«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Поэзия абызы

0 78

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана мен Қазақстан Жазушылар Одағының Астана филиалы бірлесіп, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдық мерейтойына арнап «Семсер жырдың қорғаны» атты поэзия кешін өткізді. 

Биыл «Бір ел – бір кітап» рес­публикалық акциясы аясында айтулы ақынның жыр кітаптарының таңдап алынғаны бекер емес.
Сыр бойында туған сыршыл шайыр өткен ғасырдың 20-шы жылдары қазақ поэзиясына жаңаша леп, өзгеше өрнегімен келді. Отызыншы жылдардан бастап, ақын шабыты шап­қан аттай үдей түсті. «Аралдар» атты өлеңдер топтамасы оны жұртшылыққа танытып, «Абыл» және «Толағай» секілді романтикалық поэмалары биікке көтерді. Мұхтар Әуезов ол туралы: «Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы бір көркем ағым кіргізіп келе жатқан ақын» деп бағалады.
Әбділда Тәжібаев – өзінен кейін келген қаншама жас буынға аға бола білген абыз.Оны кейінгі жас ақындардың бәрі ерекше қадірлеген. Мұқағалидың алғашқы талантын шынайы бағалаған – осы кісі. Ардақты тұлға әдебиеттің әр жанрында қалам тербеді. Драматургиясы да – бір төбе. Әдебиеттану ғылымында айшықты қолтаңбасы қалды. Қысқасы, ақын өмірінің соңғы жылдарына дейін қолынан қаламын тастамай, жемісті еңбек етті.
Кеш барысында талантты тұлға туралы тағылымды естеліктер айтылды. Көрнекті қаламгер Сәкен Жүнісовтің қарындасы Роза Жүнісова ақынның көзін көріп, сырлас болғанын айтса, Бақытжан Тобаяқов оны бала кезінен танып, ақыл-кеңесін тыңдағанын сөз етті. Қазақстан Жазушылар Одағы Астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы поэзия абызының өмірі мен өнерінен сыр тартып, ұлағатты әңгіме өрбітті. Мектеп оқушылары ақын өлеңдерін оқып, келген қонақтарға әсерлі күй сыйлады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды