«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Отыңды өшірме» мейірім мен махаббатқа үндейді

0 188

«Қазақстан» ұлттық арнасының соңғы уақытта қазақша киносериалдарды көптеп шығарып жат­қа­ны қуантады. Солардың бірі – өткен аптада нүкте­сі қойылған 20 сериядан тұратын «Отыңды өшірме» телехикаясы. Біраздан бері көрермен өзі теледидар қарауға құлықсыз болып бара жатқандай еді. Мынадай отандық сериалдарымыз сол құлықсыздық­тың құлпын бұзып, көңілі ерекше, соны дүние күтіп жүр­ген көрерменге үміт отын сыйлады десе болады. 

Жаңа телехикаяда бүгінгі күннің шынайы бет-бейнесінен бастап күнделікті өмірдің бүге-шігесіне дейін түгел дерлік қамтылған. Тәрбиелік мәні терең, сабырлылық пен ізгілікке, жанашырлыққа жетелейтін барлық нәрсеге – от­басыға, айналаға, мамандыққа ма­хаб­батпен қарауды үйретеді. Ки­но­дағы ерекше кейіпкер Ыс­қақ ақсақалды образы, аузынан шық­­қан әр сөз, тағылымды ой­лар қазақ руханиятын әбден бойына сіңірген сценарий авторы Мұрат Алмасбекұлының да шығармашылық мүмкіндігін паш еткендей.
Телехикаяның мақсаты қазіргі күні ұмыт болып бара жатқан қа­зақтың салт-дәстүріндегі, тіп­ті қа­рапайым өміріндегі көпте­ген жайттарды жайлап оятып, олардың қай­тадан орнына қай­та­рылуына ықпал ету екені бір­ден аңғарылады. Алғашқы сериал басталғаннан оның күй құдіретін сезіндіруі сүйсіндірді. Қарап отырып қазір қазақтың кө­ңілінің көлеңкесінде қалып бара жатқан күйдің төзімділік пен жі­герлілікке шақыратын қасиеті жай­лы ойланасың… Бүгiнде жас­тардын сана-сезiмiн жаулап ал­ған арзан әуен, мәнсiз музыка олар­дың жеңiл ойлауына, асы­ғыс шешiм қабылдауына да кері әсе­рін тигiзуде. Сол даңғаза Батыс әуенiне көзсiз елiктеушiлiктi үнемі ізгілік­ті жақтап жүретін Тасқынның «мә­дени террорға» телитін тұсы қандай ұтымды!
Қоюшы-оператор Асылхан Мелдебеков пен қоюшы-суретші Мақсат Жанұзақовтың да шеберлігі фильм­нен бірден байқалады. Отбасы – ошақ қа­сындағы «тит­тей» де­таль­дардың, мысалы, құтыдағы гүлдің өзін сүйіспеншілік пен мейірімді насихаттауға әдемі пайдаланған. Се­риал арасында тіл мәселесі де тіл­ге тиек болыпты. Қазақтың ұлт­тық сусынын дәріптейді, сый­ластықтан сарқылмайтын сыбаға сал­тын санамызға құяды, «қызға қы­рық үйден тыйым» міндетті түрде ескеріледі. Телехикаяда қазір орын алып жатқан келеңсіздіктерді көрсете отырып, қазақ полиция қызметкерлерiне шаң жуытпау арқылы үміт артып, олардан бо­ла­­шақта тек әдiлдiктi күтетiнiн ес­кертеді.
Ата мен келiн арасындағы ме­йiрiмдi, жылы әңгiмелесу, қи­мас­тық, ыстық сезiм, бiр-бiрiне сон­ша жақын болса да, келiннiң атасының көзiне тiк қарай алмайтын ибалылығы, жеңгенің қайын сіңлісінің атын атамауы – автордың сол сәтке айрықша зер салуы тамсандырады. Қазiргi күнi белең алған мәселе – отбасында ер адамның, ас­қар тау әкенiң орнын көрсету.
Жалпы, туындының негізгі маз­мұны – қазір белең алып, үдеп ба­ра жатқан мәселе – байлық, дү­ние­қоңыздық жолында адам­дардың (мұнда құдалардың) бірін-бірі менсін­беуі, соның кесірінен жастардың өмірінің бұзылуы, сыйластыққа сызат түсуі.
Бұл сериал да сол дүниеге қы­зығып, бір отбасын күйрету, жа­зықсыз жанды жылату, жақсының қадірін білмеу соңы неге апаратыны көрсетілген ғой. Ибалы келін Перизат жүруден қалып, арбаға таңылғанда аямай, төркініне апарып тастағанда, оның атасы Ысқақпен бірге егіліп жыламадық па?! Бірақ Құдай бар екен. Әркім өзі жа­саған әділетсіздің жазасын тартып, бақытқа лайық кейіп­керлер соңында өз орнын ие­лен­ді. Мұнда да Перизаттың өзіне жа­салған қаншама әді­летсіздікті, қастандықты кешіре білгені сүй­сіндірді.
Иә, киноның негізі айтары жал­ғыз сөз: ешбіріміз отымызды өшір­мейік!

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА

Нартай ӨТЕГЕНОВ, идея авторы және про­дюсері:

– Ең бастысы, көрермендерге қазақы дүние ұсынғымыз келді. Сосын өз ұлтымыздың салт-дәс­түрлерін жаңғырту да мақ­сат еді. Біз Ысқақ ақсақал мен Садық арқылы ауылдағы қазақи таным-түсінікті жақсы жағынан көрсете алдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, әр нәрсеге биік пайыммен қарай білу осы екі кейіпкер арқылы көрініс тапты деп ойлаймын. Сондай-ақ, күй арқылы көңіл күйге әсер етуге болатын күй құдіретін айтқымыз келді. Бұл аталған кейіпкерлер, ең бастысы, адами құндылықтарды сақтауға шақырады. Өмірде жақсылық істесең де, жамандық істесең де, солар алдыңнан шығатынын көрермен есіне салғандай болдық.

Төлеген БЕЙСЕТ, қоюшы-режиссер:

– «Отыңды өшірме». Тақы­рыптың өзін ойланып, ойластырып қойғанымыз рас. Алғаш сценарий басталмас бұрын актерларды бекітерде олардан ішкі жан дүниемен жұмыс жасауға, шынайылыққа шақырдық. Көрерменді барынша сендіру үшін. Осы сериалмен бірге өмір сүріңдер дедік. Әр бөлімге қазақи дүниелерді кіргізуге тырыстық. Басқа жаққа еліктемей (Гол-ливудқа), қанымызда бар салт-дәс­түрі­мізді, қазақи мінезімізді сырт елдер көрсін деп қазақша кино түсіруге әрекет жасадық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды