«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Отандастар доп ойнады

0 71

Нұр-Сұлтан қаласында «Отандастар қоры» және Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы ұйымдастырған шағын футболдан халықаралық турнир өтті.

Халықаралық барыс-келісті күшейтіп, қазақ жастарының береке-бірлігін нығайту мақсатында өткізілген 2 күндік додаға қандастарымыз жиі қоныстанған Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Түркия, Ауғанстан, Иран, Ресей, Қырғызстан елдерінен келген командалар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және облыстардан жасақталған 22 құрама қатысты.
Ойыншылар жас шамасына қарай 30 жасқа дейінгі және 30 жастан асқандар болып екі топқа бөлініп, додаға түсті. Жастар арасында Ресейдің Орынбор қаласынан келген «Бәйтерек» командасы бас жүлде алды. Екінші орын алматылық «Бірлік – Керуен» командасына бұйырды. Қарағанды облысы атынан өнер көрсеткен «Зарапшан» командасы үшінші орынға табан тіреді. Ал 30 жастан асқан ойыншылар арасынан алматылық «Алаш» командасы топ жарса, екінші орынға Өзбекстанның «Құлагер» командасы табан тіреді. Елордалық «Атамекен» командасы үшінші орын алды. Жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құраған турнирде үздік ойыншылар марапатталып, жеңімпаз командаларға қаржылай сыйлық берілді. Айта кетейік, биыл бесінші рет ұйымдастырылған халықаралық футбол додасы кәсіпкер азаматтардың қолдауымен өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды