«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Отандастарға қолдау көрсетіледі

0 46

Елорда әкімдігі мен «Отандастар» қоры арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылды. Енді келісім негізінде шетелдегі және елімізге оралған қандастарымызға жан-жақты мәдени, білім беру және құқықтық қолдау көрсетіледі.

Алдағы уақытта қос тарап сыртта тұратын қандастарға және атамекенге қоныс аударған этникалық қазақтарды қолдау бағытында бірлесіп жұмыс ат­қаратын болады.
– Елбасының тапсырмасымен «Отандас­тар қоры» құрылып, ауқымды әрі маңызды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, алыс және жақын шетелдерден қоныс аударған қандастарымызға құқықтық, ақпараттық, рухани, психологиялық, тілдік көмектер көрсету шаралары қабылданып отыр. Бұл ретте атажұртына оралған қандастарымызға жаңа ортаға кірігіп, қоғамдық өмірге еркін араласуына мүмкіндік жасау маңызды, – деген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов қор ұжымын алдағы уақытта қоғамдық-мәдени шараларды бірлесіп ұйымдастыруға шақырды.
Сонымен қатар шаһар басшысы өз сөзінде әкімдік пен «Отандастар» қоры арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында нәтижелі жұмыстар атқарылатынына зор сенім білдірді.
– Осы келісім арқылы бас қаламыздың әкімдігімен бірқатар тынымды істерді жүзеге асырамыз деген ойдамыз. Білім, спорт, мәдениет, ана тілін үйрету, бизнес-бастамалар жөнінде бірлесіп жүзеге асыратын бірқатар шараларды да жоспарлап отырмыз, – деген «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев Отанына оралған қандас бауырлардың жаңа ортаға бейімделуі барысында оларға ақпараттық, ұйымдастырушылық, құқықтық және консультациялық қолдау көрсетудің маңызы зор екенін атап өтті.
Естеріңізге салсақ, «Отандастар» қоры 2017 жылы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен сырттағы және елге көшіп келген ағайындарды қолдау мақсатында құрылған болатын.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды