ОТ ЖАҚҚАНДА САҚ БОЛЫҢЫЗ!

Жылыту маусымы басталды. Қыс мезгілінде, әсіресе, жекеменшік сектордағы үйлердің тұрғындары от жаққанда барынша сақтық шараларын ұстанғаны жөн.

Осы тақырып тұрғысында қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өрт қауіпсіздігінің өкілдері брифинг өткізді. Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері Астанада 564 өрт тіркелген. Тілсіз жаудың салдарынан қаза болған 6 адамның үшеуі балалар екен. Жалпы, жыл сайын өрттің болуынан жұрт қыруар шығынға бататын көрінеді. Мәселен, биылғы материалдық шығын 64 млн теңгеге жетіп жығылған. Бұл тұрғыда күз уақытында өрт қауіпсіздік айлығы дәстүрлі түрде жүргізіледі екен. Департамент қызметкерлері жекеменшік секторлардағы үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі жөніндегі көрнекі жадынамалар мен парақшаларды таратады. Сол сияқты рейд барысында тұрғындарға өрт туындаған кездегі алғашқы сәтте не істеуі керектігін түсіндіреді.
– Жылыту маусымы кезінде жекеменшік секторда өрт оқиғалары көбейеді. Неге? Себебі тұрғындардың кейбірі пештердің құдықтары мен мұржаларын уақытында тазаламайды, отты дұрыс жақпайды. Саяжайларда тұратын адамдар да аз емес. Негізінен, саяжайлар жаздың күндері ғана тұратын мекен екені белгілі. Қысқы уақытта ондағы пештерге отты шектен тыс көп жағатындықтан, үйдің төбесіндегі ағаштарын жалын шарпып, соңы өртке ұласып жатады. Ал пештің жарылуы улы газдың шығуына себеп болады. Сонымен қатар тұрғындар өрт қауіпсіздігінің талабына сай келмейтін құрылғыларды, арзан кабельдерді пайдаланады. Осының бәрі оттың тұтануына әкеп соғады, – дейді Астананың өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қыз­мет басқармасының өкілі, азаматтық қорғау капитаны Мұрат Мадыбеков.
Шара барысында Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлі­мінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Еркін Отарғалымұлы БАҚ өкілдерінің сауалдарына тыңғылықты жауап берді. Өрт қауіпсіздігі саласының мамандары тұрғындарды барлық қауіпсіздік шараларын ұстанып, барынша сақ болуға шақырды.

Нұрдәулет Кәкішев

Сонымен қатар

КІТАПХАНАЛАР ҚОРЫ ТОЛЫҚТЫ

Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен оқу орындары кітапханалары жаңа еңбектермен толықты. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған