-->

ПРЕЗИДЕНТ КУБОГЫН КІМ ИЕЛЕНЕДІ?

АСТАНАДА ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КУБОГЫ ҮШІН БОКСТАН V ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ. ЖАРЫСТЫҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУЫНДА ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ЕЛСИЯР ҚАНАҒАТОВ ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫЛАРҒА СӘТТІЛІК ТІЛЕДІ. АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЕРМЕК АМАНШАЕВ ПРЕЗИДЕНТ КУБОГЫ ҮШІН ӨТЕТІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БҮГІНГІ ТАҢДА БҮКІЛ ӘЛЕМ КӨЗ ТІККЕН «ЭКСПО-2017» ҚАРСАҢЫНДА ҰЙЫМДАС­ТЫРЫЛЫП ОТЫРҒАН АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРДЫҢ БІРІ ЕКЕНІН АТАП ӨТІП, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ СПОРТШЫЛАРҒА ТАБЫС ТІЛЕП, СОНЫМЕН ҚАТАР, ШЕТЕЛДІК ҚОНАҚТАРҒА АЛҒЫСЫН БІЛДІРДІ.

«Дәулет» спорт кешенінде керілген шаршы алаңда Ресей, Украина, Өзбекстан, Моңғолия, Үндістан, Филиппин, Қырғызстан, Оңтүстік Корея, Тәжікстан, Иран және Қазақстан былғары қолғап шеберлері өнер көрсетеді. Олардың арасында Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттары мен құрлық біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері де аз емес.
Жекпе-жектер 10 ерлер салмағы және 3 әйелдер салмағы бойынша өтеді.
– Қазақстан Президентінің кубогы үшін өтетін халық­аралық турнир АИБА аясындағы дәстүрлі жарыстардың бірінен саналады. Осы турнир арқылы Олимпиада ойындарына лицензиялар үлестірілген болатын. Сонымен қатар, бұл жарысты Қазақстан боксшылары үшін ұлттық құрамаға есік ашатын турнир десек те болады. Мәселен, биылғы жарыста әр салмақта бірнеше қазақстандық боксшы сынға түсетін болады. Олардың арасында ұлттық құраманың мүшелерімен қатар, келешегінен үміт күттіретін жастар да бар. Яғни, бір салмақта бірнеше деңгейлес жігіттер өнер көрсетеді. Демек, әркімге өзінің мықтылығын дәлелдеуге мүмкіндік беріліп отыр. Жалпы, айтулы жарысқа елімізден 43 боксшы қатысады. Олардың қатарында 19 боксшы ұлттық құраманың мүшелері болса, 8 боксшы облыстардан таңдалды. Сонымен қатар, «Астана арландары» қатарындағы 8 боксшы жекпе-жекке түсетін болады, – дейді халықаралық турнирдің менеджері, Қазақстан Респуб­ликасының бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Абдрахманов.
Осы жарысқа Ресей, Өзбекстан, Украина, Моңғолия сияқты боксы жақсы дамыған елдердің шеберлері де қатысатынын ескерсек, қазақстандық боксшылар үшін жүлдеге қол созу оңайға түспесі анық. Дегенмен жерлестеріміз жерге қаратпайтынына сенімдіміз.
Ал, енді, кімге сенім артамыз дегенге келер болсақ, Василий Левит, Ілияс Сүлейменов, Азамат Исақұлов, Азат Махметов, Әділет Құрметов, Мейірболат Тойтов, Сұлтан Зауырбек, Сад­риддин Ахмедов, Ерік Әлжанов, Нұрдәулет Жарманов, Бақдәулет Ибрагимов, Қамшыбек Қоңқабаев, Олжас Бұқаев секілді жігіттеріміз бен Назым Қызайбай, Жайна Шекербекова, Римма Волосенко, Карина Ибрагимова, Айжан Қожабекова, Дариға Шәкімова, Виолетта Князева сынды бұрымды аруларымыз намысты қолдан бермейді деп ойлаймыз.
Кеше жарыстың салтанатты ашылу рәсімінен кейін жекпе-жектер басталып кетті. 49 келі салмақта өткен турнирдің бірінші айқасында астаналық Асхат Жүсіпов өзбек боксшысын жеңді. Сондай-ақ, Василий Левит те қарсыласынан басым түсті.
Сонымен, Қазақстан Президентінің кубогы үшін халық­аралық турнир жалауын көтерді. Турнирдің іріктеу жекпе-жектері сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбі күндері сағат 13.00-де, ал жартылай финал 9 маусым, жұма күні сағат 14.00-де басталады. Турнир жеңімпаздары 10 маусым күні сағат 15.00-де басталатын финалдық жекпе-жектерде анықталатын болады.

Ғалым
ҚОЖАБЕКОВ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*