«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өз ағам ұлы Абайды ұлықтады

0 65

Ұлыстың Ұлы күні қарса­ңында, 15 наурызда Қазақ­стандағы Өзбекстанның жылы салтанатты түрде ашылды. Ал 2019 жыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы болып бекітілді.

Бұл оқиғалар – бауырлас екі ха­лық­тың достығы мен ынтымақтас­тығының жоғары деңгейге көте­ріл­генінің айқын көрінісі. Атап ай­­тарлығы, биыл Астанада түркі ха­лық­тарына ортақ ойшыл, мемлекет қайраткері Әлішер Науаиге еңселі ескерткіш орнатылады. Ал өзбек халқы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлын ұлықтайды.
Өзбек ғалымдары Абай атамыздың ұлы мұрасын зерттеп, өзбек халқы Абайдың даналығымен өз руханиятын байытады. Жуырда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы қаулыға қол қойды. «Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының есімі һәм оның шығармашылық бай мұрасы – гуманизм мен ізгіліктің ең жоғарғы идеалы. Ол тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл түркі жұртына, соның ішінде біздің өзбек халқы үшін де өшпес із, бай рухани мұра қалдырды. Абай Құнанбайұлының бар өмірі мен шығармашылығы Отанға қалтқысыз адал қызмет етудің, оның ұлттық құндылықтарын сүюдің жарқын үлгісі» делінген құжатта.
Бұл қадам өзбек жастарының қазақ әдебиетімен, соның ішінде Абай атамыздың шығармаларымен сусындауына жол ашады. Өйткені жыл сайын өзбек студенттері арасында «Абай шығармаларының білгірі» деген байқау өтетін болды. Бұған қоса, Абайдың таңдамалы шығармалар жинағы, «Өзбек-қазақ әдеби байланыстары» атты әдеби-сараптама мақалалар жинағы шығарылады. Жыл сайын 10 тамызда Ташкенттегі Абай ескерткіші алдында салтанатты шара өткізу, Низами атындағы мемлекеттік университетте тұрақты көрме ұйымдастыру, ақынның өмірі мен шығармашылығын қоғамда, БАҚ-тарда кеңінен насихаттау жос­парланған. Шавкат Мирзиеевтің бұл парасатты қадамы екі халықтың рухани жақындасуын одан әрі нығайта түсері сөзсіз.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды