ӨЗІНЕН ЖЕРІНГЕНДІ БӨТЕН БАУЫРЫНА БАСПАЙДЫ

Айқын ДҮЙСЕМБАЕВ, психолог: ӨЗІНЕН ЖЕРІНГЕНДІ БӨТЕН БАУЫРЫНА БАСПАЙДЫ

 

Соңғы кездері атауына ептеп құлағымыз үйреніп келе жатқан психолог қызметіне көбіміз жүгінбейтінімізді, оның не екенін түсінбей, осы қызметке күмәнмен қарайтынымызды да қоса айтқанда, кәсіби психолог Айқын Дүйсембаев бұл саланың кешеуілдеп дамып, кенжелеп қалғанымен түсіндірді.

– Расында да, психология 90-жылдары ғана халық арасында кеңінен тарала бастады. Көбіміз жапа-тармағай Зигмунд Фрейд сияқты атақ­ты ғалымдардың кітаптарын сатып алып, парқына жетпей, жылы жауып қоя сал­ғанбыз. Жаңа ғылымға деген қызығушылығымыз осымен бітті десе де болады. Әйтсе де, адам жаны­ның білгірлері туралы айтылған жерде елең ете қалып, айтқан кеңес­теріне құлағымыз тү­рік жүретін.
– Тек қазақтар емес, ТМД елдері бойынша тұрғындардың 7-10 пайызы ғана психологқа жүгінеді. Ал қалған 90 пайызы емші, көріпкел, құмалақшы, тағысын тағыларға баруға құлықты. Оның бір себебі – кеңес билігі 1936 жылдары арнаулы қаулымен психологияны жалған ғылым ретінде танып, тыйым салынды. Осылайша, кеңестіктердің өзін-өзі тануға деген талпынысын шектеді. Соңғы жиырма жылдық тә­жі­рибемде бұл ғылымның қазақтың дүниетанымына жат еместігіне көзім жетіп отыр. Бірде ұжымда жабық семинарда талданып отырған тақырыпты, «психологиялық техникаға» сәйкес, қазақтың даналығымен шегелеп отырдым. Семинар соңында ұлты кәріс әйел қасыма келіп: «Енді міндетті түрде қазақ тілін үйренемін. Америкалықтар мұның бәрін 80 жыл бұрын ойлап тапса, қазақ халқының даналығы, олардың ұстанымы, дүниеге көзқарасы мыңдаған жылдар бұрын қалыптасып, бүгінгі күнге жеткен екен. Сонда ақылдың иесі кім?» деп таңғалды. Мүмкін қазақтардың психологияға аса мән бермеуі осыған да байланысты шығар. Әркім ата-бабаларының өткен жолына, өз жүрегіне үңіле білсе, өмірдің барлық сұрақтарына жауап табады деп ойлаймын.
– Сонда қазақтың қандай даналығы психологиямен қабысып жатыр деп ойлайсыз?
– «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда», «Ең­кейгенге еңкей, атаңнан қалған құл емес. Шалқайғанға шал­қай, пайғамбардың ұлы емес», «Қалауын тапса қар жанады», «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады», «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше», «Жатқан тастың астынан су ақпайды», «Өзің білме, білгеннің тілін алма», «Түсі жылыдан түңілме». Айта берсе, осылайша кете береді.
Менің анамның жасы 77-ге келді. «Адамды көрген бетте кім екенін жазбай танимын» дейтін анамның сөзін кезінде әзілге айналдырушы едім. Содан Ленинградта оқып жүргенде, америкалық ғалым Альберт Меграбянның адамның «невербалдық» қаси­еті туралы еңбегін оқыдым. Ол тұңғыш рет көріп тұрған адаммен тілдескен бес минуттың маңызы бар деген шешімге келген. Ғалым 8 мыңдай адаммен кездесіп, тілдескен. Яғни, жаңа көрген бейтанысқа көз жүгіртіп қарау арқылы 55 пайыздық пі­кіріңіз орнығады, оның 38 па­йызы дауысыңыздың әуезділігі мен ырғағына қатысты бе­ки­ді, 7 пайызы ғана не айта­ты­ны­ңызға байланысты екен. Тілдеспей жатып көздері түйіс­кен кезде біраз нәрсені көңілге түйіп үлгереді. Демек, шешемнің «кісіні бір көргеннен танимын» деген сөзінің жаны барына көзім жетті.
– Бұл ілімнің көшін Зигмунд Фрейдтен бастайды дейді.
– Психологияның әр тар­мағын жете зерттеген көп­теген ғалымдар бар. Соның бірі – тәжірибелік психологияның бастауында Фрейд тұр. Ол «бессознательное» теориясын ашты. Қысқаша түсіндіргенде, саналы адамдардың мақұлықтардан айырмашылығы – ойлау қабілетінде. Адам саналы дейміз. Бірақ Фрейд адам жаратылысының 10 пайызы саналы десе, қалған пайызын «бейсана» билейді дейді. Алдында мен де келіспегенмін. Іздене келе, логиканың дұрыстығына көзім жетті. «Бейсана» – бұл біздің эмоция­мыз. Мысалы, темекі тартатын адам жаман әдетін тастағысы келеді. Өзі де біледі, дәрігерлер де зиян екенін айтып жүр. Адам түсінеді. Тастағысы келеді, алайда көбінің қолынан келмейді, жаман әдеттен құтыла алмайды. Санамыз айқын болса да, жаман әдет «бейсанада» жасырынып жатыр. 90 пайыз 10 пайызды алып та, шалып та жығады ғой. «Көз қорқақ, қол батыр» деген даналықты басшылыққа алып, оны алға итермелейтін ілмек тауып, өз ерік-жігерін ұштамаса, оң нәтижеге қол жеткізу қиын. Адам жанын талдай келгенде, «сана», «бейсана», «санаасты», «санадан тыс» әрекеттерімен толығады. Адам жанына үңілген сайын әрекет, қимылдарының бір қазыққа байланғанын байқаймыз.
Кейбіреулер психологияны психотерапиямен шатас­тырып жатады. Оның біздің қызметімізден айырмашылығы – адамды түйсік, сезімі жоқ дене ретінде қарайды. Олар науқастың тәнін емдегенімен, жанын емдеуге кейде құдіреті жете бермейді. Ал психологтың психотерапиямен айналы­суына болмайды. Өйткені олар дәрі­гер де, психотерапевт те емес.
Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, жан дүниесі, көзқарасы бізді маман ретінде қызықтырып, олардың қолайлы өмір сүруіне жол ашамыз. Тек сөзбен емес, адамға әсер ететін түрлі терапия мен әдістемелерді қолдану арқылы бұл саланың адамтануда алға озғанын айтқым келеді.
– Өзіңіз ашқан «Қасиет» психология орталығы 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Басты бағыттарын екшеп алғанда, кешенді психологиялық тестілеуге мән бересіздер. Оны қалай түсінуге болады?
– Мұны психологияның маңызды бір әдістемесі, бас­ты құралдарының бірі деуге болады. Жасыратын несі бар, адамның не ойлағанын дөп басатын құралдар өте тапшы. Мысалы үшін айталық, суицидтік ойы барларды анықтауға арналған тест өте сауатсыз жазылған. Ресми бекітілген соң оны қолдануға тура келеді. Алайда басында бөтен ойы барлар оған жауап бермейді. Көпжылдық тәжірибеме сүйе­не отырып, өзімнің «12 маңызды маркер» деп аталатын сұрақтарымды құрастырдым. Егер осы сауалнаманың жартысына ғана «иә» деген жауап алсаңыз, онда жағдайдың қиындағаны. Алтыға дейінгі оң жауаптарды бері қайтаруға болады. Ондай жауап алтыдан асса, шұғыл түрде арнайы жұмыс істеуді талап етеді.
Біраз жыл бұрын әскери салада жұмыс істедім. Ол кезде біздің тірлігімізге көп мән бермей, шарттылық ретінде қабылдайтын. Сонда да өз жұмысымды жүргіздім. Мың­даған солдаттарға сауалнама жүргізіп, өзіміздің түйгенімізді алға тарттық. Күндердің күнінде үш солдаттың өзіне-өзі қол жұмсаған оқиғасы орын алды. Таяқтың бір ұшы психологқа тиеді. Қағазды көтергенімізде, көз жұмған үшеудің де алты сұраққа «иә» деп жауап бергенін алға тарттым. Осы қайғылы нәтижелерден кейін ғана психотестті мойындатуға тура келді. Қалған төрт жылдық әскери қызметімде мұндай оқиға орын алған жоқ.
Алайда бүгінде бұған қа­тысты жайт жиі алдымнан шығады. Суицид жасарып келеді. Бұрын 6-сыныптың оқушысы өзіне қол жұмсаса, қазір 3-сыныптың оқушысы ештеңеден тартынбайтыны ойландырады.

ҰБТ-МЕН ҮРКІТІП КЕЛЕМІЗ
– Мұндай қасіреттің қалай алдын алуға болады? Өзіңіз­дің әдістемеңіз, ойға түйгендеріңіз бар ма?
– Оның әлеуметтік маңыз­дылығына қарай тартылған мамандардың санында кемістік жоқ. Дәрігерлер, полиция мен педагогтар, психологтар да осы түйіннің күрмеуін шешумен айналысады. Қалалық емханаларда суицидология кабинеті ашылды. Әңгіме жұмыстың тиімділігінде, мамандардың үйлесімді жұмыс атқаруында. Орын алған оқиғаларға қарап, бағытымызды ауыстырып, басқа тұрғыдан қарау қажеттігі бар деп есептеймін.
Мектеп психологтарының бір шоғыры да жұмыс істеп жатыр. Олардың да шарасыздан қолын жаятын кездері жоқ емес.
«Скрининг» – тұрғындардың құлағы үйренген термин. Мұны сүзгіден өткізу деген ұғыммен байланыстыруға болады. Егер салыстыра айтсақ, өзен-көлден балық аулау үшін тор салынады (ау). Көзі үлкен тордан майда шабақтар кедергісіз өтіп кетеді. Ал біршама ірілерінің ілініп қалатыны бар. Бұлардың бәрінің бізге керегі жоқ. Осылардың арасына торды тағы тастағанда ғана керек «балығымызды» ұстаймыз. Олар біздің назарымызға түскенін өздері сезбейді. Психолог тірі жанға білдірмей өзі жеке жұмыс істеу керек. Яғни, күдігін сейілту үшін баланы сөзге тартып, әлсіз жерін анықтау керек. Бізде ше? Күндердің күнінде қалт кетеді-ау, жаманшылыққа бейімді-ау деп анықтасаңыз болды, онымен әрі қарай жұмыс істеуге құқығыңыз жоқ. Онымен арнайы «суицидологтар» жұмыс істеу керек. Мектеп оқушысы болса директорға, мұғаліміне, ата-анасына хабарлау тиіс. Ақырында бәрі жабылып келіп, арқанға өздері байлайтындай халге жеткізеді. Бұл көпшіліктің талқысымен алдын алатын ахуал емес. Ал психологтың екі қолы байлау­лы.
Біздің білгеніміз бойынша адаммен тек өзіміз жұмыс істеп, ол тіпті мұғалімі, директоры, учаскелік инспекторы, тағы басқа болса да, ешкімді араластырмай, қайта-қайта тестілеп, әңгімелесу, тренинг арқылы ойын анықтаймыз. Балаға білдірмей, тең құрбы­ларының ортасындағы орнын зерделейміз. Ата-анасымен де жұмыс істеп, жұқалап сөзге тартып, баласымен қарым-қатынасы мен көзқарасын түзеуге болады. Сонда ғана жылт еткен жаман ойды баланың албырт санасынан алып тастаймыз.
Көп жылғы жұмыстардан кейін жасөспірімдер арасында мынадай үрдіс барын білдім. Ата-анасы тұрғысында «Мен өлсем не істейсіңдер?», «Қалай жылар едіңдер?» деген ой онның тоғызында кездеседі. Бұл – өсіп келе жатқан бала үшін қалыпты нәрсе. Тоғыздың бәрі бірдей өзіне-өзі қол жұмсайды деген емес. Мәселе баланың ойын басқа нәрсеге бұрып, дер кезінде ықпал ете білуде жатыр. Егер ата-анасы мен ұстаздарының қолынан келмесе, кәсіби психологтың қызметіне жүгінген жөн.
Тағы да бір мысал. 2-сыныпта оқитын баланың тәрбиесіне алаңдаған ересектер үйіне шақырды. Жиені екен, ата-аналары басқа қалада тұрады. Сабақ үлгерімі нашар, мұғалімдердің айтқанын орындамайды, мінезі қиқар. Тіпті бірнеше рет үйіне қашып бара жатқан жерінен пойыздан ұстап алыпты. Алдын ала ақпаратты алып, үйге келдім. Келсем, бала үрпиіп тұр. Психолог деген сөзді қайдан түсінсін, жаналғыш келгендей қорқақтап, көзінің астымен қарайды. Мұндай жағдайда баламен сөйлесу мүмкін емес. Алдымен ересектермен сөйлесейін дедім.
Баланы өз бөлмесіне жіберіп, біздің сөзімізді ести алатындай жерге жайластық. Жалпы, астыртын тыңдаған, кездейсоқ көрген нәрселердің адам санасына әсері күшті. Егер «былай ет, мұның жаман» деп тікелей айтсаң, елемеуі мүмкін. Содан не керек, үй иесі қызын мақтай жөнелді. Ол – «супер». Мына бала – ақымақ. Өз туысы болса да, әке-шешесі де жаман адамдар. Мен жағдайды түсініп, баланың адвокатына айналып, мақтай бастадым. «Сіздің қызыңыз жақсы болса, онда сіңліңіздің де баласы ақылды болады». Осылайша, алдымен баланың тәтесінің ойын түзетуге тура келді. Бала үнсіз тыңдап отыр. Он күннен кейін келсем: «Баланы өзгертіп қойғандай, мінезі жақсы, үлгерімі түзеліп, құрдастарымен де тіл табыса бастады» деді тәтесі. Адамды жаман дегеннен жақсы болмайды ғой…
– Сіздің астаналық оқушы­лармен жұмыста­рыңыз, әсіресе, ҰБТ-ға дайындық кезінде жақсы жемісін беріп келеді емес пе?
– Мақсатым – осы процес­ке лайықты бағасын беріп, оған түлектердің де, ата-аналарымен бірге ұстаздардың да көзін жеткізу. Еркін өсіп келе жатқан жастардың үлкен өмірге бет алысында ҰБТ-мен үркітіп, қолдан кедергі жасауға болмайды. Шәкірттің білім деңгейін ғана анықтайтын бір шарттылықты зорайтып алдық. Он жыл алған білімін сызып тастап, өзіне деген сенімінен аластап, оқушылардың психологиялық дайындығына мән бермейміз. Көп болса, бір бағасын кем алар, мұғалімдерімен, ата-аналарымен дұрыс қарым-қатынас орнатса, үздік білімін де көрсетер. Алайда ҰБТ-дан сүрінгендердің «осымен өмір бітті» деп өзіне қол жұмсайтындары қатты алаңдатады. Қоғам бір шешімін табу керек. Ал олардың осындай жағдайға не жеткізгенін психолог маман ретінде бағамдай аламын.
Оқу жылы басталғаннан екі иінінен зорға демалып, екі көзі шатынап, мұғалімдер мектеп бітіргелі жатқан оқушылардың басына қара аспан төндіреді. «Алда – ҰБТ. Былтырғы оқу­шылар ұятқа қалдырды, сен­дердің жүрістерің мынау, ертең не болады?» деп күнде дегбірін алады. Содан кейін буыны бекімеген, психикасы қалыптаспаған өрендерде не дәрмен қалады? Білгенінен жаңылып, ҰБТ-ны алынбайтын қамалдай көреді. Одан лайықты өтудің тәсілін үйретіп жатқан ешкім жоқ. Мұндай тәжірибемде болды, жыл сайын көрсеткіштері отыз мектептің ішінде 29-орынды алып келе жатқан мектептің оқушыларымен жұмыс істедім. Мұғалімдерді де жинап алып тілдестім. Ата-аналарды да дайындадым. Нәтижесінде ҰБТ-дан жақсы көрсеткішке жетті.

Менің анамның жасы 77-ге келді. «Адамды көрген бетте кім екенін жазбай танимын» дейтін анамның сөзін кезінде әзілге айналдырушы едім. Содан Ленинградта оқып жүргенде, америкалық ғалым Альберт Меграбянның адамның «невербалдық» қасиеті туралы еңбегін оқыдым. Ол тұңғыш рет көріп тұрған адаммен тілдескен бес минуттың маңызы бар деген шешімге келген. Ғалым 8 мыңдай адаммен кездесіп, тілдескен. Яғни, жаңа көрген бейтанысқа көз жүгіртіп қарау арқылы 55 пайыздық пікіріңіз орнығады, оның 38 пайызы дауысыңыздың әуезділігі мен ырғағына қатысты бекиді, 7 па­йызы ғана не айтатыныңызға байланысты екен. Тілдеспей жатып көздері түйіскен кезде біраз нәрсені көңілге түйіп үлгереді. Демек, шешемнің «кісіні бір көргеннен танимын» деген сөзінің жаны барына көзім жетті

ШЕКСІЗ МҮМКІНДІК ИЕЛЕРІ
– Сіз көп жылдар бойы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қызметкерлердің біліктілігін көтеру курсында психологиядан дәріс бердіңіз. «Қасиет» психология орталығының дирек­торы, жоғары оқу орындарында психология оқы­тушысы, Қазақстан Респуб­ликасының әскери күштері құрылымдарында психолог болдыңыз. Психология тілімен жеткізсек, менедж­мент, қоғамдық қатынастар, ұйымдастырушылық бас­қару, персоналды басқару, келіссөздер әдістері, жанжалдарды шешу, имиджді және іскерлік беделді қалып­тастыру, басшының мотивациясын жоғарылату стратегиясы саласында кеңес береміз дейсіздер. Жете түсінбейтін адамға бұл құр сөздер сияқты.
– Аталғандардың бәрі – заманауи психологияның бү­гінгі мүмкіндіктері. Әзірге жақсы психолог кеңесіне тек қалталылардың ғана қолы жетеді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылғандардың да бұл қызметке зәру екенін айтқым келеді. Өзім сұранып, қалада өткен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне бардым. Өтініп сұранып, бір сағаттай адамдармен кездесейін дедім. Көбі күмәнмен қарап, келісе қоймайды. Бір топ мүмкіндігі шектеулі жандармен сұхбат­тастым. Олар «жұмыс та­уып бересің бе?» деп тікелей сұрады. Мен жұмыс тауып бермеймін, бірақ қалай табатын жолын айтамын дедім. «Сіздерді мүмкіндігі шектеулі жандар деп атайды. Жазасын өтеп жатқандарды да осылай атуға болады. Олардың да бостандығы шектеулі. Оның қасында сіздердің мүмкіншіліктеріңіз шексіз. Рас, тағдырыңыз күрт өзгерді. Егер қайта тұруға күш-жігерлеріңіз жетсе, осы қалпыңызда өміріңіздің мәнін табу да өз қолыңызда. Не керек, сөзіме қуаттанып, ой түйіп, өз жөндерімен кетті. Бұл – әңгіменің басы. Оның екіншісі тағы бар. Ол да психологтың қатысуынсыз бітпейді. Яғни, жеке сөйлесе отырып, олардың икемін анықтап, жаңа жұмыс орнында, жаңа ортада өзін қалай ұстап, қалай жұмыс істеуіне де кеңес керек. Айта кету керек, алты айдан астам уақыт жұмыссыз отырған адамның өзі бағдарынан жаңылысып қалады. Темір де жүрмесе тозады ғой. Адам да ізденбесе, талаптанбаса, жалыны кеми береді. Мұндайда оған қол ұшын созу керек.
Көпжылдық тәжірибемнің арқасында мекемелерде оқуға жұмысқа іріктеп алудың психометриялық әдістемесін жасадым. Менің авторлық әдістемелерімнің тиімді екенін және белсенді қолданыста екенін айтқым келеді. Қала әкімдігі тарапынан қолдау болса, психолог кеңесіне мұқтаж жандардың бәріне тегін кәсіби қызмет көрсететін орталық ашқымыз келеді. Өзім үйретіп шығарған мамандар да жеткілікті. Бұл орталыққа өмір жолын анықтай алмай жүрген жастар, үй шаруасындағы әйелдер, зейнеткерлер келіп, кеңес алатын болады. Осы арқылы мына заманның түрлі қатерлері мен шабуылдарына қарсы тұруға қолымыздан келгенше көмектесер едік. Бағзы замандардан бері қазақ халқының салт-дәстүріндегі адамтану, адам сыйлау, адаммен араласу сияқты дара дәстүрін жаңғыртып, өз жолына қайтарар едік. Бүкіләлемдік ғалымдардың сараптауынан өткен психология ғылымының дамуына қосылған үлесіміз болып бағаланбақ.

Көпжылдық тәжірибеме сүйене отырып, өзімнің «12 маңызды маркер» деп аталатын сұрақтарымды құрастырдым. Егер осы сауалнаманың жартысына ғана «иә» деген жауап алсаңыз, онда жағдайдың қиындағаны.
Біраз жыл бұрын әскери салада жұмыс істедім. Күндердің күнінде үш солдаттың өзіне-өзі қол жұмсаған оқиғасы орын алды. Таяқтың бір ұшы психологқа тиеді. Қағазды көтергенімізде, көз жұмған үшеудің де алты сұраққа «иә» деп жауап бергенін алға тарттым. Осы қайғылы нәтижелерден кейін ғана психотестті мойындатуға тура келді

– Бір сөзіңізде «Ұлттың рухын көтергені үшін» атты атақ болса, біріншілердің қатарында болып алуға ұмтылар едім» дедіңіз. Басқа-басқа, ұлттық марапаттар, сыйлықтар бізде жеткілікті көрінген. Олардың ұлттың рухын асқақтатуға қатысы жоқ дейсіз бе?
– Бұл – психология тұрғы­сында негізделген ойым. Адам баласын өзін-өзі тану, өзіне сенімі, тұлға болып қалыптасуы ұлттық болмысымен қатар өріледі. Соңғы кезде ұлттық санамыздың белең алып келе жатқан жайттарын елемей, «қазақпын» деп кеуде көтергеннің бәріне алакөзбен қарап, ұлтшыл дейді. Бұл дұрыс емес. Ұлттық санамыз өз дәрежесінде қалыптасуы керек. Психолог ретінде айтатыным – әркім өзін танымаса, өзінің ұлтымен, ана тілімен, шыққан тегімен мақтанбаса, толыққанды азамат болып қалыптаспайды. Өзін сыйламаса, өзгені де керек қылмайды. Өкінішке қарай, өзінен жерінгенді бөтен де бауырына баспайды.

Сұхбаттасқан
Айгүл УАЙСОВА

Сонымен қатар

ЖАНҒА ШИПАЛЫ «ШАРАПАТ»

Астана қаласы әкімдігінің шешімімен 2016 жылдың 9 қарашасында «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» болып өзгертілген …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған