«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Озық бағдарлама сот жүйесін жаңғыртады

0 45

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында сот жүйесі алдына бірқатар тапсыр­малар қойды. Сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру, халықпен тиімді кері байланыс орнату, заңды тұрғыда түсіндірме жұмыстарын жүргізу сияқты басым бағыттар «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасында бекітілді.

Қит етсе сотқа жүгірген не ұтады?

«Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Smart sot» немесе «Е-сот», «Сапалы нәтиже», «Оңтайлы орта» және «Татуласу: сотқа дейін, сотта» атты жеті түйіннен тұратын озық бағдарламалар сот жүйесінің жаңғыруына бағытталды. «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағдарламасы бойынша айтсам, қазіргі таңда сот қабырғасында қаралатын дау-дамай саны күн санап өсуде. Даулардың басым көпшілігі ақылға қонымды екі ауыз сөзбен келісімге келетін мәселелерден тұрады. Ал осы болмашы даумен сотқа жүгіну тиімсіз, ұзақ әрі айтарлықтай шығынмен ұштасатынын көпшілік біле бермейді. Ұсақ-түйек мәселе бойынша эмоцияға берілген жандар бірден сотқа арыз түсіріп жатады. Даулы мәселені ой елегінен өткізіп, уақыт пен қаражатты жоғалтпай, өзара келісімге келу арқылы шешу, әрине, тиімді. Ал дауларды сотқа дейін реттеу сот талқылауына және онымен байланысты уақыт пен сот шығындарына ұшырамауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, дауларды жеке қарсылық аясынан шығарып, мүдделі пікірталас аясына көшіруге тікелей жол салатын татуластыру рәсімдері сот жүктемесінің азаюына да септігін тигізеді.

«Татуласу: сотқа дейін, сотта»

Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасының «Ұлттық құқықты дамытудың негізгі бағыттары» атты екінші тарауында жеке-құқықтық жанжалдар тараптары арасындағы бітімге қол жеткізудің сот тәртібімен реттеу, сондай-ақ соттан тыс тәртіптегі түрлі жолдары мен тәсілдері, азаматтық құқықтарды қорғаудың соттан тыс нысандарын дамытуға бағытталған азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру жөніндегі шаралары межеленіп айтылған. Заң шеңберінде дауларды шешудің баламалы тәсілдері ретінде медиативтік, партисипативтік және татуласу келісімдері қарас­тырылады. Татуластыру рәсімдерінің барлығы азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.
Дауларды сотқа дейін және сотта шешу үшін Жоғарғы сотпен ауқымды, жүйелі жұмыстар жасауда. «Татуласу: сотқа дейін, сотта» қанатқақты жоба аясында татуластырушы-судья, медиаторлар, психологтар қарқынды жұмыс істеп жатыр. Соттарда ашылған арнайы фронт-кеңседе медиаторлар сотқа жүгінген халыққа қызмет көрсетеді. Пилоттық жоба аясында қаралған істер жалпы сот талқылауының уақытымен салыстырғанда 2-5 жұмыс күні ішінде татуласу рәсімдерін қолдану арқылы қаралып, аяқталады. Пилоттық жоба жұмысына татуластырушы-судья да жұмылдырылды. Дәл осы мезетте судьяның көп жылдық тәжірибесі, шеберлігі дауды терең зерттеп, оған баға беріп, адамгершілік қарым-қатынас ұғымын келтіре отырып, тараптарды ауызбіршілікке алып келуге көмектеседі.

Татуластыру рәсімдері – трендте

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, судьялардың татуластыру рәсімдерін жүргізу Германия мен АҚШ-та кең етек жайған. Ал медиация институты Австрия, Венгрия, Болгария, Румыния, Польша елдерінде қарқынды түрде дамуда. Нидерланды, Франция, Германия, Бельгия, Швейцария, Италияда медиация заңнамалы деңгейде бекітілген. Жоба аясында биылғы жылғы 9 айда атқарылған жұмыс бойынша мәліметтерге тоқталсақ, қаладағы бірінші сатылы соттарда азаматтық істер бойынша 994 татуласу келісіміне қол қойылған, 8 партисипативті келісімге келген. Татуластыру рәсімдері бойынша ең жоғарғы көрсеткіштер көрсеткен Нұр-Сұлтан қаласындағы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 994 татуласу келісіміне, 663 медиа­тивтік келісіміне, Сарыарқа аудандық соты 683 медиа­тивтік келісім және Алматы аудандық соты 709 медиативтік келісіміне келтірген. 9 айда апелляциялық сатыда қаралған істер бойынша тараптар арасында 28 татуласу келісімі, 44 медиативтік келісімге қол қойылған.

Отбасын сақтап қалғаны үшін алғыс білдірді

Жуырда Алматы аудандық сотына Г. атты азаматшадан алғыс хат келіп түсті. Хатта төрт баланың анасы өзінің сотқа некені бұзу және алимент өндіру туралы талап арызбен шағымданғанын, осы істі қарау барысында судьяның ерлі-зайыптылармен әңгімелесіп, отбасы құндылығы, бала бақыты мен некені сақтаудың жауапты іс екенін ұғындыра білгенін тілге тиек етті. Отбасы атынан ризашылығын білдірген ана судьяның шеберлігі арқасында отбасын сақтап қалғанын айтып жеткізді. Екі жақты бітімге келтіріп, бейбіт қарым-қатынастың орнауына септігін тигізіп жатқан судьялардың еңбегі ерен.

Жаңа орталық танымал бола түсті

Биылғы маусым айында Нұр-Сұлтан қалалық соты нәтижесінде қала әкімдігімен бірлесе әрекет етуі халыққа кешенді қызмет көрсететін татуласу орталығын ашты. Онда тараптарды татуластыру үшін қолайлы жағдай жасалған, балалар үшін ойын алаңы ұйымдастырылған. Мекемеде көрсетілетін қызмет түрлерінің барлығы тегін. Сондай-ақ әр сенбі сайын қала тұрғындары үшін адвокаттар алқасының адвокаттары азаматтық даулар мен қылмыстық істер бойынша тегін заң кеңесін береді. Орталық ашылғалы 1400 адам өтінішпен жүгінген. 352 медиативтік келісімге қол қойылған. 50 адамға тегін заң кеңесі беріліп, 25 адам психологтың көмегіне жүгініп, азаматтар өздерінің түйткілді мәселелерін шешкен. Татуласумен аяқталған дау-дамайлардың бірін мысалға келтірсек, үзеңгілес екі бизнес-серіктестің арасында тауар қою туралы келісімшарт бойынша уақытында төленбеген төлемге қатысты даулы мәселе туындаған. Татуласу орталығында екі әріптес 16 миллионнан астам соманы өндіру туралы дауды өзара бітімге келумен шешті. Медиативтік келісімге келген екі тарап уақыттарын үнемдеп, серіктестік қарым-қатынасты сақтап қалды. Мұндай жұмыстар өтініш сипатын, даудың санатын, өзекті мәселелерді реттеу тәсілдерін анықтау, медиаторларды таңдаудан бастап медиациялық келісім жасауға дейінгі тиісті көмек көрсетуді қамтиды. Бұл өз кезегінде дауды ың-шыңсыз тез бітіруге, моральдық және материалдық ауыртпалықты, қоғам ішіндегі құқық бұзушылықтар мен жанжалды жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді.

Ботагөз БАЯНОВА,
Нұр-Сұлтан қалалық
сотының баспасөз хатшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды