талқыланды.

Бұл мәселе шұғыл қолға алынбаса ондаған, бәлкім, жүздеген елді мекен қаңырап бос қалуы мүмкін. Төменгі жалақы жайында сөз қозғала қалса, үнемі мұғалім мен дәрігерлердің мәселесі айтылады. Ал Төлеутай Рақымбеков ауыл шаруашылығында еңбек ететіндердің айлығы тіптен аз дейді. Сондықтан ауылдарда қосымша жұмыс орындарын ашып, қарапайым жұмысшылардың жағдайын көтеру керек. Әйтпесе, мұның арты елді мекендер тіршілігіне, одан кейін, жалпы ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Үміткердің сенімді өкілдері Ақтөбе тұрғындарымен кездесу барысында осы мәселені жан-жақты талқылады.
Негізі ауыл шаруашылығында 1 жұмыс орны ашылса, соған қатысы бар қалада қосымша 7-8 жұмыс орны пайда болады. Жиналған жұрт Төлеутай Рақымбеков бағдарламасындағы ауыл мен қала арасын жақындату мәселесіне жылы лебіздерін білдіріп жатты.
Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековтің өзі еліміздің өзге де аймақтарында кездесулерін өткізіп жатыр. Жуырда ғана Орал маңындағы шаруа қожалықтарын аралап, сайлауалды бағдарламасын таныс­тырды.

ЖАЛАҚЫНЫ КӨТЕРУДІ ҰСЫНДЫ

Қазақстан Республикасы президенттігіне Кәсіп­одақтар федерациясы атынан үміткер Амангелді Тәспиховтің сенімді өкілдері Жамбыл облысының тұрғындарымен бюджеттік ұйымдар жұмысшыларының жалақы мәселесін талқылады.

Республикалық сайлауалды штабтың өкілдері Тараз қаласындағы жергілікті жоғары оқу орындарының ұстаздарымен кездесіп, бюджеттік мекеме жұмысшыларының жалақысын көтеру керектігін айтты. Кәсіподақтар ассоциациясының мәліметінше, бүгінде еліміздегі 1,5 миллионнан астам дәрігер, медбике және мәдениет саласының қызметкерлері төмен жалақы алады. Олардың қаржылық жағдайын А.Тәспихов заң жүзінде реттеуді жоспарлауда. Сол мақсатта үміткер Парламент Мәжілісіне аталған азаматтарға жалақы белгілеу механизмін қайта қарауды ұсынды. Осылайша А.Тәспихов педагог мамандардың жетіспеушілігін азайтып, ауыл мұғалімдеріне жайлы жағдай жасауды көздейді.
Президенттікке үміткер Амангелді Тәспиховтің сенімді өкілдері үгіт-насихат науқанын жалғастыра береді.

ЕҢБЕК ҰЖЫМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Талас ауданына қарасты Қаратау кентінде ҚКХП Жамбыл облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Ж.Нұрәлиев қала сайлаушыларымен және еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.

Штаб өкілі ұраны «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!» деп аталатын сайлауалды тұғырнаманы таныстырып болған соң, Қазақстанның салық салу жүйесі байларға елімізді жұмаққа айналдырып отырғанын айтып, бұл әділетсіздік екеніне ерекше тоқталды. «Қазақстанда ауқатты және өте ауқатты адамдардың саны өте көп. Мұнымен қатар кедейлік шегінде немесе оған жақын деңгейде өмір сүретін адамдардың саны артып келеді. Осыған орай орта тапты қозғамай, үстеме табысқа ие адамдарға табыс салығының жоғары мөлшерлемесін қолдану қажет» деді ол.
Сонымен қатар кездесуде Қазақстан болашағы алдында мемлекет пен азаматтардың жауапкершілігі тақырыбы қозғалды. Ж.Нұрәлиев сайлау демократия­лық құрылымның маңызды бөлігі екенін атап өтті. Сайлау­шылар ҚКХП үміткерінің сайлауалды тұғырнамасының тезистерін жақсы қабылдап, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

САЙЛАУ ПЛАТФОРМАСЫН ТҮСІНДІРДІ

Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Әміржан Қосановты қолдауға бағытталған кезекті үгіт-насихат іс-шаралары Атырау облысында өтті.

28 мамырда кандидаттың сенімді тұлғалары «Ақжелкен» ЖШС жұмысшыларымен кездесу өткізді. Жиынға 25 адам қатысты.
Кездесудің модераторлығын облыстық сай­лауал­ды штабының басшысы Ғалымжан Утебаев атқарды.
Кездесу барысында платформаның негізгі бағыттары талқыланып, жұмыскерлер өз пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар кандидаттың аумақтарды дамыту бойынша ой-пікіріне қызығушылық білдірді.
Пікірлесу барысында қатысушылардың өзекті сұрақтарына штаб мүшелері жауап берді. Негізінен, елдің экономикалық жағдайы, мәдени-­рухани үрдістері жайында айтылды.
Әміржан Қосановтың сенімді өкілдері еліміздің басқа аймақтарында да осындай кездесулер өткізе бермек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды