Четверг, 29 Июнь 2017
-->

«ОТЫРАР САЗЫ» ШАШУЫ

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына қарасты ұжымдардың «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында астанада бірнеше концерті өтеді. «Астана балет» театрында ұйымдастырылған Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этногра­фиялық оркестрінің кеші соның басы болды.    

otar-1024x576

Аталмыш өнер ұжымының бас­тауында аса көрнекті композитор, дарынды дирижер, күйші-домбырашы Нұрғиса Тілендиев тұрғанын бәрі­міз білеміз. Әкесінің дирижерлік таяқшасын ұстап қал­ған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева қазіргі таңда оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып отыр.

Бас дирижер мен дирижерлер – ҚР еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегіндіков, Мүсілім Әмзе кезек-кезек сахнаға көтеріліп, оркестрге жетек­шілік етті. Концертте қазақ композиторларының шығармалары және Жорж Бизе сынды шетел классиктерінің музыкасы орындалды.

«Кеште көбінесе әкемнің әндері мен күйлері, оның оркестрге өңдеп түсірген шығармалары және атам Тіленді Атабайұлының туындылары орындалды. Атамның бірнеше күйін әкем нотаға түсіріп кетті.

Ол айтқандай, концертте Нұрғиса Тілендиевтің Нұтфолла Шәкенов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мыр­за-Әлі сынды ақындармен бірігіп жазған «Жан сәулем», «Ақ шағала», «Алатау», «Қарлығаштар», «Өз елім», т.б. әндері шырқалып, «Аққу», «Әлқисса», «Махамбет» күйлері мен Сүгірдің «Бозінген» күйі шалқыды. Күй тәңірісі – Тәттімбеттің «Сары жайлау» күйі мен Франция композиторы Поль Морианың туындысын белгілі скрипкашы Жәмила Серкебаева жаңа өңдеуде құйқылжытты. Бұған қоса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жәмила Баспақова, Гүлзия Стамбек, Лариса Насретдинова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Бақтыгүл Бисембаева, Фархат Кубиев, Нұрсұлтан Шатырханұлы өнер көрсетті.

Жамбыл атындағы Қазақ мемле­кеттік филармониясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлының айтуынша, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында филармонияның барлығы дерлік ұжымдары, атап айтсақ, Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, Мемле­кеттік үрмелі аспаптар оркестрі, Ғазиза Жұбанова атындағы Мемле­кеттік шекті аспаптар квартеті, Мем­лекеттік академиялық симфо­ниялық оркестрі және Мемлекеттік ағаш үрмелі аспаптар квинтеті елордада концерт қояды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*