«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өзбек-қазақ достығы

0 52

Қазақ пен өзбек ежелден туысқан. Көршілігі және бар. Өткен жылы біздің елімізде Өзбекстан жылы өтсе, биыл өзбек елінде Қазақстан жылы өтіп жатыр.

Елордамыз – Нұр-Сұлтан қа­ласында 2007 жылдан бері Өзбек этномәдени орталығы жұмыс істеп келеді. Бұл ұйымның құрылуына Тараз қаласындағы белсенді азаматтар, өзбек этносының өкілдері Гафур Касымов пен Абдурахман Зай­нутдинов бастама көтерген болатын. Бүгінгі таңда бұл орталықтың төрағасы Шерзод Пулатов бастаған азаматтар Нұр-Сұлтан қаласында өтіп тұратын мемлекеттік мерекелер мен ұлттық мейрамдарда, сонымен қатар еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде түрлі әлеуметтік-мәдени шаралар ұйымдастырып жүр. Этномәдени орталықтың жұмысын үйлестіру ісінде Хасан Шарипов пен Ихтиера Ходжаева белсенділік танытып келеді.
– Біздің орталықтың негізгі мақ­саты – Қазақ еліндегі өзбек ұлтының мәдениетін, тілін сақтау және дамыту, Қазақстанның этникалық топтарының бірі ре­тінде рухани жандануына қолдау көрсету, саяси, әлеуметтік және басқа да құқықтарын жүзеге асыруға, сонымен қатар қазақ-өз­бек достығына дәнекер болу, бірлік пен ынтымақты насихаттау, – дейді бізбен әңгімесінде кешегі өткен сессияда Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып сайланған Шерзод Пулатов.
Нұр-Сұлтан қаласындағы өз­бек этномәдени орталығы Қазақ­стан халқы Ассамблеясының мүшесі және Қазақстан Респуб­ликасындағы өзбектердің «Дустлик» қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі болып табылады.
Бүгінгі таңда елордамызда өзбек этносын құрайтын 10238 адам тұрады. Бұлардың ішінде қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес саласының өкілдері, мұғалімдер, жеке кәсіпкерлер, студенттер мен оқушылар бар.
Нұр-Сұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығы «Дустлик» қауымдастығының мүшесі ретінде республика көлемінде өткізілетін барлық шараларға белсенді қатысуда. Үлкен ұйым­ның бағдарламасына қарай жұмыстарын үйлестіреді.


Қазір Нұр-Сұлтан төрінде екі шығармашылық топ жұмыс жүр­гізеді. Біріншісі – Дильшод Баратов жетекшілік ететін «Пойтахт» вокалдық-аспаптық ансамблі, ал екіншісі – Ихтиера Ходжаева жетекшілік жасайтын «Астана Ғунчалари» би ансамблі. Бұл ұжымдар жөнінде ерекше ілти­патпен айтқымыз келеді, өйткені бұл өнер топтары қалалық және республикалық байқаулар мен фестивальдердің дипломдары мен жүлделерін талай мәрте алған. Мәселен, 2014 жылы өткен Халықтар достығы фестивалінде «Наво» аспаптар ансамблі бірін­ші орынды жеңіп алды. 2015 жылы «Менің Қазақстаным» рес­публикалық фестивалінің қалалық турында Сангина Шарипова қазақ тілінде соло орындап, бірінші орынды жеңіп алды. 2016 жылы бірінші орынды «Пойтахт» вокалдық-аспаптық ансамблі иеленді. 2017 жылғы фестивальда жеке орындаушы номинациясымен жас әнші Амира Пулатова жеңімпаз атанды. Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығының аясында 2015 жылдан бастап «Зиё» жексенбілік мектеп жұмыс атқарып келе жатыр. Мұнда өзбек тілі мен әдебиеті, тарихы, әдептану, қолөнер сабақтары жүргізіледі. Бұдан басқа, мектепте балалар хореография мен ұлттық аспап – ­доира қағудың қыр-сырын үйреніп жатыр. Сабақтар қазақ, өзбек, орыс және ағылшын тілдерінде өтеді. Сондай-ақ «Астана ешлари» жас­тар қанаты да бар, оның құрамына өзбек этносының студенттері мен оқушылары кіреді. 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығының көлемінде «Нұр Отан» партиясы аясында «Пойтахт» бастауыш партия ұйымы ашылды. Оның төрағасы лауазымына Шерзод Пулатов сайланды, ал орынбасарлары – Ғуламжан Джуманов пен Хасан Шарипов, хатшысы Наргиза Токташева болып сайланды.
Этномәдени орталықтың аясында «Менің Қазақстаным – менің Отаным!» республикалық фестивалі, «Үлкенге – құрмет, Ата Заңдағы міндет» қайырымдылық шарасы, Әлішер Науаиге арналған халықаралық әдеби-мәдени кеш, өзбек жастар қанаттары арасында шағын футболдан «Достық кубогы» республикалық турнирін ұйымдастыру дәстүрге айналып отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаң­ғыру» бағдарламасында айқын­далған міндеттерді жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы тақырып аясында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Ф.Қара­таев пен елордадағы өзбек этно­мәдени орталығының «Астана еш­лари» жастар қанатының мағыналы, мазмұнды кездесуі ұйымдастырылды.
Түптеп айтқанда, өзбек аға­йын­дар еліміздің тыныс-тіршілігіне белсенді ара­ласып, туысқан ха­лықтың ынты­мағын нығайта тү­суге үлкен үлес қосып келеді. Ла­йым солай болғай!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды