Четверг, 21 Сентябрь 2017
-->

ПОЛИЦИЯҒА ҚАБЫЛДАУ ЖАҢАША ЖҮРЕДІ

Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың мемлекеттік және құқық қорғау қызметіне түсу, сондай-ақ, олардың өткізілу тәртібін жетілдіруге бағытталған жаңа заңға қол қойғаны белгілі. Осыған орай 2017 жылдың қаңтарынан бастап ішкі істер органдарына қызметке қабылдау «Мемлекеттік қызмет туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырыла бастады. Біз бүгін осы жаңа заң қағидалары жөнінде толығырақ мәлімет алу үшін Астана қаласы Ішкі істер департаменті Кадр басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Дәрішевті әңгімеге тарттық.

– Жандос Байтұрсынұлы, аталып отырған заңдағы өзгерістердің ерекшелігі қан­дай?
– Ішкі істер органдарының ең басты мақсаты – халық­тың сеніміне ие болу. Бұл жөнінде Елбасы өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясында, «Нұрлы жол» және 5 институттық реформаларды жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен негізгі даму бағдарламаларында айқын көрсетті.  Осыған байланысты биыл­ғы қаңтар айынан бастап ішкі істер органдарына жұ­мысқа қабылдау Ішкі істер министрлігінің 2016 жылғы 30 тамыздағы №870 бұйрығына сәйкес конкурстық негізде жүргізілуде. Атап айтқанда, ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін лауазымы бойынша біліктілік талаптарына сай бағалау жұмыстың түпкі нәтижелілігіне де сеп­тігін тигізуде.  Құқық қорғау органдарына қатардағы және кіші басшы құрамға жасы жиырма бестен аспаған тиісті білімі бар, әскер қатарында болған немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымда­рында әскери-оқу резерві дайындығынан өткен, сон­дай-ақ, Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес әскери қызметтен босатылған немесе кейінге қалдырылған азаматтар алынса, ал кіші және аға басшы құрамға толық жоғары білімі бар, құқық қорғау ор­гандарының біліктілік талаптарына жауап беретін азаматтар үміткер бола алады.

534252
– Конкурс талаптарына тоқталсаңыз?
– Оқу орындарына оқуға түскісі келетіндерден бөлек ішкі істер органдарына жұ­мысқа тұрғысы келетін азаматтар қарым-қабілеттерін көрсете отырып, еліміздің барлық аймақтарында Қазақ­стан Республикасының Мем­ле­­кеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қар­­сы іс-қимыл агенттігінің ай­мақтық тестілеу орталық­тарында тест тапсыра алады. Ал, Астана қаласында тесті­леу Абай даңғылы, 33 мекенжайында орналасқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ғимаратында өтеді. Тестілеуге www.egov.kz интернет порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып та қатысуға болады. Құқық қорғау қызметіне тұруға алғаш тілек білдір­ген үміткер Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемле­кет­тік тілі мен заңнамасын білуге арналған тестілеу бағдарламалары бойынша тестілеуден өз өтінішінде көрсетілген құқық қорғау қызметі лауазымының санаты бойынша өтеді. Тестілеуден сәтті өткен үміткерге тестілеу өткізілген күннен бастап бір жылдың ішінде күшін жоймайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын білетіні жөнінде тестілеуден өткені туралы арнайы сертификат бе­ріледі. Осы негізде ішкі іс­­тер органының кадр қыз­меті үміткерлерге олар­­дың қызметке жарам­ды­­лығын айқындау үшін Ішкі істер министрлігінің әскери-дә­рігерлік комиссиясынан, медициналық және психо­физиологиялық куә­лан­ды­рудан, оның ішінде поли­графологиялық зерттеуден өтуге, сондай-ақ, дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді тапсыруға жолдама береді.

53543
– Байқауымызша, ішкі істер органдарында қызмет етуге тілек білдіруші аза­маттар баршылық. Қызмет­керлерді көтермелеу жайы қалай?
– Ішкі істер органдары қызметкерлері мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте баспана алуға құқы­ғы бар. Қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Үкіметі­нің айқындаған тізбесі бойынша республикалық бюжет туралы заңда көрсетіл­ген көлемде баспана мен ком­муналдық қызметтер үшін ақшалай өтемақылар төленеді. Қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері, сонымен қатар құқық қорғау саласының ардагерлері меди­циналық қызметтерді пайдаланып, шипажайларға жолдамалар ала алады. Сондай-ақ, басқа да көп­теген жеңіл­діктер бар.

Әңгімелескен: Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*