«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Пассионарий педагог

0 216

Зады, пассионарий сөзінің бір анықта­масында оның озық идея үшін зор тәуекелге баруға даяр тұлға екені түсіндіріледі. Үздіксіз ізденістің соңында жүретін мұндай жандар шуағын маңайына шаша келіп, өзгелерге кеудесін кернеген ізгі мұратын біртіндеп сіңіре бастайды. Сол арқылы пікірлес, бағыттас адам­дардың шоғырын топтастырғанын өзі де аң­дамай қалады. Ізгі идеясы арқылы магнитше тарта білетін оның батыл мінезі әрі-беріден соң нағыз көшбасшының тұлғасын танытады. Астана елдің ордасы атанған уақыттан бері осында жемісті қызмет атқарып келе жатқан ұлағатты ұстаз, білікті басшы Жамал Қасымбек осы сипаттамаға әбден дөп келеді.

Біз қалам тербеп отырған Жамал ұстаздың әкесі Ұлы Отан соғысының жауынгері, «Даңқ» орденінің иегері Базарқұл ақсақал Қазақ елінің ақырғы ханы Кенесарының батыры Ақжолтай Ағыбайдың тікелей ұрпағы еді. Міне, сол батырға тән мінез біздің кейіпкеріміздің де бойында бар екенін қатар жүрген әріптестерінің бәрі айтады.
Енді өмір жолына үңілсек, Жамал апай 1975 жылы Шу қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті бітіре салысымен, өзінің бала кезден бергі арманы – ұстаз болуды көздеп, Алматыға Абай атындағы педагогикалық инс­титутқа аттанады. Бірден жолы оңғарылып, студент атанады. Мектеп қабырғасында жүргенде ұйымдастыру қабілетімен көзге түсіп, 1 сыныптан бастап түлеп ұшқанша староста болған жас­тың сол қасиеті жоғары оқу орнының химия, биология фа­культетінде шыңдала түсті. Көп балалы отбасынан шыққан жас өрен орташыл, көпшіл, ұйымшыл қасиеттері бірден көзге түсіп, оқу ордасындағы комсомол ұйымын басшылық етуге жетеледі. 1980 жылы институтты үздік бітірген Жамал еңбек жолын Алматыдағы №4 мектеп-интернатта мұғалім бо­лып бастады. Нендей қиын­дыққа кезіксе де алған беті­нен қайтпайтын жастық жіге­рі, жаңаны тануға құмар ізде­нім­паздығы, оқушы талабын ұштауға іңкәрлігі, іске тын­ды­­рымдылығы сынды қасиет­теріне қарай көп ұзамай ұжым ішінде зор бедел-абыройға ие болды. Интернат басшылығы сонысы үшін жоғары оқу орнын жаңа бітіріп келгеніне қа­рамастан, меңгерушілік қыз­мет­ті көп ойланбастан сеніп тапсырыпты.


Ауылдың қара домалақтарын білім нәрімен сусындатқан осы білім ордасына жас маман сіңісті болып, табан аудармас­тан 11 жыл қызмет етті. Содан кейін 1990-1997 жылдары оған Алматыдағы №133 аралас мектептің қазақ бөлімінің басшылығын да ұршықша үйіріп әкету қиынға соқпады.
Халқымызда «Отызында орда бұзбаған қырқында қамал алмайды» дейтін мағынасы терең нақыл бар. Жігерлі ұстаз Жамал Базарқұлқызы осы сөздің тура мағынасында қырық жасында қамал алды. Дәлірегі, қырықтың қырқасына шыққанында елордамызда білім қамалын өз қолымен тұрғызуға сеп болды. Сөзіміз жалаң болмас үшін бұдан 10 жыл бұрын ресейлік «Независимая газета» басылымындағы «Три возраста Астаны» мақала­сында журналист Наталья Савиц­каяның Жамал ұстазды сипаттауын келтірелік: «Ол кі­сі­мен таныспас бұрын маған былай ескерткен еді: өз мектебін өзі салған жігерлі әрі мықты адам. Маған бірден басына каска мен үстіне құрылысшы киім­ін киген оның қатал кейпі елестеді. Сөйтсем, қателесіппін-ау. Ол сондай жаны нәзік әрі көркем кісі екен». Сол сұхбатта тілшінің «Сіз осы қаланы сүйесіз бе?» сұрағына Жамал ұстаз: «Мұрағатымда мектеп жанында құрылысшылармен каска киіп бірге түскен суретім бар. Мен өз мектебімнің әрбір тасына дейін білемін. Сырлайтын әр бояуды да өзім таңдағам. Демек, осы қаланың құрылысына да қатысым бар. Ендеше, оны қалайша жақсы көрмейін?» деп жауап береді.
Бұдан жиырма жыл бұрын, яки 1998 жылдың 6 мамырында Елбасы жарлығымен Ақмола атауы Астана боп өзгергені есте. Араға жыл салып, 1999 жылдың қыркүйегінде Астана қала болғалы №38 тұңғыш қазақ мектеп-лицейі бой кө­терді. Елорда жылнамасына ойып тұрып жазылған айшықты оқиғаға кезінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы кеп, куә болуы да – зор абырой. Мемлекет басшысы тұсауын кесіп, ақ батасын берген білім ошағы содан бергі уақытта тек мерейі үстем, мәртебесі биіктеп келгені мәлім. Өзгесін айтпай-ақ, ол басқарған №38 лицей 3 жыл қатарынан Астананың «Таңдаулы мек­тебі» атануы, араға жыл салып қайтадан «Үздік білім меке­месі» атағын жеңіп алуы –іскер де талапшыл басшының ұйым­дастырушылық қабілеті мен ұжым ұйымшылдығының жемісі.
Лицейде ұзақ жыл қызмет еткен ардақты ұстаз Шынар Қар­жаубайқызы былайша тебіре­неді: «Әр сөздің мәнін уа­қыты келгенде ғана түсінетін кездер болады. Жамал Қасымбек «Осы ұжымдағы әрбіріңіздің үйіңіздегі тауығыңыздың аяғы сынбаса екен деймін» дегенді жиі айтады. Мұғалімі болмай қалған сыныпқа басқа мұғалім шақыру керек, ол мұғалімнің тосыннан дайындығы қаншалықты болады немесе өз қиындығымен қиналып жүрген мұғалім сабақ­ты өз деңгейінде өткізе ала ма? деп-ақ «ешбірінің тауығының аяғының сынбауын» ойлауды біз Жамал апайдан үйрендік». Жамал Базарқұлқызы – басшы дайындаудың да шебері. Онымен №38 мектеп-лицейде еңбек еткен 16 мұғалім бүгінде қала мектептерінде мектеп директоры қызметін атқарса, 84 мұғалім директордың орынбасары боп еңбек етіп жатыр.
Идеяның адамында қиялға қанат бітірген арман-мақсат таусылмақ емес. Жамал басшы Астанада ғана емес, ел аума­ғындағы озық білім шаңырағын келешекте дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейге айналдыруды көздеді. Құрылыс жұмысында әбден ысылған директор ойлана келе, «Дарын» лицейін бөлек салу керек екен деген шешімге келді. Айтуға оңай болғанмен, зор амбициялы ойдың артында көзге көрінбейтін қаншама қыруар жұмыс күтіп тұр еді. Қала басшылығының саяси шешімінен бөлек, қаржы бөлу, жер бөлу, кадр мәселесі және тағысын тағылар. Тәуекелшіл директор күрделі шаруаға бел шеше кіріскені нәтижесінде, 2000 жылдар ортасында айтыла бастаған ұсынысты 2015 жылы жүзеге асыруға мүмкін болды. Бұл жолы елорданың сол жағалауында салынған білім ордасы құрылысының басы-қасында тағы да өзі бас-көз болды. Әлбетте, бұл өзі басшылық ететін оқу ордасының сапалы салынуына деген асқан жауапкершіліктен туындаған ізгі қасиет екені шүбәсіз.
40 жылға жуық жемісті ең­бек мемлекет тарапынан елеу­сіз қалған жоқ. Педагогика сала­сындағы аса зор табыстары үшін «Құрмет» ордені, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, ҚР Премьер-министрінің алғыс хаты, ҚР Білім және ғылым министрінің екі рет құрмет грамотасы, «Астана қаласының 10 жылдығы» медалі және басқа да көп марапатқа бөленді. Бір айта кетері, мемлекеттік марапаттың дені Жамал ұстазға елордамызда еселі еңбек еткен жылдары берілген екен. Еліміздің бас қаласына қалтқысыз қызмет жасаған ұстазға елорданың да қапысыз сыйы осы болды деп түйдік. Тек ұстаздық, басшылық жұмыс қана емес, 2007 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің үйлестіру кеңесінің құрамында білім саласындағы реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін ақылдасқан қауымның да бел ортасында болды. Сөз соңы ретінде айтарымыз, ұстаз Жамал, құрылысшы Жамал, басшы Жамалдың ендігі бір аса құнды да елге пайдалы қыры – қоғам қайраткері Жамал деп сөз саптасақ, пассионарий педагогтың ұлы дала ұстазы атына лайық жан-жақты азаматтық келбетін толық танығандай боламыз.

Қанат ӘУЕСБАЙ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды