ӨЗБЕК ӨЗГЕРІСІНІҢ ӨЗЕГІ НЕДЕ?

Жаңа жылдың қарсаңында ел құлағын елең еткізген елеулі оқиғалардың қатарында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің билік тізгінін қолға ұстағалы бері бірінші рет парламентке Жолдау арнағаны болды. Ол Олий мажлисте төрт сағат сөйлеген сөзінде шетел бақылаушылары еріксіз құлақ түрген бірнеше батыл мәлімдемелер жасады.

Жолдау республика сотының басында отырған ат төбеліндей басшыларды қатты сынаудан басталды. Сол жиында Жоғарғы соттың төрағасы Козимжон Камилов пен оның екі орынбасары және Жоғары судьялар кеңесінің төрағасы Маруф Усманов президенттің қаһарына ұшырады. «Мен сіздерге мүлде разы емеспін, мұны бүкіл халықтың алдында айтамын. Алдағы үш айдың ішінде төртеуіңізді де қыз­меттен қуамын. Біз сайланып қойылдық, енді ешкім тие алмайды деп ойламай-ақ қойыңыз­дар. Менің өкілеттігім бұдан да жоғары, маған оны бүкіл халық берген, басқа ешкім де емес» деді Мирзиёев.
Саясаттанушылар Шавкат Мирзиёевтің сот билігі мен құқық қорғау органдарын сынға алуы, шынтуайттап келгенде, әбден орынды екеніне назар аударады. Өзбекстан президенті өткен жазда-ақ сот саласының жаңа бекітілген басшылығы алдына жүйедегі істі жақсарту жөнінде міндеттер жүктеген. «Судьялардың рухани деңгейлері төмендігінен әділдік қағидаттарын бұзатын шешімдердің қабылдануы, адамдар тағдырларына бейжай қараушылық, жемқорлық, заңға қарсы әрекеттердің жасалуы кездесіп тұрады. Өзбекстан Рес­публикасы Жоғарғы сотының бұрынғы басшылары төтенше маңызды мәселелерге дер кезінде жеткілікті көңіл бөлмегендіктен, салада елеулі кемшіліктер мен олқылықтарға жол берілді» дегенді айтты мемлекет басшысы.
Шавкат Мирзиёев Ұлттық қауіпсіздік қызметінің шектен тыс ықпалын да ишаралап жеткізді. Осыған орай ол Отан мен халықтың мүдделерін ығыстырып қойып, «кеңсе» атын жамыла жүріп, өзінің игіліктері үшін барлық саланың ісіне араласа берушілік әрекеттерінің тоқтатылатын уақыты жеткенін айтты. Бұдан кейін бірде-бір адам жалған айғақтардың, жала мен өсектердің негізінде қылмыстық жауапқа тартылмауға тиіс.
Президент Ішкі істер министрлігі туралы да айта кетуді ұмытқан жоқ. Ол бұрынғы министр Адхам Ахмедабаевтың сатқындық жасағаны үшін генерал-лейтенант атағынан айрылып қалғанын сөз етіп, мұны естен шығармауға шақырды. Мемлекет басшысы сондай-ақ күдіктілерге қысым көрсету мен азаптаудың жолын қатаң кесіп отыруға құмбыл екенін байқатты. «Елде қылмыстық жауапкершілікке тартылған және қамауға алынған тұлғаларды азаптау, психикалық қысым мен күш көрсету үзілді-кесілді тоқтатылады. Мұндай әрекет жасаған немесе әлдекімнің «тапсырысын» орындаған қызметкер міндетті түрде жауапқа тартылады», деп атап көрсетті Мирзиёев.
Қазір Өзбекстанның өзінде Шавкат Мирзиёевтан не күтуге болатыны туралы жиі айтылады. Бұған орай жергілікті халық арасында өзгеше өзгерістерді сезінушілік көбейіп келеді. Ең бастысы, жұрт өзінің билік жөніндегі ой-пікірлерін ашық айта алатын дәрежеге жеткен. Жылдан астам уақыттың ішінде бірнеше саяси тұтқын бостандыққа шығарылды. Президент көп жылдардан бері істеріне тыйым салынған құқық қорғаушыларға ақ жол тіледі. Жаңа президенттің тағы бір өзгерісі, өткен жылы тамыз айында бұрын арнайы қызмет органдарының бақылауында тұрған диссиденттерге кешірім жасалды. Мысалы, Ислам Каримовтің атына сын айтқаны үшін үстінен екі рет қылмыстық іс қозғалғасын 90-шы жылдардың ортасында АҚШ-қа кетуге мәжбүр болған белгілі журналист Джахангир Маматовқа «қара тізімнен» шығарылып тасталғаны, енді елге орала беруіне болатыны хабарланған. Мұндай хабарды қазір Түркияда тұрып жатқан жазушы Нуриллох Мухаммад Рауфхан да алған.
Өзбекстанның басты байлығы – мақта. Өзбек мемлекеті бұрынғысынша әлемдегі мақта өндіруші негізгі елдердің қатарынан саналады. Өткен жылы мұнда 811 мың тонна ақ ұлпаның шикізаты дайындалды. Ал Мирзиёев өзінің сайлау алды бағдарламасында мақталық алқаптар аумағын қысқартуға уәде берген болатын. «2017 жылы бұл салада 18 мың гектар танап мақта және бидай дақылдарынан босатылады. Бұл алаптарға көкөніс пен жеміс-жидек егіліп, мәуелі бақтар, жүзімдіктер мен жылыжайлар орналасатын болады» деді ол сондықтан. Президент жыл сайын мыңдаған адамды күзде мақта жинау науқанына күштеп жіберу тәжірибесін де тоқтатты. Соның ішінде балалар еңбегін қанауға тыйым салынды.
Ташкент ол билікке келгеннен кейін Халықаралық еңбек ұйы­мының мәжбүрлеп жұмысқа жегу мен балалар еңбегін пайдалануға тыйым салатын конвенциясын ратификациялады. Ал халықаралық ұйым 2017 жылдың ақпан айында республикада балаларды мақта теруге салу практикасының тоқтатылғаны туралы хабарлап үлгерді. «Бұл Каримовтің кезінде-ақ қолға алынған. Бірақ осы жолы шынында да айтарлықтай біраз «табысқа» қол жетті: балалар мақталықтан алынып, бидай алқаптарына масақ теруге жіберілді. Мақта жинаудың бағасы да төмен еді, сондықтан ол оншалықты көп табыс әкеле қоймады» деп жазды Багдасаров.
Осы тұста маңызды мәселенің бірі Өзбекстанның сыртқы саясатта қандай бағытты ұстанатыны турасында болып отыр. Міне, осы кезеңде АҚШ қаржы министрлігінің бірінші президенттің қызы Гүлнара Каримоваға қатысты жайттарды қайта қозғай бастауы да бекер емес болып көрінеді. Алайда Ташкенттен қазір біржақты Батысқа қарай бетбұрыс жасауды да күтіп қажеті жоқ. Сарапшылардың пайымынша, Мирзиёевтің кезіндегі Өзбекстан ешкімді де алабөтен ренжіте қоймайды: ол Ресейге де, АҚШ-қа да, Қытайға да қарата бағыт ұстай береді. Бұл жағынан ол өзінің алдындағы президенттің саясатынан ешқандай ауытқу жасай қоймайды. Сонымен бірге, оның Каримовтің кезіне қарағанда, ең жақын көршілері – Қырғызстанмен де, Тәжікстанмен де қарым-қатынасты анағұрлым жақсарта түскен. Өзбек елі мұндай жақсы қарым-қатынасты Қазақстанмен арада да орнатуға кірісті. Ол бұрынғы сөзден іске көшкенді қолай көретінін бірден байқатты. Мұның алғышарттары екі елдің арасында екі жолаушылар пойызы байланысы орнаған кезден көріне бастады. Сауда-экономикалық салада қолға алынғалы жатқан біраз жобалар да бар.
Тұтастай алғанда, экономиканы бейтараптандыру саясаты қолға алынғанымен, республика билігінің жағдайды бақылауды уысынан шығара қоймайтыны қазірдің өзінде белгілі болды. Жасыратыны жоқ, Ислам Каримовтің кезінде 13 жыл Үкіметті басқарған 60 жастағы байырғы шенеуніктен түбегейлі, алабөтен, айрықша бір реформалар күтудің қисыны жоқ деп ойлайтындар аз емес. Оның жоғарыда жасаған өзгерістері төменге дейін толық жеткенше талай жылдың таңы айрылатынын айтады сарапшылар. Кім білсін…
Ендігінің бәрін патша-уақыт көрсетеді.

Серік ПІРНАЗАР

Сонымен қатар

ИРАНДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Иранда бір аптадан бері жүріп жатқан наразылық қозғалысы қаңтардың 3-інде саябырсыды. Сол күні ел Қарулы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған