«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Президент кубогын «Хабар» алды

0 115

Конституция күні журналистер қауымы үшін спорт мерекесіне де айналды. ҚР Президентінің баспасөз қыз­меті ұйымдастырған футбол жарысына республиканың түпкір-түпкірінен 25 команда келіп қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Тоты Райымқұлова мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Президент кубогына қатысушыларды Конституция күнімен құттықтап, жасыл алаңдағы ойындарына сәттілік тіледі. Мемлекеттік әнұранымыз шырқалғаннан кейін «жан алып, жан беріскен» ойындар басталып кетті.
Алдымен топтық ойындар өтті. Одан суырылып шыққандар плей-­оффқа қатысып, жеңгендер ширек финалға өтті. Түркістан облысының журналистер құрамасы, Алматы қаласының «Апорт» және Президент Әкімшілігі командалары алғашқы ойындардан-ақ жүлдеге таласатындарын аңғартып үлгерген-ді. Ал көпшілік жанкүйер «Хабар», «Елорда Ақпарат», «Егемен Қазақстан», «Еларна» командаларына жарыстың бас жүлдесін алдын ала үлестіріп қойған еді. Алайда жасыл алаңдағы ойындарда күтпеген көрсеткіштер тіркеліп жатты.
Сонымен күні бойы болған ойындарда шеберлік танытқан «Хабар» мен «Хабар 24», «Қазспорт» пен «Егемен Қазақстан» жартылай финалға шықты. Тартысты ойындарда алғашқылардың жолы болып, ақтық сынға жолдама алды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде «Хабар 24» «егемендіктерді» ұтып, 300 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал осы турнирде күтпеген табысқа кенелген «Қазспорт» командасын тізе бүктірген «Хабар» командасы 1 млн 500 мың теңгенің сертификатын иеленді. «Спортшылар» болса 700 мың теңге олжалады. Бірнеше үздік ойыншыларға да қаржылай жүлде берілді.
Сонымен Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін өткен турнир мәресіне жетті. Журналистер қауымы осы жарыстың дәстүрлі болуына тілектестік білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды