«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Отбасы қуанышы – Отан қуанышы

«Нұрлы Ертіс» тұрғын үй бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға 102 көпбалалы отбасы қоныс аударды. Кеше оларға тағы 35 отбасы қосылды. Осы лектегі отбасыларды, барлығы 200-ден астам адамды елордадан қала әкімдігінің орынбасары Бақтияр Мәкен бастаған топ салтанатты жағдайда шығарып салды.

0 49

«Нұрлы Ертіс» бағдарламасы Елбасының стратегия­лық саясатын ары қарай жүзеге асырудағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынғанын атап өткен қала басшысының орынбасары Екібастұзға көшіп барған отбасыларға барлық жағдайлар жасалатынын айтты.
«Осының бәрі балалардың, еліміздің болашағы үшін жасалып жатыр. Аман-есен жетіңіздер. Мен де Сіздермен бірге жолға шығып, сол жақтан қарсы аламын. Менің мақсатым – Сіздерге қандай пәтер, қандай мүмкіндік берілетінін өз көзіммен көріп қайту» деді Б. Мәкен.
Қазірге дейін Нұр-Сұлтаннан көпбалалы отбасылардың барлық мүшелерін қосқанда 600-ден астам адам Екібастұзға көшті. «Бүгін оларға тағы 208 адам қосылып отыр. Олардың бәрін баспанамен қамтып, жұмысқа тұрғызамыз. Жалақы кем дегенде 120 мың теңге болады. Елордадан қоныс аударған отбасылар жаңадан бой көтерген тұрғын үйлерге қоныстанады. Оларға 318 пәтер дайындап қойдық. Соның 122-сі – үш бөлмелі, 116-сы – екі бөлмелі, 80-і – бір бөлмелі. Әр отбасы мүшесіне 88500 теңгеден қоныс аудару жәрдемақшасы қарастырылған. Бұған қоса, республикалық бюджет есебінен бір жыл көлемінде облысымыздағы өндірісті шаһарға қоныс аударған отбасылардың пәтерді жалға алу құны мен коммуналдық төлемін жауып тұрамыз. Бес жылдан кейін бұл пәтерлерді жекешелендіруге болады. Балаларға балабақша мен мектептерде де барлық жағдайлар жасалады. Оқушылар қоғамдық көлікте тегін жүреді» дейді Павлодар облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов.
2004 жылы Торғай өңірінен елордаға келген Семсер Төлегенов осыдан тоғыз жыл бұрын осында шаңырақ құрып, үш баланың әкесі атанды. Содан бері пәтерден пәтерге көшіп жүріп, құрылысшыдан бастап әртүрлі жұмыс істеді. Осы уақытқа дейін ПИК-тердің бірінде сантехник болды. «Алатын жалақым 60 мың теңге еді, ол ештеңеге жетпейтін. «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы туралы естіп, құжат тапсырдық. Сәті түсіп, оған іліктік. Басқа қалада болса да, баспанаға ие болғанымызға отбасымызбен қуаныштымыз» дейді ол.
Қостанай облысының тумасы Жақсылық Бірмағамбетов 2008 жылы елордаға арман қуып келді. Осында оқып, мамандық алды. Бас қалада Қорғалжынның қызын кездестіріп, үйленді. Бұл отбасында дүниеге үш бала келді. «Электрмен дәнекерлеуші ретінде 170 мың теңге жалақы алдым. Бірақ пәтерақысы, тамағымыз, өзіміздің, балалардың киім-кешегі бар, бұл жалақымен күн көру қиын болды. Үлкен баламыз төрт жаста, кенжеміз – екіде. Жарым балалармен үйде отырып, жұмыс істеген жоқ. Ақыры «Нұрлы Ертіс» туралы естіп, көшуге бел байладық. Әрине, елорданы қимаймыз, бірақ өмір болған соң басқа жерді де көрейік дедік. Жаңа қалаға үйренетінімізге сенімдімін» дейді Жақсылық.
Үш баланың анасы Динара Аяғанова Ерейментау ауданынан елордаға қоныс аударғанына он сегіз жыл болыпты. Өмірлік қосағы құрылысшы болып істейтін ана «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы жайлы құрбысынан естіген. Содан жолдасына Екібастұзға көшуді ұсынған. Күйеуі басында бұған күмәнмен қараған. Соңында жарының айтқанына көніп, бұл отбасы да өндірісті қалаға қоныс аударуға шешім шығарды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды