«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ПИК жұмысы түбегейлі өзгереді

0 67

Соңғы жылдары Астанада ғана емес, еліміздегі пәтер иелері коопера­тивтерінің (ПИК) жұмысына халықтың көңілі толмайтыны туралы мәліметтер жиі тарады. Бір өкініштісі, тозығы жеткен лифт қондырғыларының ауыс­тырылмауы себепті қайғылы оқиғалармен аяқталған жағдайлар да болды. Біз осы тұстан Астана қаласының Қоршаған ортаны бақылау және сапа басқармасы Есіл ауданы инспекция бөлімінің бас маманы Ернар Қиябаевпен жолығып, көкейде жүрген сұрақтарымызды қойдық.

– Ернар мырза, сөзімізді тұр­­ғын үй шаруашылығы тө­­ңі­регінде болып жатқан өз­ге­рістерден бастасақ. Жаңа жүйе ха­­лыққа қаншалықты қо­лайлы болмақ?
– Рас, ПИК қызметіне ха­лық­­тың көңілі толмайтын. Түрлі ша­ғымдарды да естідік, тұр­ғындардың пікірін де білдік. Енді бұл проблемалар көп ұзамай ше­шімін табады деген ойдамын. Қазір осыған байланысты жаңа заң жобасы әзірленіп, талқыланып жатыр. Өз кезегінде Президент Әкімшілігі мен Премьер-министр кеңсесінің ескертулері енгізіліп, кемшін тұстары бас­ты назарға алынды. Бұрынғы проблемалардың шешім жолдары назарға алынған соң заң жобасы әзірленді. «Қазақстан Республикасы Тұрғын үй қатынастары» туралы заң қазір Үкіметтің №570 қаулысымен 17 қыркүйек күні Парламенттің Мәжіліс па­латасының қарауына жіберілді. Қазір ол толықтай қарастырылып жатыр.
– Жаңа заң жобасының қандай артық­шылықтары бар? Қандай мәселелер қозғалды?
– Тұрғындардың осы салада көңілі толмайтын тұстары көп. Осыған байланысты жаңа заң жобасында талқыланған басты мәселе ПИК жұмыстарының жүйесін өзгерту болды. Қазіргі заңн­ың нормасында 4 форма бар. Нақтырақ айта кетсем, алғашқысына 20 адамға де­йін өздері басқаратын үйлер кірсе, екінші түрі пәтер иелері кооперативінен құралады, үшін­­шісіне заңды тұлғалар қа­растырылған. Ал соңғысына заңға қайшы келмейтін, яғни тұрғын үй-құрылыс коопе­ративтері, қоғамдық бірлестіктер кіреді. Енді осының бәрін меншік иелерінің бірлестігі (МИБ) деген жүйеге келтіру көзделіп отыр. Былайша айтқанда, 10 пәтер меншік иесі ашылса, МИБ болуы керек. Оның бір банктік шоты, қызмет көрсету компанияларының бірімен жа­салған келісімшарты болуы тиіс. Бұл жоғарыда айтылған қайғылы жағдайлардың алдын алуға сеп­тігін тигізеді.
– Осыған дейін тұрғын үйдің аумағында қандай да бір апатты жағдай болса немесе ­подъезд ішіне жөндеу жұмыстары жүр­гізілсе, пәтер иелері қажет қар­жыны бірлесіп төлейтін.
– Иә, бұрын мұндай жағдай болатын. Мәселен, тұрғын үйдің құбыры жарылса, күздігүні не­­месе көктемде, жаңбырлы күн­дері жоғары қабаттан су там­шыласа, инженерлік жүйесі жөндеу жұмыстарын қажет етсе, қаржыны тұрғын үйдегі пәтер иелері ортақтасып шығаратын. Бірақ мұнда үлкен бір проблема – шығын көлемі аз болмайды, бірнеше миллион теңгені құрап жататын кездер жиі кездеседі. Ал әрбір пәтерге бөлінген соманы бірі төлесе, екіншісі созып, біраз уақыт жүріп алатын. Бір мезетте қажет соманы жинау мүмкін емес еді. ПИК қызметкерлеріне осы жағы айтарлықтай мәселе тудыратын. Бірақ бертін келе бұл проблеманың да шешім жолдары табылды. Өздеріңіз білетіндей, қазір «Қазақстан Республикасы Тұрғын үй қатынастары» туралы заңының 35-бабының 8-тармағына сәйкес, мақсатты алымдар жиналмас үшін тұр­ғындар жинақ шотын ашып, со­ған есептік көрсеткіштен әр шаршы метріне 0,02 пайыз, яғни 48 теңгеден төлеп отырады. Міне, осы жиналған қаржы жо­ғарыда айтылған төтенше жағ­дай кезіндегі шығындарға жұм­салады. Ол пәтер меншік иелері қабылдаған шешімге сәйкес қана жаратылады.
– Ал ПИК қызметкерлерінің жалақысы мақсатты алымдар­дың есебінен қарас­тырылуы мүмкін бе?
– Жоқ, ондай жағдай кездес­кен емес. Олардың жалақысы – мақсатты алым, яғни тұрғын үйлердің жинақ шотынан мүл­дем қарастырылмайды. Тұр­ғын­дардың айма-ай төлей­тін ақшасынан жиналған қар­жы­да ғана ПИК басшысының жа­лақысы, көрсететін қызметтері қарастырылады.

Сұхбаттасқан
Аян ӘБДУӘЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды