Четверг, 21 Сентябрь 2017
-->

Озықтар өскеменге барады

«Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы №74 мектеп-гимназиясында Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен рес­публикалық олимпиаданың қалалық кезеңін өткізді.

Ұстаз мамандығын бар жанымен жақсы көрген «Қазақтың Қанипасы» – халықтың жүрегінде. Ұлттық сөз өнерін оқыту мен жас ұрпақты тәрбиелеу жұмыс­тарын тұтастыра жүргізудің үздігі атанған «Дәуірдің дара ұстазы» бүгінде ұлағатты ұстаздарға өнеге-үлгі мектебі болып отыр. Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен рес­публикалық олимпиадаға Астана қаласындағы қазақ тілінде білім беретін мектептердің 9-11-сыныптарынан 76 оқушы қатысты. Қанипа Омарғалиқызының еңбегі мен шығармашылық жолын жас ұрпаққа дәріптеп, ана тіліміздің қадір-қасиетіне бас иіп, қазақ тіліне деген ерекше құрметін туғызу мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын олим­пиада ІІ кезеңнен тұрды. І кезең – жазбаша, оқушылар берілген тақырыптардың бірін таңдап, эссе жазды. ІІ кезең – ауызша, қазақ тілін, қазақ әдебиеті шығармаларын, Қ.Бітібаеваның өмірбаянын, оның ғылыми мұрасын және публицистикалық еңбектерін білуі бойынша тапсырмаларды орындады.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша топ жарған 16 оқушы сәуір айының 27-30 күндері Өскемен қаласында өтетін республикалық олимпиадаға жолдама алды.

Гүлжан РАХМАН

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*