ПОЛИЭТИЛЕН ПАКЕТІНЕН БАС ТАРТ!

Астана қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен «Полиэтиленді пакеттен бас тарт!» экологиялық шарасы өткізілуде.

 

  Тиімді, бірақ зиян

Шара барысында поли­этиленді пакеттердің зиянды әсері туралы халық арасында кеңейтілген үгіт-насихат өткізіліп, ұйымдастырушылар мен «Астана жастары» МКМ еріктілері сауда-ойын-сауық орталықтарына келушілерге үш мыңға жуық үндеу парақтарын таратып, сауда желілерінің кассаларында экопакеттерді бірыңғай қолданысқа енгізуді жүзеге асыруға атсалысты.
«Осы мәселенің шешімі – экопакеттерді, яғни қағаз, биоыдырағыш пакеттерді, матадан жасалған бірнеше реттік сөмкелерді қолдану. Бұған қоса, 2018 жылы ҚР Энергетика министрлігімен полиэтиленді пакеттерді тегін жүзеге асыруға тыйым салу бойынша еліміздің қолданыс­тағы заңнамасына өзгертулер енгізіледі» делінген шара ұйымдастырушылары таратқан үндеу парақтарында.
Мамандардың айтуынша, орта есеппен полиэтиленді пакеттер 20 минут қана пайдалануға жарамды болса, олардың ыдырау уақыты 100 жылдан 500 жылға дейінгі мерзімді қамтиды екен. Ал қағаздан жасалған қапшықтардың жа­рамдылық мерзімі 1-2 ай болса, био­ыдырағыш пакеттерді 3 айдан
2 жылға дейін қолдануға бо­латынын, олардың денсау­лыққа зияны жоқ екенін айтады Табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының маманы Айнұр Солтанғұлова.
Ғаламтордағы деректерге сүйенсек, ең алғаш рет 1957 жылы АҚШ-та өндіріле бастаған полиэтилен пакеті 1973 жылдан бастап Еуропада да ерекше қарқын алған. 2002 жылғы санақ кезінде әлем бойынша өндіріліп шығары­латын полиэтилен пакетте­рінің саны 4-5 трлн данаға дейін жетіпті. Күнделікті тұр­мыста ет, балық, көкөніс пен жеміс-жидекті сақтауға тиімді болғанымен, ғалымдардың пайымдауынша, поли­этилен пакеттерінің адам ағзасы мен экологияға зияны көп деседі. Мәселен, кейбір деректерге сүйенсек, өндірушілер бұл пакетке қорғасын металын қосады-мыс. Бірақ бұл жағы ашық айтыла бермейтін кө­рінеді. Сонымен қатар, сирек болса да, зиянды дорбалардың тігісіне химиялық желімдер де пайдаланылады екен. Оның да тағамдарға өз әсерін тигізбей қоймайтыны тағы бар. Сол сияқты кейбір компаниялардың жарнамалық жазбаларының бояуы да зиян болуы әбден мүмкін екенін айтады ғалымдар. Белгілі бір мөлшерде бауыр мен ішекке зияны бар пакетке оранған астан да улану қаупі туындайтын көрінеді.

40 елде тыйым салған

«Табиғат үшін» әлемдік қоғамдық ұйымының мәлі­метінше, жыл сайын осындай пластикалық заттардың кесірінен 100 мыңнан аса кит (теңіздегі ең ірі сүтқоректі жануар) пен итбалық, тасбақа қырылса, бір жылда дүние жүзі бойынша пайдаланылатын 4 триллион пакет бір миллион құс және теңіздегі 100 мың су жануары мен балықтардың өліміне себеп болады екен.
Сондықтан қазіргі таңда 40-қа жуық елде полиэтилен пакеттердің айналымын төмендетіп немесе қолдануға тыйым салған. Мәселен, Сингапур, Тайвань мен Бангладеш елдерінде 2000 жылдың басында осындай полиэтилен пакеттерінің қалдықтарының көптігінен өзендер мен су арналарының толып кету салдарынан сел жүру, тасқын болу сияқты апаттық жағдайлар орын алыпты. Осы елдер ең алғашқы болып зиянды дорбаны пайдалануға ты­йым салу жарлығын шығарыпты. Көп ұзамай бұл елдердің қатарына Танзания, Қытай, Италия, Аустралия мен Үндістанның бірқатар штаттары қосылған. Сондай-ақ, бұл қапшықтың отаны АҚШ та қазіргі таңда зияны мол пакеттен бас тарта бастаған көрінеді. Тіпті бұл елде халық­ты аталмыш қапшықтан бас тартуға насихаттау мақсатында «Полиэтиленді пакет» деп аталатын деректі фильм де түсірілген екен. Сол сияқты Кения мемлекеті де полиэтилен қапшықтарын қолдануға заң жүзінде қатаң тыйым сал­ған. Қоршаған ортаны қор­­ғау мақсатында күшіне ен­ген жаңа заң бойынша Кения­да полиэтилен қапшығын өндіруге, сатуға, тіпті қолда­ну­ға да болмайды деседі. Егер де осы заңға бағынғысы келмегендер ол жақта 40 мың доллар айыппұл төлеп, тіпті 4 жылға бас бостандығынан айырылады екен. Қазір Кения-
дағы ірі сауда орталықтары полиэтиленнің орнына шүберектен жасалған қаптар ұсына бастаған көрінеді.
Сауда-ойын-сауық орталы­ғындағы шараға қатысқан экопакет өндіретін компания­ның өкілі Уәлихан Жұманов өз жұмыстары жайлы былай дейді:
– Біздің қапшықтар жылдам ыдыратылады. Өйткені ол табиғи қоспалардан жасалған. Тіпті ыдырағаннан кейін оны тыңайтқыш ретінде де қолдануға болады. Бұл пакет­теріміздің орташа бағасы – 25 теңге. Әзірге өнімдеріміз Астана аумағына таралуда. Болашақта пакеттерді рес­публика көлемінде таратуды жоспарлап отырмыз.
Осылайша, Астана билігі де елордалықтарды полиэтилен пакетінен бас тартып, оның орнына қағаз, матадан жасалған және биоыдырағыш пакеттерді пайдалануға ша­қырып отыр. Айта кету керек, Астана – осындай қадам жасап отырған Қазақстандағы алғашқы қала.

 

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Сонымен қатар

САРЫАРҚА АУДАНЫНЫҢ 2017 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАР МЕН 2018 ЖЫЛДЫҢ ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ТУРАЛЫ ЕСЕП

Ауданда әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда деңгейі ауқымды жұмыс жүзеге асырылды. Түрлі мемлекеттік реформалар мен бағдарламалар …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған