Воскресенье, 20 Август 2017
-->

Отандық және импорттық өнімдердің сапасы қандай?

Отандық және импорттық өнімдердің сапасы қандай? Қалалық емдеу мекемелеріндегі диагностикалық өлшем құралдары талапқа сай ма? Дүкен сөрелеріндегі тауарлардың ішкі-сыртқы сәйкестігі туралы не білеміз? Осы мәселелер жөнінде Техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Сауықбек Қапаевпен тілдескен едік.

44

e9d6cfced07df7f6329709212780a9300f0fb7e1_900

– Сауықбек Әріпұлы, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті жүргізген был­тырғы тексерудің нәтижелері қандай?
– 2016 жылы департамент 103 тексеріс жүргізді. Оның ішінде іріктеу бойынша, жос­пардан тыс, комитет тапсырмасы негізінде және азамат­тардың өтініштері аясында қолға алынды. Нәтижесінде 55 бұзу­шылық анықталды. Жалпы сомасы 484 480 тең­гені құрайтын өнімдердің 12 партиясына тыйым салынды.
Заңды және жеке тұл­­ғалар 13 012 335 теңгеге әкім­шілік жауапкершілікке тар­тылды. Қазіргі таңда бұл сома толы­ғы­­мен орындалды. Тек­серіс қо­­рытындысы бо­йынша қол­да­нуға жарамсыз деп танылған 1956 өлшем құрал­дарына ты­йым салынды. Оның ішінде қа­ла­лық емдеу мекемелеріндегі нау­қас адамдарды емдеу және диаг­­нос­тика қою кезінде қолда­ны­­латын өлшем құралдары бар.
– Нақты айтқанда, қаланың қандай денсаулық сақтау мекемелері тексерілді?
– Денсаулық сақтау ме­кемелеріне жүргізілген 21 тексерістің 11 жағ­да­йында бұзушы­лықтар анықталды. Мысалы, №2 қалалық балалар
емханасында қолда­ны­­латын 860 өлшем құра­лының 335-і, «Ша­па­ғат» ал­ғашқы ме­дико-сани­тар­лық кө­мек ор­талы­ғының 37 өл­шем құралы, Онколо­гия және транс­пла­та­ция ұлттық ғылыми ор­та­лығы қол­данылатын 440 өл­шем құралы­ның 302-сі, сонымен қатар салыстырып тек­серуден өтпеген және Қа­зақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі тізіліміне енбеген 5 дана УЗИ аппараты, № 3 перинаталды орталықтың 39 өлшем құралдары жарамсыз деп танылды.

2016 жылы департамент 103 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 55 бұзушылық анықталды. Жалпы сомасы 484 480 теңгені құрайтын өнімдердің 12 партиясына тыйым салынды. Заңды және жеке тұлғалар 13 012 335 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды 

– Егер медициналық аппараттар тексерістен өтпеген болса, осы уақытқа дейін науқасқа қойылған диаг­ноздар қаншалықты дұрыс болғаны?
– Дұрыс айтасыз. Меди­ци­налық аппараттарда орындалатын талдау нәтижелерінің дұрыстығы толығымен өл­шем дәлдігіне байланысты. Осы­лайша салыстырып тек­серістен өтпеген өлшем құ­рал­дары науқасқа қойылған диагноздың дұрыс­тығына кепіл бола алмайды. Сондықтан, ме­дициналық өлшем құрал­дары да кез келген тех­никалық өлшем құрал­дары сияқты өн­дірістен немесе жөндеу­ден шығарылған кезде, пайдалануға берілгенде және шет елден әкелінгенде метро­логиялық аттестаттаудан немесе тү­рін бекітуден өткеннен кейін және өлшем бірлігін қамтамасыз етудің тізіміне енгеннен соң, міндетті түрде салыс­тырмалы тексеруден өту қажет.
– Халыққа қызмет көрсету саласында қандай олқы­лық­тар тіркелді?
– Халыққа қызмет көрсету саласындағы 27 ұйымға тек­серіс жүргізілді, 13 бұзу­шылық анықталды. Нақты айтсам, «Астана газ сервис» АҚ тексерілген 95 өлшем құралының 58-і, «Қазақстан» спорт сарайы 67 өлшем құ­ралының 63-і, «Инком Астана» ЖШС («Rаdisson» қонақ үйіндегі) 67 өлшем құралының 19-ы, «Астаналық цирк» 129 өлшем құралы, «Astana Motor Astana» ЖШС 61 тексерілген өлшем құралының 51-і жарамсыз деп танылды. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бо­йынша «Гамма Сервис ЛТД» ЖШС және «Казахстанский центр поверки и сертификации» сияқты аккредиттелген зертханаларға жоспардан тыс тексеріс жүргізілді.
Нә­ти­же­сінде, аккредиттеу аясына кір­мейтін қыз­мет­­тер жүр­гізгені үшін аккре­диттеу аттестаттары тоқ­татылды. Заңсыз берілген салыстырып тексеру туралы 12 сертификаттың күші жойылды. Сонымен қоса, «SKYMAX INNOVATIONS» ЖШС аккредиттелген салыстырып тексеру зертханалық қызметінде бұзушылық дерегі анықталды. Тексеріс нәти­же­сінде салыстырып тексеру туралы сертификат күші жо­йылды. Айта кетейін, AMS111 II метеорологиялық станция­сына берілген заңсыз сертификат анық­талып, қолдануға жарамсыз өлшем құралын қол­аныстан алып тастау туралы нұсқаулық берілді. AMS111 II қаладағы қоршаған ортаның жай-күйін метеорологиялық және гидро­логиялық болжамдарды талдауға арналған. Мұндай зерттеулер бірқатар ірі компаниялар мен филиалдарда да жүргізілді.
– Кейде күнделікті тұты­натын азық-түлік тауарлары сыртқы қаптамасында көр­сетілген стандарттарға сәй­кес келмей жатады. Ол кезде қайда шағымдану керек?
– Дәл осы мәселе бойынша 9 тексеріс жүргіздік. Нәтиже­сінде, 12 өнім партиясын сатуға тыйым салу жөнінде нұсқама берілді. 1 399 860 теңгеге 6 әкім­шілік айыппұл салынды. Тексеріс қорытындысы бойынша, таза салмағына сәйкес емес – «Тенгри» шайы, «Нежная» жұмыртқа кеспесі, «Сұлтан» вафлиі, «Шумский» ЖК кеп­тірілген аскөгі, «Забава – Экспо» ЖШС ұнтақ жармасы және «Атлантическая» май­ша­бағы жарамсыз деп танылды. Өйткені, көрсетілген тауарлар мөлшері қаптамадағы тауар саны сәйкессіздігі 9 грамнан 30 грамға дейін аралықты құ­рады. Жалпы, тексеріс қоры­тын­дысы бойынша, келесі жыл­дары өткізілетін іріктеп тек­серу кестесіне қосу үшін, бұзушылықтар анықталған шаруа­шылық субъектілері тексеріс өткізу үшін субъект дерекқорына енгізілді. Мұндай тексерістердің мақсаты ел азаматтарын, өнім сапасын нор­мативтік құжаттардың міндетті талаптарына сәйкес­тігін ба­қылау және сынау, қоршаған ортаның жай-күйін, еңбек шартының қауіпсіздігін, сатушы мен тұтынушы арасындағы есеп айырысудағы, соның ішінде азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғауды қамтамасыз етудегі дәйексіз өлшем нәти­желерінен қорғау болып табылады. Азаматтар тарапынан осындай мәселелерге қатысты шағым туындаса, біздің департаментке хабарласуға болады. Тұтынушылардың талабын тыңдау әрі қауіпсіздігіне тексеріс жүргізу – біздің басты міндетіміз.

Тексеріс қорытындысы бойынша, таза салмағына сәйкес емес – «Тенгри» шайы, «Нежная» жұмыртқа кеспесі, «Сұлтан» вафлиі, «Шумский» ЖК кеп­тірілген аскөгі,  «Забава – Экспо» ЖШС ұнтақ жармасы және  «Атлантическая» май­шабағы жарамсыз деп танылды

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*