«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Отан деген – ыстық ұғым

0 44

Менің ойымша, Отан деген – өте терең әрі ыстық ұғым. Ол біздің жүрегімізде толқып, санамызда жаңғырып, тілімізде сайрап тұр.

Отан дегеніміз – біздің егемен еліміз, туған жеріміз, білім алып жүрген мектебіміз, үйіміз бен әулетіміз. Ал оның гүлденуі, өркендеуі үшін қорғанысы мықты болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан әрбір ер азамат Отан алдындағы борышын өтегені жөн деп білемін. Мен өзім осы орайда, әлі кішкентай болсам да, өскенде міндетті түрде әскери қызметкер боламын деп мақсат қойдым. Осы ойымды білетін әкем маған «Әскери маман болу үшін, ең алдымен, жақсы оқу керек, содан кейін қол үзбей спортпен шұғылдану қажет. Сонда ғана үздік жауынгер немесе үздік офицер бола аласың» деп ақылын айтудан жалықпайды. Айта кетейін, әкем Сембек Қабиев жас кезінде Ауғанстан соғысына қатысқан. Сондықтан болар, менің әскери маман боламын дегеніме үнемі қолдау білдіреді. Анашым Әмина да менің арманымның орындалуына тілектес болып жүреді.
Ал өзім болсам қазір тұрақты түрде жүзу спортымен айналысамын. Бірнеше рет қалалық және рес­публикалық жарыстарда чемпион атанып, жүлдегерлер қатарынан көріндім. Мектептегі сабағымды да жақсы оқуға тырысамын. Негізгі пәндерден бөлек, ментальдық арифметикадан қосымша білім алып жүрмін. Осының бәріне үлгеру үшін маған бірінші кезекте әкем мен шешем көмектеседі. Сондықтан менің оларға деген алғысым шексіз.
Ауғанстанда әскери міндетін ат­қарған әкем Сембек Мәжитұлының қарулас достары өте көп. Олар мерекелік немесе соғыста қаза тапқан майдандас достарын еске алуға арналған шараларды жиі өткізеді. Әсіресе, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, Жеңіс мерекесі мен 15 ақпан – Ауғанстан соғысының аяқталған күніне арналған ерлік сабақтары өте мазмұнды өтеді. Мені де ертіп апарады. Сыныптас достарымды да кейде ертіп барамын. Сонда кеуделерінде орден-медальдары жарқыраған ардагерлерді көргенде көңіліміз көтеріліп қалады. «Жауынгер-интернационалист Қазбек Абдрахманов атындағы қоғамдық қордың» ұйымдастыруымен өтетін шығармашылық байқауға қатысып, сыйлық та алдым. Осындай шараларға қатысқан кезімде әскери маман боламын деген қиялым тіптен қанаттанып кетеді.
Сөзімді түйіндесем, Отанды қорғау ер азамат үшін ең басты борыш деп ойлаймын. Сондықтан мен өзімді қазірден бастап Қазақстан Қарулы күштерінің офицері болуға да­йын­дап жүрмін десем болады. Осы мақ­сатыма жету үшін білім мен спортты ұштастырып, ой-өрісімді және күш-жігерімді жетілдіре беремін.

Жәнібек МӘЖИТ,
Астана қаласындағы С.Мәуленов атындағы
№37 орта мектептің
5-сынып оқушысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды