«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Пәтер жалдаушылар мен берушілерге бірдей жауапкершілік артылады

0 50

Жаңа жылдың басты жаңа­лығы болып жатқан «Ха­лықтың көші-қоны туралы» заңы тұрғын үйді жалға берушілер мен жалдап алу­шылардың арасындағы кө­леңкелі тұстарын жарыққа шығарған сияқты. Бұл бас шаһарымыздағы тұрғын үй қа­тынастары тұрғысындағы өзекті мәселелердің бірі болатын.

photo_194580

Астана қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметі бойынша, өткен жылы 2600-дей адам пәтерлерін жалға берушілер ретінде ресми тіркеліпті. Елордадағы жеке иеліктегі 216 мың пәтердің 12 мыңы ресми жалға берілсе, яғни, 5 пайы-зы, ал, 7 пайызы 16 мың пәтер иесі жалға беруден түскен табыстарын жасырып отыр делінген. Бұл дегеніміз, жыл сайын шамамен тұрғын үйді жалға беруден түсетін 300 миллионнан аса бюджетке түсетін қаржыны жоғалту болып табылады екен.
Пәтерлерін жалға берген меншік иелері мұның бизнеске айналып отырғанын, бұл істің рет-жөнін барлай бермейді. Бұл істі жүргізудегі «Жеке кәсіпкерлік» ашып, түскен табысынан белгілі соманы бюджетке аударып, салықты әкімшілендіруден де оның есебін жүргізудің қиыншылығынан да қашады. Енді пәтерін жалға алушыларды уақытша тіркеу қажеттігі туындағанда бұл шаруаны кейінге қалдырудың жолы тарылды деуге болады.
Салық органдарында ресми тіркелмей, пәтерін жалға берушілер үшін бұл «қолайсыз-ақ». Егер меншік иесінің бұл әрекеті анықталса, онда оған айыппұл салынады. Оның мөлшері туралы Әкімшілік кодексінің 207-бабын анықтап оқып алуға болады.
Бұл мәселенің аясында пәтер жалдау­шылардың тұрып жатқан яғни, жалға алған пәтерлерінде уақытша тіркелу мәселесінен айналып кетуге болмайды. Жалпы, «уақытша тіркелу» деген не? Бұл адамның нақты бір мекен-жайға тіркелгенін ғана білдіреді. Оның жалдап тұрып жатқан меншік нысанына ешқандай құқығы жоқ екенін естен шығармау керек. Тек заң талабы ғана. Қазіргі күнде уақытша тіркелу үшін алдымен үй иесінің келісімі, оның жеке куәлігі, тіркелушінің жеке куәлігі және тіркелу үшін 227 теңге төлегені туралы түбіртек қажет. Сонымен қатар тіркелетін үй иесінің өзі немесе нотариус куәландырған сенімхаты талап етіледі.
Осы тұрғыда, пәтерін жалға беруші меншік иелерінің пәтер жалдаушыларын «уақытша тіркеуге» келісімін алу қиынға түсетін сияқты. «Баспанамда паналатқаным аз емес, өз мәселеңді өзің шеш» дейтіндер табылмайды емес. Тіпті, заңда көрсеткен айыппұлдардың көлемі де әсер етпеуі мүмкін. (Заңның енді ғана қолданысқа енгеніне байланысты оның көлемін тағы да еске салғанның артығы жоқ деп ойлаймын. Пәтершілерді тіркеуге қоймаған пәтер иелері 10 АЕК, яғни 22 600 теңге айыппұл төлейді. Олар жеке тұлға емес, шағын кәсіпкерлер болса айыппұл көлемі 15 АЕК немесе 34 000 теңге, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері болса – 50 АЕК көрсеткіш, яғни 113 500 теңге).
Аслан Есболов, заңгер: «Бұл жерде пәтер жалдаушылар өз құқығын қорғай білуі қажет. Жасыратыны жоқ, пәтерді белгілі бір сомаға жалдайды. Сол арқылы меншік иесінің пайдасына жұмыс істеп, оның бақуатының артуына тікелей араласады. Демек, заң талабынан бөлек, осы кірістердің берекесі үшін де пәтер иелері жалдаушыларды уақытша тіркеуге қою аса ауыр жұмыс емес. Әрі кетсе, оған жарты күн уақыты кетеді».
Нұрсұлтан Әубәкіров, ПИК төрағасы: «Уақытша тіркеудің коммуналдық төлем­дерге әсері болмайды. Қазір көпқабатты тұрғын үйлердің бәрінде дерлік есептеу құрылғылары орнатылған. Онда пай­даланылған суға, электр желісі тағы басқаларына ғана төлейсіз. Ал, біздің қызметіміздің төлемі тек пәтердің шаршы метріне сай алынады. Демек, ондағы тіркелген адамдардың санына қатысы болмайды».
Әрине, тәртіп ортақ, оны орындау да – әркімнің жеке ісі. Дегенмен, екі тарап та өз құқықтарын қорғап, заң алдындағы жауапкершілігін түсінсе, шешілмейтін түйін жоқ.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды