«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өзбекәлінің қайшысы

Жақсыдан қалған жәдігер

0 59

Астанадағы Ұлттық музейдің қорында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың «цензор» қайшысы мен бәкісі сақталған.

Бұл жәдігерлерді мұражайға 2015 жылы Алматыда өткен «Ұлттық музейге сый тарту» акциясында ардақты тұлғаның немересі Азель Бауыржанқызы тапсырған.
Өзбекәлі ағамыздың ұлт мәдениетінің дамуына қосқан үлесі мол. Ол кісі өткен ғасырдың 70-шы жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтіруіне ұйтқы болды. Оның бастамасымен еліміздің көптеген қалаларында тарихи-этнографиялық мұра­жайлар ашылып, «Шертер», «Адырна», «Алтынай» және т.б. фольклорлық ансамбльдері ұйым­дастырылды. «Наурыз» мейрамын алғаш той­лауға да күш салды. Сондай-ақ ол жариялық желі оңынан соққан кезде алаш арыстары есімдерін ақтауға да белсене атсалысты.


Қайраткердің «өткір қайшысы» туралы аңыз көп. Ол кісі алдына келген құжаттардан қате көрсе, дәл осы қайшымен ортасынан қақ бөледі екен. Бұл жайында белгілі ғалым-сыншы Құл­бек Ергөбектің «Бас музейші» атты мақаласында әсер­лі баяндалған. «Музей ісінде экс­пози­циялық жос­пар жа­салады. Әдетте, Өзекең жа­сақталып жат­қан музей қыз­меткерлерін сенбі не жексенбіге шақыратын. Ша­қырған уақытында барамыз. Жазғанымызды алдына қоямыз. Ол кісі шимайлай бастайды. Біздің бастапқы жазуымыздан тамтық та қалмайды. Бізді қойшы, қызды-қыздымен өзі жазған бет­терді де қайта шимайлауға кіріседі. «Өзімен бірге жасасып келе жатқан» (М.Жолдасбеков) ұзын қайшысы болады. Сонымен әлгі жазылған парақ-парақ жазуларды қырқады, желімдейді, машинкаға береді. Тасқа басылып, қайта оралып келген мәтінді қайта жөндейді. «Апыр-ай, бұл кісі де шаршай ма екен?» деп ойлайтынбыз әрі-беріден соң…» деп жазады Құлбек ағамыз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды