«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Пара бишілер байқауы

0 54

Астанада мүмкіндігі шектеулі жандар арасында пара биден ашық чемпионат өтті. ҚР Заманауи және спорттық би федерациясы мен Астана қаласының спорттық би федерациясы ұйымдастырған шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы қол­дау көрсетті.

Пара би бойынша ашық чем­пионатқа еліміздің алты аймағынан (Астана, Шымкент қалалары, Түркістан, Ба­тыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстары) өкілдері қатысты. Олардың арасында би спортынан әлем және азия чемпиондары мен лауреаттары бар.
«Пара би спорты елімізде кәсіби түрде 2009 жылдан бас­тап қолға алынды. 2010 жылы барлық өңірлердегі Мәдениет және спорт басқармасының жанынан пара би спорты бөлімі жұмыс істей бастады. Содан бері Қазақстан чемпионаты тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінде 34 адамнан тұратын ұлттық құрама бар. Қазақстан құрама командасы жыл сайын халықаралық жарыстарға қатысып, жүлдемен оралады. Мәселен, үстіміздегі жылы біздің спортшылар Польша, Тайвань, Германия елдерінде өткен халықаралық байқау мен әлем кубогына қатысып, жүлделі орындар иеленді. Пара биді тек спорт түрі ғана емес, тағдыры ерекше жандардың басын қосатын мереке деп айтуға болады» дейді ҚР Заманауи және спорттық би федерациясының президенті Әлия Түсіпбекова.
Ұйымдастырушылардың ай­туын­ша, аталған байқау қаты­су­шыларға биыл өтетін әлем және азия чемпионатына лицензия алуға, сондай-ақ спорттық дәреже иеленіп, ұлттық құрамаға кіруге мүм­кіндік береді. Яғни, үздік деп танылғандар еліміздің атынан әлемдік жарыстарға қатысады. Осымен жетінші рет ұйымдастырылған бұл турнир қатысушылар үшін жылдың бас­ты оқиғасы саналады. 2011 жылы басталған өнер сайысы 7 жылдың ішінде 15 мыңнан астам бишінің басын қосқан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды