«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Плоггингтің пайдасы мол

0 21

Арқа төрінде күн жылып, алты айғы қыстан кейін тіршілік қайта түрлене бастады. Көктемнің келгенін білдіріп күн күркіреп, жаңбыр да жауды. Өткен сенбі күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен ауқымды плоггинг, яғни тазалықшарасы – сенбілік өтті.

Плоггинг – әлем бойынша танымал шаралардың бірі. Ерекшелігі сол, спорт пен тазалықты насихаттайды. Ал оған қатысқандар қоқысты жүгіріп жүріп жинап, жылдамдықтарын да көрсетіп жатады. Өткенге көз жүгіртсек, салауатты өмір салтын насихаттайтын мұндай сенбілік алғаш 2016 жылы Швециядан бастау алып, 2018 жылы дүние жүзіне кеңінен таралыпты. Оған тіпті әлемдік деңгейдегі спортшылар да жиі атсалысып жатады.

Бақыт СҰЛТАНОВ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

АДАМ МЕН ТАБИҒАТТЫҢ ТІЛДЕСКЕНІ – ӨМІРДІҢ ҮНДЕСКЕНІ

500-ден астам елорда тұрғын­ы демалыс күндерін қоршаған ортаға арнап, еліміз үшін жаңадан енген плоггинг ұғымына дем берді. Көше бойында қолдарына қап ұстаған азаматтар бір күнде қағаз, бос бөтелке, полиэтиллен сияқты қыстан қалған 2 тонна қоқысты жинады. Әсіресе, бұл науқанға жанұяларымен келген тұрғындар көптің ықыласына бөленді.
Астаналықтардың ниеттеріне қарап, әлемді шарлаған акция бір күндік науқан емес екенін байқауға болады. Жүгіруге шығып, спорт пен табиғатты қорғауды үйлестіретін қадамдар бізде де сәнге айналуда.
Осы экологиялық науқанға атсалысып, қаламызды көркейтуде белсенділік танытқан барша астаналықтарға үлкен алғысымды білдіремін!

 


Бас қаламызда өткен «Менің қалам – таза қала» атты сенбілікке оқу орындарынан, денсаулық мекемелерінен, сол сияқты өзге де ұйымдардан бас-аяғы 500-ден аса адам қатысып, елорданың тазалығына үлесін қосса, қосымша 90 арнайы техника жұмылдырылды. Қала тұрғындары таңның атысынан Орталық және Триатлон саябақтарында, Ботаникалық бақта, Кенесары ханның ескерткіші маңында, сондай-ақ Министрліктер үйінің алдында жиналды.
Белсенділердің тағы бір тобы «Жерұйық» саябағын ретке келтірсе, енді бірі аулаларын қоқыстан тазартты.
Айта кетейік, бас қаламызда «Нұр-Сұлтан – таза және қауіпсіз қала» атты іс-шара аясында экологиялық екі айлық басталды. Оның алғашқы сенбісінде 900 аула ретке келтірілді. Ал бүгінге дейін сенбіліктерге барлығы 11769 адам қатысып, жүздеген тонна қоқыс шығарылды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды