«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Президент сайлау 2019

0 34

 ЖАЛАҚЫ АЙЫРМАСЫ ӘҢГІМЕ БОЛДЫ

Қазақстан кәсіподақтар қауымдастығы атынан Президенттікке үміткер Амангелді Таспихов Атырау және Алматы облысындағы еңбек ұжымдарымен кездесті. Атырауда үміткер мұнай-газ саласы және бюджеттік мекемелердің өкілдерімен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Жүздесуде басшылық пен қатардағы жұмысшылардың арасындағы жалақы айырмасы әңгіме болды.

Атырау облысының кәсіподақтарында 80 мыңнан аса адам бар. Бүгінгі таңда ірі мұнай холдингтері де кәсіподақ ұйымдарын ашқан. Алайда мұнай-газ саласының еншілес ұйымдарында қордаланған мәселе көп. Соның бірі – еңбек техникасы қауіпсіздігінің бұзылуы. 2018 жылы Атырауда 17 өндірістегі қайғылы оқиға тіркелген. Үміткер осы жағдайды түбірімен өзгерткісі келетінін айтты.

 

САЙЛАУАЛДЫ ТҰҒЫРНАМАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

30 мамырда ҚКХП-ның атынан Президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбековтің сенімді өкілі, Алматы облыстық сайлауалды штабының жетекшісі С.Биғарова Талдықорған қаласындағы Д.Қонаев атындағы этнографиялық музейді аралады және Оқушылар сарайында сайлаушылармен кездесті.

С.Биғарова батыстың ақшаға табынушылық, кез келген жолмен табыс табу және адамгершілікке жат дәстүрі біздің Отанымыз үшін қауіпті екенін айтты. Сонымен қатар, ол ҚКХП үміткерінің сайлауалды тұғырнамасында батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тарту мәселесі атап көрсетілгеніне тоқталды.

ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Әміржан Қосановтың сайлау­алды үгіт-насихат жұмыстары Солтүстік Қазақстан облысында жалғасуда. 30 мамырда облыстық штаб басшысы Зағыпар Аманжол Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесуге қатысқандардың ішінде жас ақындар мен айтыскерлер бар. Штаб жетекшісі Әміржан Қосановтың өмірбаяны мен үміткерлікке жету жолын баяндап, сайлауалды платформаның негізгі бағыттарын жеткізді. Пікірлесу барысында қатысушылардың өзекті сұрақтарына штаб мүшелері жауап берді.

ИМПОРТ ӨСІП, ЭКСПОРТ ТӨМЕНДЕДІ

Президенттікке «Ақ жол» партиясының атынан үміткер Дания Еспаева сайлауалды штабының өкілдерімен бірге жуырда Павлодарда кездесулер өткізді. Үміткер «Технопром текс», «Мерусар и К» ЖШС, «Қазэнергокабель» АҚ сияқты кәсіпорындарды аралады. Соңғы кәсіпорын еліміздегі кабель-сым өнімдері жөнінен көшбасшы болып табылады. Алайда шетел өндірушілерімен бәсекелесу оңайға соқпайды. Арзан өнімдер көп.
Дания Еспаева мемлекет тек шағын және орта бизнес емес, ірі компания­ларды қолдау қажеттігін айтты. Ол өзінің сайлауалды бағдарламасында бұл мәселені шешу жолдарын көрсетті. Мысалы, салық мөлшерін төмендету, мемлекеттен жәрдемақша алатындардың санын көбейту және т.б. шаралар бар. Үміткер сайлаушылардың барлық сауалдарына жауап берді.

 НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚ – КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОРҒАУ

Қазақстан Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Алматы қаласына келді. Алматы – еліміздің ең ірі қаржы және бизнес орталығы. Сондықтан штаб мүшелері алматылық кәсіпкерлермен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасында бұл салаға ерекше басымдық берілгенін айтты.

Штаб мүшесі, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мыр­захметов бизнеске ең алдымен тұрақтылық қажет екенін айтып, отандық кәсіпкерлерді Қ.Тоқаевқа дауыс беруге шақырды. Алматылық жұртшылықпен кездесуде бағдарламаның негізгі басымдықтары мен халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған нақты ұсыныстар сөз болды.

ТҮРКІСТАН– ЕР-ТҮРІКТІҢ БЕСІГІ

«Ұлы дала қырандары» қоғамдық ұйымының атынан Президенттікке үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасының басты тұғыры – ұлттық құндылықтарды сақтау. Жуырда телепікірсайыста үміткердің сөйлеген сөзін түркістандықтар жылы қабылдады. С.Түгелдің Түркістандағы сенімді өкілдері халықпен жүздесуде бағдарламаның негізгі бағдарларын түсіндірді. Олар сондай-ақ қолына плакат ұстап, қасиетті орындарды аралады.
Ежелгі Түркістан – қазақ халқының ең басты мәдени мұраларының бірі. «Күн сайын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жүздеген адам барып, тәу етеді. Біреулер бұл жерге рухани тазаруға, біреулер ем-дом алуға келеді. Бір жыл бұрын Түркістанның өз алдына облыс болып құрылуы – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау­ға деген құтты қадам» дейді С.Түгелдің сенімді өкілдері.

ШҰБАТ ӨНДІРУДІ ЖОЛҒА ҚОЮ ҚАЖЕТ

ҚР Президенттігіне үміткер Төлеутай Рақымбеков Маңғыс­тау облысының тұрғындарына сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Маңғыстау облысы – тек мұнай өндіру бойынша ғана емес, аграрлық сала бойынша да әлеуеті зор өлке. Т.Рақымбеков жергілікті тұрғындармен кездесу барысында аймаққа тән мәселелерді көтеріп, оның шешу жолдарын ұсынды.

Маңғыстау өңірінде күнделікті тұтынатын азық-түліктің басым бөлігі басқа аймақтардан әкелінеді. Соған сәйкес, баға да жоғары. «Бұл мәселені шешу үшін ауыл-аймақта жылыжайларды көбейту керек. Бұған қоса, шұбат өндірісін жолға қойып, табыс көлемін еселеп арттыруға болады. Осы тектес бастамалаларға қазір мемлекеттен жақсы қолдау бар» дейді үміткер.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды