«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өз көлігімізді тізгіндеп жүрміз бе?

0 123

Елімізде автокөлік өндірісінің жандана бастағанына аса көп уақыт өте қойған жоқ, алайда қазіргі мәліметтерге қарағанда, болашағынан едәуір үміт күттіретін салалардың біріне айналып, отандық рынокты қамтамасыз ету мүмкіндігі жыл өткен сайын артып келеді. Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, онда еліміздегі автоөндірушілердің жыл басынан бергі жұмысының жетістіктері мен кемшін тұстары жария етілді. Сонымен қатар, электромобиль өндірісіндегі мәселелер мен шенеуніктер арасында сұранысқа ие көліктер жайы қозғалды.

«ҚазАвтоӨнеркәсіп» авто­көлік саласындағы кәсіпорын­дар одағының мәліметіне сәйкес, 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында республика аумағында бас-аяғы 14660 автокөлік шығарылыпты. Яғни айына шамамен 2500 көлік жасалған екен. Олардың арасында жеңіл, жүк көліктері, автобус, арнаулы машина және тіркемелер бар. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67,2 пайызға артық.
Жеңіл автомобильдердің өндірісі 76,4 пайызға артып, 13725-ке жеткен. Мәлім болғандай, олардың 8573-і «АЗИЯ АВТО» АҚ-қа тиесілі болса, қалған 5152-сін «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-і шығарды.
Қарапайым халық үлкен, салмағы ауыр, жанармайды көп жейтін машиналарға қарағанда шағын, шығыны аз, жүрісі ыңғайлы көліктерге көбірек басымдық береді. Арнайы есеп беру жиынында «ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алферов жарты жылда ең көп сатылған автомобильдер тізімінде Lada (5703) маркасы көш бастап тұрғанын мәлім етті. Айтуына қарағанда, алғашқы бестік өзгеріссіз, былтырғыдай Hyundai (3206), KIA (1248), JAC (642) және Ravon (537) маркалы автомобильдер енген.
Жеңілкөлік өндірісінде ілгерілеу байқалғанмен, автобус техникасы жарты жылда құлдырап, екі есеге азайған. Алты айдағы көрсеткіш бойынша 153 автобус қана нарыққа жол тартыпты. Ал жүк көліктерінің көрсеткішінде ілгерілеу де, құлдырау да жоқ, нәтиже өткен жылдың сәйкес кезеңімен бірдей деуге келерлік. Жарты жылда 486 данасы құрастырылыпты.
Сонымен қатар, жарты жылда 2269 автомобильді жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының қатысушылары сатып алды. Отандық өндірістің көліктерін сатып алуға жергілікті тұрғындар 71,3 млрд теңге жұмсапты. Бұл өз кезегінде 2017 жылғы көрсеткіштен 38 пайызға жоғары. Ал автокөлік техникасы өндірушілерінен республикалық бюджетке 3,9 млрд теңге салық түскен.

Электр көліктеріне сұраныс неге аз?

Жоғарыда айтылған деректер көз қуанарлық. Ал таяу жылдары ғана жаңалық болып, жаһанға жайыла бастаған электр көліктерінің біздегі жай-күйі қандай? Елімізде зиянды қалдықтары ауаға тарамайтын, розетка арқылы қуатталатын электр көліктері 2014 жылдан бері Өскемен, Семей қалаларында шығарылып келеді. Алайда мұндай автомобильдерге деген сұраныс бізде енді-енді ғана артып келеді. Олег Алферов өткен жылғы қаңтар-маусым айлары бойынша жасаған баяндамасында небәрі 19 көлік саудаланғанын айтып өткен. Ал биылғы алты айдың қорытындысында 34 электромобиль сатылғанын жария етті. Ілгерілеушілік байқалғанмен мұндай көрсеткішпен елімізде электр көліктерінің нарығын дамыту оңайға түспесі анық. Бұл санаттағы көліктерді өндіру жұмысы Еуропада дамып барады. Салыстырмалы түрде алар болсақ, бір ғана Француз елінде 2017 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 7000-нан астам «тоқмашина» сатылыпты. Ал Норвегия үш айда 7000-ға жуық машина өндірсе, үздік үштікті Германия түйіндеп тұр. Неміс елінде 5000-нан аса электрокар қолданысқа берілген екен.
Елімізде «жасыл» автомобильдердің аз мөлшерде сатылуына бірнеше себеп бары анықталды. Басты мәселе – қуат көздерінде болып тұр. Аталған кәсіпорындар одағы басшысының айтуынша бізде арзан қуат көздері әлі ойлап табылмаған. Сондай-ақ, аккумулятор батареяларының құны қымбат, себебі Қазақстанда жасалмайды екен. Бұдан бөлек темір тұлпардың бағасы да оңай емес. Мәселен, 2017 жылғы мәлімет бойынша Tesla Model X кроссоверінің құны – 85,5 мың мен 115,5 мың доллар аралығында болса, Tesla Model S-моделі 66 мың мен 109,5 мың доллар шамасында. Міне, жаңа жүйедегі көліктердің осындай қиындықтары бар.
– Қазақстан үшін гибридті көліктерді өндіру өте қолайлы болмақ, яғни, «бензин+электр қуаты» және «бензин+газ». Бізде газ көп. Сол себепті газбен жүретін көліктерді арттыру керек деп ойлаймын. Оның үстіне отандық кәсіпорындар бір уақытта бензинмен де, газбен де жүретін модельдерді ұсына алады. Ал бұл нұсқадағы көліктермен жүрген арзан әрі тиімді, – дейді Олег Алферов.

Шенеуніктер отандық өнімге назар аудара бастады

Баспасөз мәслихатында Олег Алферов елімізде шенеуніктер отандық көліктерге енді-енді назар аударып жатқанын мәлім етті. Былтыр қаңтар-маусым аралағында мемлекеттік сатып алулар бойынша шетелдік көліктердің сауда-саттығы 12 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткіш 5 пайызға азайған. Айтуына қарағанда, мұндай нәтижеге Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындарының одағы едәуір ықпал етіпті.
Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар сатып алатын 20 көліктің 1-еуі шетелден жеткізіледі екен. 2017 жылдың бастапқы алты айында 375 машина өзге елден жеткізіліп, оған Қазақстан бас-аяғы 4 млрд теңгеге шығындалыпты. Ал биылғы нәтиже былтырғыдай емес. Алты айда 92 автомобиль шетелден алынып, оған 677 млн теңге кеткен. Әрине бұл нәтиже 2017 жылмен салыстырғанда жақсара түскен. Бірақ жұмсалған қаржының аз еместігін, ел қазынасына жүздеген млн теңге шығын келгенін ескере кеткен жөн. Жиын барысында аталған ұйым басшысы биыл сатып алынған ең қымбат көліктің маркасы мен құнын жария етті.
– Соңғы алты айда өткен тендерлерге көз жүгіртсек, ең қымбат көлік Toyoto Land Cruiser 200 екенін байқауға болады. Оның екеуін Инвестициялар және даму министрлігіне қарас­ты «Қазақавтожол» РМК сатып алған. Әрқайсысының құны 27 млн теңгеден асып түседі. Расын айтқанда, былтыр мемлекеттік органдар Mercedes-Benz C-Class секілді құны одан да жоғары көліктерді көптеп сатып алған болатын, – деді О.Алферов.
Өз көлігімізді мінейік деп ұран тастағандағы мақсат – ақшасын өз елімізде қалдыру. Ел тізгінін ұстаған басшылар отандық көліктерді тізгіндеп, қарапайым халыққа үлгі көрсетсе керемет емес пе?! Шенеу­ніктер ұялмай мінетін көліктер бізде де шығарылады. Shkoda, SsangYong секілді брэндтердің түрлі жайлы модельдеріне қарасақ, жүріс-тұрыстары аталған Mercedes-Benz C-Class көлігінен кем түспейтінін әрі біздің жолдарға қолайлы екенін байқауға болады. Әрі бағасы да неміс маркасынан әлдеқайда арзан.
– Біз бұл мәселені өткен жылдан бері талқылап келеміз. Қазір Парламент Мәжілісімен де, Үкіметпен де, құзіретті мемлекеттік органдармен де келіссөздер жүргізіп отырмыз. Бұл келіссөздердің нәтижесі жоқ емес. Біздің ұсыныстарымыз ескеріледі деген ойдамын, – деді О.Алферов.
Оның айтуынша, ұйымның басты мақсаттарының бірі мемлекеттік органдарда шетелдік көліктерді сатып алуды неғұрлым азайту, тіпті мүлдем тыйым салу қажет.
Атқа мінсе арқаланып ешкімге дес бермей кететін қазекем, ХХІ ғасырда көлік мінуден де ешкімнен кенде қалмай келе жатқанын Астана көшелеріне шықсаңыз байқайсыз. Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазыны өмірінің салтанатына балайтын көзқарас әлі де болса тарихи санасындағы өз мәнін жоғалтқан жоқ. Сондықтан, шетелдік автокөліктерге құмарту көпшілігінде бар. «Біздікінен өлігі артық дейтін» түсініктің көпшілік арасында таралғанына да біраз уақыт. Дегенмен, соңғы жылдары баға мен мүмкіндік тұтынушыларымызды өзіміздің нарыққа қарай ойыстырғандай сыңай байқалады. «Сері көңілдің» сұранысына отандық сапаның сай болуы да аса маңызды екенін несін жасырамыз. Сатып алынған су жаңа көлік кепілдік мерзім өте бере сынып, тасыған көңілді су сепкендей баспаса екен немесе сол аралықта көрсетілетін удай қымбат міндетті қызметтің бағасы төмендетілсе екен дейді көпшілік.
Тізе берсек еліміздегі автоөндіріс жұмысының жетістіктері мен кемшін тұстары жетерлік. Өндіріске қойылатын талап, тұтынушылардың бүйрегінің отандық өнімге қарай бұрылуы, биліктен басталатын бастама автоөндірістің көсегесін көгертетін үштік болмақ. Бірлесіп атқарған іс жеңіл. Өзгені былай қойғанда көрші өзбектерден де үйренеріміз көп екен бұл салада…

Аян ӘБДУӘЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды