«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Отыз жылдыққа – 50 мың теңге

0 66

15 ақпанда Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шектеулі контингенті шығарылғанына 30 жыл толады. Осыған орай қазір Астанада тұрып жатқан 1300 жауынгер-интернационалистке 50 мың теңге көлемінде бір реттік қосымша әлеуметтік көмек көрсету ұсынылды. Бұл ұсынысты қалалық Қоғамдық кеңестің отырысында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов жариялады.

«Жыл сайын Ауғанстан аумағынан әскерді шығару күніне орай қосымша көмек ретінде 30 мың теңге берілетін. Биыл осы оқиғаға 30 жыл толып отырғаннан кейін бұл сомаға 20 мың қосып, 50 мың теңге беру туралы шешім шығардық. Сіздердің қолдауларыңызды сұраймын» деді басқарма басшысы. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл шешімді бірауыздан қолдады.
Бүгінгі таңда астаналық 2 мың 500 оқушы қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығына ие. Кеңес отырысында бұл мәселе бойынша Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дулат Жекебаев баяндама жасады.
«Қазір аудандардың әкімдері халықтың алдында есеп беріп жатыр. «Өндіріс» тұрғын алабында өткен сондай есептердің бірінде 15 жасқа толған 9,10,11 сыныптардың оқушылары қоғамдық көлікте жолақыны толық төлейтіні айтылды. Біз бұл мәселені өткенде де көтерген едік. Оқушыларға жолақы 40 теңге емес пе? Ата-аналар балаларымыз тегін жүрсін демейді, жеңілдік болса екен дейді. Осыны қалай шешіп жатырсыздар?» деп сұрады кеңес мүшесі Сәрсенбай Мыңбаев.
Баяндамашының айтуынша, Білім басқармасы тиісті ақпаратты «Астана LRT» ЖШС-іне тапсырған. Аталмыш компания енді есептеулерді жүргізіп жатыр.
Отырыста сонымен қатар Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы көрсететін мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат беріліп, Қоғамдық кеңестің осы жылдың І тоқсанына арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды