«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Отбасылық зорлық-зомбылыққа жол жоқ

0 40

Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқық бұзушылықтар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің бірқатар баптары бойынша қаралады.

«Отбасылық сот» қанатқақты жобасы Нұр-Сұлтан қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында осы жылдың қаңтар айынан бері қолданылып келеді.

Отбасы және отбасы құндылықтарын сақтауға бағытталған жоба отбасы-тұрмыстық қатынастар істерін қарайтын Әкімшілік сотқа енгізілді.

Отбасылық сот денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (73-1 бап), ұрып-соғу (73-2 бап), отбасы қатынасындағы адамдарға сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту және тағы басқа да әрекеттер (73 бап) бойынша әкімшілік істерді қарайды.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тек Нұр-Сұлтан қаласындағы Әкімшілік сот қараған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты істердің саны  жыл сайын өскенін байқаймыз. Мысалы, 2016 жылы 530 іс; 2017 жылы – 905; 2018 жылы 1410 іс қаралды. Мұндай құқық бұзушылық жасаудың негізгі себептері маскүнемдік, жұмыссыздық, тұрмыстық мәселелер, қызғаншақтық, психикалық ауытқулар және т.б. мәселелер болып табылады.

«Отбасылық сот» қанатқақты жобасы аясында 2019 жылдың І тоқсанында Әкімшілік сот 139 іс қарады. Отыз іс бойынша құқық бұзушылар ескерту алды, 11 іс бойынша айыппұл түріндегі жазаға тартылды, 7 іс бойынша қамауға алынды. Көп жағдайда сот 54-бапқа сай, құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар да қойып жатады.

Сондай-ақ, 71 іс екі жақтың татуласуы бойынша аяқталды. Көп жағдайда отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында құқық бұзушы ретінде ерлі-зайыптылар, бұрынғы ерлі-зайыптылар, бірге тұрып жатқан азаматтар, жақын туыс адамдар танылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бастан кешірген жәбірленушілердің көбісі нәзік жандылар болып табылады және олар «ұят», «бала үшін» атты қағидатты ұстанып, құқық бұзушыны кешіріп жатады.

Әрине, сот өз кезегінде істі қарайды, сондай-ақ отбасы арасындағы түсініспеушілікті жою мақсатында психологтың көмегін ұсынады.

Бүгін «Отбасылық сот» пилоттық жоба аясында психологтар да жұмысқа тартылды. Биылғы жылғы бірінші тоқсандағы жұмыс нәтижесі бойынша 138 адам психологтан кеңес алып үлгерді.  Мұның өзі күнделікті күйбің тіршіліктен қажыған отбасы мүшелерінің ішкі жандануына қол ұшын беретін таптырмас құрал болып отыр.

Әкімшілік соттың талаптары бойынша 70 құқық бұзушыны полиция профилактикалық есепке қойып, 27  маскүнем мен нашақор  емделуге  жіберілді.

Бір жәбірленуші соттың көмегімен «Үміт» дағдарыс орталығына орналастырылды.

7 адам Аналар кеңесіне және 3 адам Әкелер кеңесіне жіберілді, сол жерде олармен профилактикалық жұмыс жүргізілді.

Жоба шеңберінде Әкімшілік сот мүдделі мемлекеттік органдармен, мекемелермен, қоғамдық қорлар және бірлестіктермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында жәбірленушілерге және ұқсас құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында құқық бұзушыларға тегін кеңестер мен көмек беру жұмыстары жүргізілуде.

 

 Ботагоз БАЯНОВА,
Нұр-Сұлтан қалалық
сотының баспасөз хатшысы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды