-->

ОЗАТТАР ОРДАСЫ

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жасаған Жолдауында білім саласы да жан-жақты қамтылды. Адамзат баласының қол жеткізген барлық игіліктері білім мен оқу арқылы келгенін ескерсек, әсіресе, заманауи білім беру жүйесінде бәсекеге қабілетті, жан-жақты маман дайындау еліміздегі жоғары оқу орындарына қойылатын негізгі талап болып отыр. Сол үдеден шыға білген қаламыздағы іргелі оқу орны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Ғылыми кеңес мүшелері, профессор-оқытушылар құрамы және студенттермен кездесіп, университеттің стратегиялық даму жоспарымен бөлісті.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ

Еуразия ұлттық университеті Қа­зақ­­стандағы көп салалы жоғары оқу орындары арасында жыл сайын ең үздік нә­тиже көрсетіп қана қоймай, қазіргі әлемдік білім жүйесінде де орналасқан сатысы өте жоғары деңгейге жетіп отыр.
ЕҰУ 2017 жылы жаһандық QS рейтингісінде жоғары көтеріліп, 336-орын иеленсе, құрылғанына 50 жыл толмаған әлемнің үздік 100 университеті ішінен 35-орын алды. Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймақтық рейтингі бойынша 200 ЖОО арасында да 33-орынға табан тіреді. Бұған қоса, еліміздегі «Физика және астрономия» бағыты бойынша беделді британдық QS пәндік рейтингке кірген бірден-бір жоғары оқу орны әлемдік «Webometrics» веб-сайт рейтингісінде Қазақстан бойынша бірінші орын иегері атанды.
«Бүгінде оқу орнымыз Эразмус Мундус, ТЕМПУС бағдарламалары бойынша Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында ең үздік нәтиже көрсетіп келеді. Әлемнің 280 университетімен келісімшарт жасастық. Университетте АҚШ, Франция, Финляндия, Қытай, Польша, Латвия ғалымдары сабақ берсе, сондай-ақ, Еуразия ұлттық университетінің профессор-оқытушылары да Франция, Финляндия, Испания, Польша, Латвия сынды бірнеше елдерде дәріс оқиды. 387 ұстаз-ғалым студенттер мен магистрант, докторанттарға ағылшын тілінде білім береді» деді Ерлан Бәтташұлы.

Терең ізденіс

Кездесу-сұхбатта 2016-2017 оқу жы­лында атқарылған білім және ғылым саласындағы жұмыстар түгел қамтылды. Атап айтар болсақ, университет ғалымдарының ғылыми мақалалары жылдан-жылға өсуде. Оқу орнында жеті ғылыми журнал жарық көреді. Биылғы атап өтер маңызды жаңалық – Кембридж университетінің (Ұлыбритания) Кавендиш зертханасымен ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында келісімшартқа қол қойыл­ған. Қазіргі таңда Стартап аймағын дамыту мақсатында жас­тар бизнес-инкубаторы жұмыс істейді.
Индустриалды-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасы аясында ғарыштық техника және технология, құрылыс материалдарын өндіру, жасау және құрастыру, биотехнология, радиотехника, электроника және телекоммуникация, жылу энергетикасы мамандықтары бойынша мамандар дайындайды. Бұл бағдарлама бойынша биыл 1235 магистрант, 193 докторант қабылданды.
Университет басшысы оқу орнының жетістіктерін саралай келе, академия президенті Мұрат Жұрыновтың атынан осы академияның вице-президенті ре­тінде Рысқұл Ойнарұлы мен Дихан Қам­забекұлына академик куәлігін, Рәтбай Мырзақұлов пен Амантай Шәріпке кор­респондент-мүше куәлігін табыстады.

Болашаққа бағдар

Жалпы, барша ізгілік пен жасампаздықтың арқауы – білім. Ал жоғары білім мен ғылым – елдік істің бағдаршамы. Ерлан Бәтташұлы өз есебінде университеттің алдында тұрған негізгі стратегиялық бағытқа кеңінен тоқталып өтті. Кеңейтілген Ғылыми кеңес отырысында есепті баяндамадан туындаған мәселелер бойынша Парламент Мәжілісінің
депутаттары, белгілі ғалымдар сөз алса, ата-аналар мен жастар жағы да өз пікірлерін білдірді.
Мәслихат депутаты ретінде де әрда­йым білім және әлеуметтік мәселелерге араласып, белсенділік танытып келе жатқан университет ректоры: «Бір кезде «Қала көліктерінде студенттерге жеңілдіктер қарастырылсын!» деп бас­тама көтердік. Қазір елордада барлық университеттің әлеуметтік жағынан аз қамтылған студенттері жолақы үшін қосымша қаражат алады» деді.
Тағы бір қуаныштысы, осыған дейін оқу орнының бас ғимараты орналасқан Л.Мирзоян көшесінің атауы академик Қ.Сәтбаевқа ауыстырылды.
«Шектеусіз мүмкіндік», «ЕҰУ – топ­жарған», «Менің елім» жобалары мен «Тарихқа тағзым», «Патриоттық нақыш» жастар эстафетасы сынды бірнеше әлеу­меттік жобалар жүзеге асырылуда. Рухани жаңғыруға ғылым-білім тұрғысынан аянбай атсалысып келе жатқан оқу орнында Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековтің ұсынысымен құрылған рухани жаңғырудың жобалық офисі мемлекет деңгейінде біршама жұмыс­тар атқарды.

Биыл бұл оқу орнына 5295 талапкер оқуға қабылданған. Бакалавриатқа түскен 3869 ұл-қыз­дың 608-і «Алтын белгі» иегері екен. Бұл – әрбір алтыншы студент «Алтын белгi» иесі деген сөз. 1235 магистранттың 266-сы үздік дип­ломмен бітірген. Бұл – әрбір бесінші магистрант оқу озаты деген сөз

Жаңа мәртебе

Ерлан Сыдықов өз кезегінде отандық телеарналардың бірінен «Авторлық Prime-Time жастар телевидение­сін» қалыптастыруды ұсынды. Бұған қоса, білім ордасының «Ұлттық зерттеу университеті» мәртебесін алуға дайын екендіктерін жеткізді.
«Орталық Азияда білім беру хабарын дамыту және ғылымды жаңғырту» бағдарламасы ағылшын тілді оқу бағдарламаларын күшейтті. Соның нәтижесінде шетелдік профессорлар мен студенттердің қызығушылығы артып отыр. Қос дипломды бағдарламаларды халықаралық деңгейге көтеру шетелдік студенттерді тартуға да ықпалын тигізеді.
Магистратура мен докторантурада оқитындардың қатары көбейіп, алда негізгі мамандықтар бойынша кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлаудың көп сатылы бағдарламаларын жүзеге асыру міндеті тұр. Осындай мақсаттарды көздеген университет ректоры зерттеу университеті бірінші кезеңде жаңа білім әлеуетін қалыптастырып, ұлттық экономикаға технологиялар енгізуі керектігін тілге тиек етті. Бүгінде іргелі және қолданбалы зерттеу­лердің басым бағыттары айқындалып, олардың мемлекеттік қаржыландырудың есебінен де, мекемелер мен бизнес құрылымдарының тарапынан да қолдау табатындығы нақтыланды.

Гүлжан Рахман

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*