«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өткізілмеген сабақтар демалыс күндеріне ауыстырылмайды

0 49

Соңғы онкүндікте алдымен ақтүтек боран соқты. Табиғаттың тосын мінезі мұнымен тоқтамай, артынша Арқаны аяз буды. Осы күндері астаналық 1-11-сынып оқушыларына 7 күн бойы сабақ өткізілмеді. Қалалық Білім басқармасы ауа райына байланысты өткізілмеген сабақтарды демалыс күндеріне ауыстыруға жол берілмейтінін хабарлады. Сондықтан ата-аналарға алаңдауға негіз жоқ.

Сабақтардың болмауы балалардың демалыс күндеріне әсер етпейді. Демалыс күндер уақытылы өткізілетін болады. Бұған қоса, мектептегі оқу бағдарламасынан қалмау мақсатында тиісті іс-шаралар жоспарланған.
«Мұндайда өткен сабақты қайталау және жалпылауға қарастырылған резервтік сағаттар пайдаланылады. Оқушыларға, әсіресе, 9 және 11-сынып түлектері үшін жеке консультация ұйымдастырылып, оқу материалдарын блоктік және модульдік түрде ұйымдастыру қарастырылады. Бүгінде барлық мектептерде интерактивті жабдықтар бар, ол берілген аз ғана жұмыс уақытында оқу мазмұнын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Оқу жылын аяқтау бойынша бағдарлама материалдарын орындамау жағдайлары болған емес» дейді қалалық Білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Маржангүл Қайырбаева.
Оқу бағдарламаларын толық көлемде орындау – Білім басқармасының тұрақты бақылауында. Қазіргі кезде, белгіленген температура көрсеткіштеріне сәйкес, жалпы орта білім беретін мектептердің 1-11-сынып аралығында 7 күн сабақ өтпеді. Білім басқармасы аталған жағдай бойынша күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Өңіріміздегі қысқы мерзімдегі ауа райы жағдайын ескерсек, мұндай жағдай жыл сайын кездеседі. Сондықтан бұған қалалық білім саласы мамандары дайын отыр.

 

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды