«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Полициядағы реформа: Үлкен істің бастауы

0 55

Полицияның халық арасындағы беделінің төмендігі туралы көпшілік ортада жиі-жиі пікірлер айтылады. Тіпті осы тұрғыда өткен жылы әлеуметтік желілерде мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне байланысты елдің бас полицейі Қалмұханбет Қасымовтың қызметінен кетуін талап еткен адамдар да болды. Әрине, бір басшының орынтағын босатқанынан полициядағы қордаланып қалған түйінді түйткілдер шешіле қалмайды. Алайда салаға серпінді өзгерістер жасап, кезектен тыс аттестация өткізу қажеттігі күн тәртібінде тұрған өткір мәселе екені рас.

Грузия тәжірибесі бізге келе ме?

Кейінгі кезде погон таққан адам­дар туралы «Олар бас қатырып, қылмыскерді іздемейді. Тіпті сол адамды тапқан күннің өзінде ол әділ жазалануы екіталай» деген сөздер айтылып жүр. Дегенмен статистика елімізде өткен жылмен салыстырғанда қылмыстың он па­йызға азайғанын, криминогендік жағдайдың қатаң бақылауда екенін көрсетеді.
Расында да солай ма? Әлде ұсақ­-­түйек ұрлық пен тәртіп бұ­зу­шылықты тұрғындар «полиция бәрібір таба алмайды» деп шағымданбай-ақ, сол «жабулы қазан» күйінде қалдырып қойып жүр ме?
Азаматтардың полицияға деген сенімінің бұрынғыдай нық болуы үшін не істеу керек?
Бұл бағытта сарапшылар грузин тәжірибесін алға тартады. Өйткені кавказдық тау халқы айтарлықтай қысқа мерзімде полиция жұмысында бұрын болып көрмеген оң нәтижелерге қол жеткізген.
Олар не істеді дейсіз ғой? Ең бірінші іс басына отансүйгіш, еңбекқор, қабілетті маманды таңдау үшін жүйелеп іріктеу жұмыстарын жүргізген. Яғни емтихан, сынақ, тес­тілеу арқылы аттестация өткізіп, органды америкалық жүйеде қайта жасақтаған. Бұған қоса, киім үлгілері өзгертіліп, әр жеке құрамға су жаңа машиналар сатып алынған. Полиция қызметкерлерінің жалақылары он есе өсіріліп, әр полицейге кем дегенде 1200-1300 доллар еңбекақы төлеген.
Елу доллар пара алған адам темір торға қамалатындай қатаң заң шығарып, пара бермеу мен пара алмаудың барлық жолдары ойлас­тырылған. Әр бұрышқа бейнекамера қойылып, көмекейі бүлкілдеп, қолдары жыбырлап тұратын әріптестерін байқаса, кез келген адам арнаулы құрылған инспекцияға бірден хабарлауы керек екен. Олай болмаған жағдайда, сол адамның өзі қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болған.
Тіпті кейде арнаулы инспекция­ның адамдары қарапайым азаматтардың кейпіне еніп, МАИ-ге қомақты қаржы ұсынып, тексеріп те көрген. Соның нәтижесінде бас айналасы бір-екі айда органнан 500-ге тарта адам шығарылып, жұмысқа түгелімен жаңа қызметкерлер алынған. Сөйтіп Америка үлгісіндегі жол патрульдік полиция­сы құрылған. Міне, осы реформадан кейін Грузияда полицияға деген халық сенімі 5-тен 90 пайызға дейін көтеріліпті.
Осындай өзге елдер полициясының жұмысындағы оң өзгерістерді зерттеу мақсатында қазақстандық делегация өткен жылы Германияда, Польшада, Эстонияда, тағы да басқа елдерде болып қайтты.
«Біз осы мемлекеттердегі реформалардан өзімізге керегін ғана алдық» деді Қалмұханбет Қасымов журналистермен кездесуінде.
Грузияда бұл бағыттағы реформа бірнеше жылдар бойы тереңдете жүргізілді. 2006 жылы тек полиция машиналарын компьютерлендіру үшін АҚШ-тан 1 миллион доллар алынса, 2009 жылы осы саладағы барлық өзгерістерді қамту үшін Ақ үй билігі 20 миллион долларды қосымша тағы бөлді. Ал Қазақстанда бұл жұмыстар республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Сондықтан көрпесіне қарай көсілген министр мырзаның «реформаны біз өз мүмкіндігімізге қарай жүргізіп жатырмыз» деуін түсінуге болады.
Дегенмен Елбасының қолдауымен полицияның жалақысын көтеру үшін мемлекеттен қосымша 21,4 млрд теңге бөлінгені көңілге сенім ұялатады.
Сонымен қатар, қазір аттестация жүргізіп, полиция органдарында қағазбастылықпен айналысатындарды қысқарту, соның есебінен халыққа етене жақындау саналатын жол патрулі қызметкерлерінің жалақысын 50 пайызға дейін өсіру қарастырылуда.

Киім үлгісі қашан ауысады?

Ішкі істер департаменттері полиция департаменті болып өзгертілгелі олардың киім үлгілерін де ауыстыру мәселесі нақты айтыла бастады. Бірақ бұл бір күннің ісі болмағандықтан, алуан пікірлер мен түрлі ой-тұжырымдар ескеріліп, жан-жақты зерттелуде.
Жасыратыны жоқ, органның адамдары өздері киіп жүрген формаларының кейде жұмыс барысында түрлі ыңғайсыздықтар туғызатынын бұған дейін де арагідік айтып қалып жүрді. Тіпті осыдан жыл жарым уақыт бұрын ведомство басшысы өткізген бір жиында осы мәселе аяқастынан көтеріліп, бір қызметкер киіп жүрген киіміне қару асыну қиындық туғызатынын айтса, екіншісі өзіне оның алабажақ түсі ұнамайтынын ашық білдіріп еді.
Елімізде полиция киімінің 2001 жылы ауысқанын ескерсек, бүгінде заман талабына сай ыңғайлы, республиканың климаттық жағдайларына сәйкесетін жаңа киімнің болғаны дұрыс екендігін көпшілік қауым да қолдап отыр.
Енді осы оң талаптар қашан қолға алынады? Оны әлі де белгілі бір мерзімге дейін күту керек пе? Міне, осы сауалдарға жауап іздегенімізде анықтағанымыз – қазақстандық полицияның жаңа киім үлгісінің жалпы нұсқасы да­йын екен. Тіпті осы киімдерді тігіп беруге тілек біл­діруші отандық ісмерлер де аз емес көрінеді. Дегенмен біраз уақыт бұ­рын Канада мен Еуропа елдері полицейлерінің киім формалары салыстырыла зерттеліп, осы саладағы мамандар ортақ бір шешім шығаруы керек болғандықтан, қазақстандық тәртіп сақшыларының жаңа киім үлгілері әлі халық назарына ұсынылмай отыр.
Ішкі істер министрлігі басшы­лығының айтуынша, жаңа киімнің дизайны мен жалпы материалдарын таңдау мәселесінде әр құрамда «полицияның жаңа киім үлгісінің қандай болғанын қалайсыз?» деген сауалнама жүргізіліп, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің барлық талап-тілектері мен сын-ескертпелері назарға алынған көрінеді.
Тағы бір айта кетерлігі, бұдан былай полицияда етжеңді адамдар, яғни қарны шыққан қызметкерлер жұмыс істемейтін болады.
«Полиция қызметкерінің тек киімі ғана емес, өзі де сымдай тар­тылған сымбатты болуы керек. Әйт­­песе, қарны қабақтай адам шиыршық атып, жаттығу жасай ала ма? Біз қатарымызды ондай қызметкерлерден тазартуға тырысамыз» деді ведомство басшысы Қалмұханбет Қасымов.

Аттестация қалай өтпек?

2018 жылдың 25 желтоқсанда еліміздің полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестациялау туралы Мемлекет басшысының Жарлығы жарияланды. Енді, міне, алдағы 6 айдың ішінде арнайы комиссия ұлттық стандартқа сәйкес аталған сала қызметкерлерінің кәсіби жарамдылығын анықтайтын болады.
«Кез келген жаңалықты енгізу үшін алдын ала дайындық керек. Бұл жолғы полиция қызметкерлерін іріктеу дәстүрлі үш жылда бір өткізілетін науқаннан мүлде бөлек. Дәл қазір Елбасы тапсырмасымен аталған министрлікте реформа басталып кетті. Кейбіреулер оны «жаңғырту», «өзгерту» деп жүр. Жоқ, бұл – одан гөрі күрделірек үдеріс. Полицияға халықтың сенімі азайып кеткенін айтқан Мемлекет басшысы осы салада түбегейлі жаңалықтар жасауды талап етіп отыр. Сондықтан біз оған қамданысты бүгіннен бастап кеттік» деді Президент Әкімшілігі құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алексей Калайгиди журналистерге берген сұхбатында.
Бүгінгі күні Қазақстанның ішкі істер органында 120 мыңға тарта қызметкер бар екен. 2015 жылы аттестацияға қатысқан 75 мың адамның 4 мыңы қызметімен қоштасып, 1800-інің лауазымы төмендеген болатын. Ал 370-тей қызметкер іріктеуге қатыспай, өз еркімен жұмысынан босапты. Қазір тәртіп сақшыларының көпшілігінде «Биылғы іріктеу қалай болады?» деген күмән мен күдік басым. Олай дейтіні, министрдің өзі полиция қатары 10 пайызға қысқарып, үнемделетін 16 миллиард теңгені қалған қызметкерлердің жалақысын көтеруге жұмсауды ұсынып отыр.
Дегенмен киім үлгісі де, аттестация да алда көзделіп отырған ауқымды жаңару кезеңіндегі белгілі бір баспалдақтар ғана. Ал нағыз реформа халықтың жүрегіне жол тауып, олармен етене жақындаса түсуде жатыр. Бұл жөнінде ҚР ІІМ басшысы «Біз қазір Елбасының қолдауымен құрылымды түбегейлі жаңартуды қолға алдық. Осы негізде ішкі істер органдары қызметін сервистік модельге көшіріп, кадр таңдауда да тың бағыттар ұстанамыз. Басқару тетіктерін оңтайландырып, штаттық кестеге елеулі өзгерістер енгізетін боламыз. Сөйтіп тәртіп сақшыларына деген қоғамның сенімін нығайтып, халықтың қауіпсіз өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалады» деген еді.
Лайым солай болғай!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды