«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Полигон зардабы әлі жойылған жоқ

Ядролық полигонның залалын шеккен соңғы адамды оңалтып шығармайынша полигон тақырыбы ашық қала бермек

0 27

«Семей ядролық полигоны» қоғамдық қоры мен «Қазақ технология және бизнес университеті» бірлесіп, «Семей полигоны – Қазақстанның ядролық трагедиясы» тақырыбында республикалық конференция өткізді. Конференция Қазақстан аумағында болған Семей ядролық сынақ полигонының (бұдан әрі – СЯСП) жабылуының және Семей сынақ полигонындағы 1989 жылы 19 қазанда соңғы жүргізілген ядролық жарылыстың 30-жылдығына арналды.

Конференцияны «Семей-ЯП» қоғамдық қорының төрағасы Болатбек Әбдікәрім ашты. Іс-шара қоғамдық қордың әнұранын тыңдаудан және ядролық сынақ полигондарының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алуды бастады.
Естіген адамға тек қорқыныш сезімін ұялатып, үрей тудыратын атышулы ядролық полигонды ашу үшін еліміздің ең шұрайлы жерлерінің бірі саналатын және аты әлемге әйгілі қазақтың ғұлама біртуар данышпандары – Абай, Шакәрім, Мұхтар бабаларымызды өмірге әкелген қасиетті Семей өңірінің Абыралы, Саржал, Шыңғыстау, Дегелең тауларының баурайы және онымен іргелес Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтығаны белгілі. Айта кеткен жөн, бастапқысында адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген сынақтар ашық аспанда, жер бетінде жасалды. Семей полигоны маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңнан астам адам осы сынақтан азап шекті.
Міне, осы конференцияның барысында Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды оңалту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар зардап шегушілердің әлеуметтік белсенділігін және қоғамға араласуын арттыру мақсат болды.
Шарада сонымен қатар «Қазақ технология және бизнес университеті» ректор Жұматай Уразбаев, жазушы-журналист Медеу Сәрсеке, профессор, ҚР құрметті экологы, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының Қарағанды филиалының төрағасы Марғұлан Хамиев, академик, медицина ғылымдарының докторы Ерболат Дәленов, Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасының сараптама кеңесінің мүшесі Юрий Павленко секілді бірқатар азаматтар полигон зардаптарының табиғат пен адамдардың денсаулығына тигізген әсері жайында баяндама жасап, полигоннан тартқан қасіреттерімен бөлісіп, кейбірі көздеріне жас алды.
Еліміздің әр жерінен келген қауым Семей ядролық полигонына қатысты еліміздегі радиоэкологиялық жағдай мен оны жақсарту жолдары, ядролық сынақтардан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау, оңалту және сауықтыру бойынша ұлттық заңнаманың ерекшеліктері және оларды жетілдіру мәселелерін талқылады.
Конференцияны ұйымдастыруда және өткізуде қосқан үлесі үшін «Семей-ЯП» қоғамдық қорының төрағасы Болатбек Әбдікәрім университет ректоры Жұматай Уразбаевқа медаль тағып, М.Сәрсекенің қолтаңбасымен «Семей қасіреті» кітабын университет кітапханасына сыйға тартты. Сексеннің төріне келген Медеу Сәрсеке атамызға қазақтың ырымы бойынша шапан жауып, медаль табыстап, конференция қатысушыларына алғысын білдірді.
Талқылау қорытындылары бойынша заң жобасына Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау, сауықтыру және оңалту мәселелері бойынша ұсыныстар дайындалады.
– Сынақ алаңы аймағында өмірге келдім. Тұрғындардың қандай азапты бастан кешкенін көрдім. Полигонды жабу туралы мәселені алғаш халқымыздың ардақты азаматтары – Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаевтар көтерді, дабыл қақты. 1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу үшін «Невада – Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өтті. Оны көрнекті ақын Олжас Сүлейменов ұйымдастырды. 1991 жылы 29 тамызда Елбасының Жарлығымен қырық жыл бойы қазаққа зор қасірет төндірген Семей полигоны жабылды. Міне, содан бері қаншама жұмыстар іске асырылды. Әлі де атқарар шаралар көп. Сонда да мемлекеттік мекемелермен бірігіп, полигоннан зардап шеккендердің әлеуметтік жағдайын шешсек дейміз. Емдеу орталығын ашқымыз келеді. Жапондық емдеу тәсілдерін қолдануды қолға алсақ. Ядролық полигонның залалын шеккен соңғы адамды оңалтып шығармайынша полигон тақырыбы ашық қала бермек, – деді «Семей – ЯП» қоғамдық қорының төрағасы Болатбек Әбдікәрім.
Жалпы конференция ешкімді бейжай қалдырмады, өйткені ядролық полигондар бүкіл адамзат үшін жаhандық проблема болып саналады.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды