«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Партиялар кімге сенім артады?

0 33

Елімізде 9 маусымда Президент сайлауы өтетіні мәлім болды. Биылғы жазда саяси доданың көрігі қызады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау өтетін күнді жариялап еді, саяси партиялар өз үміткерін ұсынатынын мәлімдеп үлгерді. Ал саясаттанушылар өз болжамын айтып, бал ашуға кірісті. Сонымен, «Қай партия қай үміткерін ұсынады?» деген сауал дүйім жұртты ойландырып отыр.

Осы мәселеге өзімізше сарап жасап көрелік. «Сайлау туралы» заңымыз бойынша сайлауға тек еліміздегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынған үміткері ғана қатыса алады. Қазақстанда 6 саяси партия бар: «Нұр Отан», «Ақ жол» ҚДП, «Қазақстанның халықтық-коммунистік партиясы», «Ауыл», «Бірлік» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия. Әзірше коммунистердің өкілі, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров президенттікке таласуға дайын екенін мәлімдеді. «Ақ жол» мен «Ауылдың» жетекшілері – Азат Перуашев пен Әли Бектаев сайлау додасынан тыс қалмайтынын жеткізді. Демек, бұл екеуі партияның атынан түсетін үміткер деген сөз. Қалған екі партияның не істейтіні әлі беймәлім. Қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың салмақты бір үміткер ұсынатындай әлі саяси тәжірибесі жоқ.
Еліміздегі ең үлкен саяси күш – «Нұр Отан» партиясы сәуірдің соңына дейін өз үміткерін анықтайды. Бұл туралы партияның хатшысы Тамара Дүйсенова мәлім етті. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауға қатысу мүмкіндігі туралы баспасөз хатшысы Берік Құрманғали: «Үміткерді ұсыну туралы шешімді партияның өзі қабылдайды» деп түсіндірді. Қалай болғанда да, сайлау­дағы тартыс билік партиясының кімді ұсынатынына байланысты болмақ.
Сайлау бюллетенінде кемінде бес адамның аты-жөні тұруы тиіс. Саясаттанушылардың жорамалы бойынша биліктің ең басты үміткері Қасым-Жомарт Тоқаев болмақ. «Партия бірден екі үміткерді сайлау­ға ұсына алмайды. Яғни Сенат төрайымы Дариға Назар­баева бұл додаға ат қоспайды» дейді саясаттанушы Талғат Қалиев. Оның әріптесі Толғанай Үмбетәлие­ваның пайымдауынша, бұл жолғы сайлаудың басқа сайлаулардан бірер ерекшелігі бар. «Біріншіден, бұған де­йін өзге үміткерлерге жеңуге мүмкіндік қалдырмайтын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатыспайтыны. Демек, барлық үміткерлерге тең дәрежеде бәсекеге түсуге мүмкіндік туып отыр. Халық бұрын сайлауға енжарлықпен барса, биыл, керісінше, белсенділік танытуы тиіс. Әр адам өз үміткеріне дауыс беру мүмкіндігін жіберіп алмауы қажет» дейді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды