«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Педагог мәртебесі: ұстаздар ұсынысы ескеріле ме?

0 328

Елбасы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу керектігін тапсырғаны белгілі. Аталмыш құжатта мұғалімдердің жүктемесін азайтып, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан босатуды нақтылады. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі ресми порталда ашық алаң ұйымдастырды. Күні кешеге дейін оған еліміздің әр аймағындағы 300-ге жуық ұстаздан түрлі ұсыныстар келіп түскен. Бізді алаңдататыны – ұстаздардың сол ұсыныстары шын мәнінде ескеріле ме?

Мұғалім еңбегі бағаланбайды

Заң жобасын талқы­лау­да ұстаздар мен ата-­аналар өте белсенділік танытуда. Келіп түскен ұсыныстарды сараласақ, мұғалімдердің басым бөлігі қағазбасты­лық пен шамадан тыс жүк­­те­меден құтылғылары ке­леді. Жаңартылған оқу бағ­дарламасы мен жал­а­қының тым аздығына да алаңдайтындар көп екен. Ал жасы келген ұстаздар қауымы еңбек өтілдеріне сәйкес ертерек зейнет жасына шығу туралы ұсы­ныс­тарын айтқан.
Мәселен, Білім беру ісі­нің үздігі Талғат Әнуарбекұлы өзінің отыз үш жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, бүгінгі қо­ғамда мұғалім еңбегінің баға­ланбайтынын айтады.
«Мұғалімдердің еңбегі дұрыс бағаланбайды. Бір ғана мысал келтірейін. Білім саласында қырық жылдан астам еңбек ет­кен, жоғары білімді, жо­ғарғы санатты бастауыш сынып мұғалімін зейнет­керлік жасқа шыққан кезде аудандық білім бө­лімінің мақтау грамотасы, азын-аулақ ыдыс-аяқ сыйға тартып шығарып салуы көңілге қонбайтын көрініс. Бұл дұрыс емес. Мұндай көрініс бізде ғана емес, барлық жерде бар деп ойлаймын. Әсіресе, ауылдық жерлерде көп кездеседі. Өйткені дәл осындай жағдай өзім жұмыс жасаған мектепте екі-үш рет қайталанды. Осы жағдайды «Мұғалім мәртебесі туралы заңда» бір жүйеге келтіру керек» дейді ол. Оқытушының айтуынша, жұмысын жаңа бастаған маман зейнеткерлік жасқа дейін 40 жылдан астам жұмыс істеу­ге мәжбүр. Сондықтан бұ­рынғы 25 жылдық еңбек өтілмен зейнеткерлікке жіберуді қалпына келтіруді ұсынады. Ал ауылдық жерде жұмыс істейтін мұғалімдерге әлеуметтік өтемдер үшін жылына 1000 теңге бөлу күлкілі екенін айтып, күйінеді.

Қазақ тілі қысқарып бара ма?

«Қазақ сыныбындағы қазақ тілі мен әдебиетінің сағаты жыл сайын қысқаруға ұшырауда. Бұл дұрыс емес, керісінше сағат саны көбею керек» дейді Бағила Ізбасарқызы есімді ұстаз. Ұстаздардың жан айқайы­на үңілсек, сағаттан бас­тап, әлеуметтік жағдайға дейін шешімін таппаған мәселелер жетіп артылады. Бастауыш сынып ұстаздары жүктеме сағат ақысын жоғары сыныптың жүктеме ақысымен бірдей төлеу­ді талап етсе, жаңа оқу бағдарламасына сай материалдық базасы қалыптаспаған мектептер де бар екен. Үйі жоқ, шалғайда пәтер жалдап тұратын, айлығы шайлығына жетпейтін мұғалімдер қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді немесе жатақхана мәселесін рес­публика көлемінде қайта қарауды сұрайды.
Жалпы, Президент берген тапсырманы орындау үшін «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының жобасы мен Тұжырымдама әзірленді. Аталған тұжырымдамада ұстаздар көтерген сағат мәселесіне ерекше назар аударылған. Яғни, мемлекеттік білім беру ұйым­дарында оқу-­тәрбие процесін тікелей жүзеге асыратын педагогикалық қызметкерлерге айлық жалақыны есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемесі қолданыстағы заңмен 18 сағат болып нақтыланды. Сонымен қатар мектептердің аптасына бес күндік оқуға көшу үдерісінің де оң әсер ететіні жазылған. Ал педагогтарды шамадан тыс қосымша жүкте­мелерден босату мақсатында министр­лікте пе­­дагог қызметкерлері үшін жүргізілетін 5 құжат қана ұсынылатын болады. Оның кейбірі электронды құжатта толтырылмақ. Тұжырымдамада мектеп сөмкесіне қатысты зерттеулердің де қорытындысы ұсынылған. Бұл ретте мектеп сөмкесінің ауыр­лығы мектеп оқушысы салмағының 10-18 пайызынан асып кетпеген жөн. Осы мәселені зерделеу нәтижесінде 1-3-сынып оқушылары үшін – 1,5 -2,0 кг-нан; 4-5-сынып үшін – 2,0-2,5 кг-нан; 6-7-сынып үшін – 3,0-3,5 кг-нан және 8-11-сыныптардың сөмкесінің салмағы 4,0-4,5 кг-нан аспау керек делінген.

 

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, білім беру ісінің үздігі:

Педагог мәртебесін айқындайтын заңға енуі тиіс баптар:
1. Білім басқармаларын жергілікті әкімшіліктен ҚР Білім және ғылым ми­нистр­­лігінің құзіретіне өт­кізу керек (Мектеп мұ­ға­лімдерін өз міндетіне жатпайтын жұмыстардан осы қадам ғана құтқара алады).
2. Мектеп мұғалімінің орташа жалақысы жоғары болуы тиіс. Жалақының жоғары болуы мамандыққа деген бәсекені күшейтеді. Бәсеке болған жерде сапа болады.
3. Ер мұғалімдерді 55 жас­тан, әйел мұғалімдерді 50 жастан зейнетке шығару керек.
4. Мұғалім қауіпті мамандық болып қалды.
Сондықтан мұғалімге қол жұмсаған адамға құқық қорғау органы қызмет­ке­ріне қол көтерген адамға тағайындалатындай жаза қолданылуы тиіс.
5. Бюджеттен мектептерді жөндеуге бөлінген қаражат БАҚ бетінде жариялануы тиіс (Сонда мұғалімдер мен ата-аналардан мектеп­ті жөндеу­ге ақша жинау қиынға соғатын болады).
– Заң жобасын дайындау­ға қатардағы мұғалімдер де тартылуы тиіс.
– Заң жобасы БАҚ беттерінде ашық талқыға түсуі керек.

Әсел МҰРАТХАНҚЫЗЫ, балабақша қызметкері:

Он жылдан бері балабақшада жұмыс істеймін. Мектепке дейінгі мекемеде 2 жастан бастап 5 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді және әр топта 25 баладан болады. Әйел адамға жасы ұлғайған сайын кішкентай балалармен жұмыс істеу қиындық тудырады. Себебі мектеп жасына де­йінгі балалар көп қимылды ұнатады. Олармен жұмыс істеу шапшаңдықты талап етеді. Мысалы, серуенге киіндіру ең көп дегенде 15-20 минутта жүзеге асырылуы тиіс. Себебі одан асып кетсе, қалың киінген балалардың алды терлей бастайды. Ал 2-3 жастағы балалар ересектің көмегіне мұқтаж. Ал 63-ке дейін тәрбиешілер кішкентай балалармен бірге қалай жүгіреді, қалай секіреді? Ол кісілердің жасын сыйлап кей жерде талап қоймай жатамыз, сонда жұмысымыздың сапасы қайда? Жалақысы аз деп, жастар онсыз да келмейді. Осыған орай балабақша саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәрбиешілер мен көмекшілердің зейнеткерлік жасын қысқартса екен деймін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды