«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ОТ КӨСЕГЕН ОҒЛАНДАР

0 96

IMG_1056

Бас шаһарымыз әлемдегі ең суық астаналардың қатарынан.
«Астана» дегенде алдымен «Бәйтерегі» айтылар-ау, алты ай қысы бәрібір тілге орала береді. Қос маусымға созылатын қыстың қызығы өз алдына бір әңгіме, біздің айтпағымыз – жылу. Жыл сайын іргесі кеңейіп келе жатқан елорданың әр үйіне, ғимаратына, сарайына жылу қалай барады, отты кім жағады, пешті кім көсейді? Бұл сауалға талайымыз бас ауырта бермейміз. Алайда, күндіз-түні күйелеш күйге түсіп, көмір тасып, күл шығарып жүрген отжағарлардың еңбегі өлшеусіз һәм ескерусіз.

    

Сарыарқаға жылу сыйлаған

Міржақып Дулатов көшесінің басындағы қазандықтың ұзын мұржасынан будақтаған түтін қозыкөш жерден көзге шалынады. Жақындай бере жанған көмірдің иісі кеңсірігіңізді қытықтаса, айналадағы аппақ қар бетіне қонған күл ұшқындарымен шұбарлана түскенін көресіз… Бұл – қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Астана-энергия» акционерлік қоғамына қарасты алты қазандықтың бірі.

Қызыл кірпішпен қаланған ғимараттың темір қақпасын сықырлата ашып, табалдырықтан енгенде-ақ қып-қызыл жалынның ыстық лебі бетке ұрады. Жол бастау­шымыз, қазандықтардың басшысы Қалымқайдар Төлегеновтің айтуынша, осындағы алты Алтай пеші Сарыарқа ауданындағы талай шаңыраққа, бірнеше мекемеге, жетімдер үйіне, мектепке, балабақшаға үзіліссіз жылу сыйлауда. «Қыстың алғашқы ызғары білінгенде тұтанған отымыз алты ай бойы сөнбек емес. Рас, сынап бағаны жоғарылап жатса, жұмысты аз-маз бәсеңсітеміз. Бірақ, жұмысшыларымыз қарқынын жоғалтпайды» дейді ол.

«Қалақ толы көмірім – менің мәнді өмірім»

Биіктігі бес құлаштай болатын пештердің әрқайсысының аузынан ұшқындаған жалын мен шоқ ертегілердегі алты басты айдаһарды еске түсіреді екен.

Күйе мен ыстан белгісіз түске айналып кеткен көк комбинизон киген құрыш білекті бірнеше жігіт әр пешке көмір лақтыруда. Жалынды тұншықтыра құшқан отын қою түтінденіп, әлден уақытта бұрқ етіп қайта жалынға айналады.

«Осы пештер арқылы қайнаған су құбыр трассаларымен әр үйге, ғимараттарға жылу болып тарайды» дейді өзін Виктор Моторин деп таныстырған шебер.

Қазандықтың түтінін түзу түтетіп, көрігін қыздыратын он отжағар бар екен. Олар үш ауысыммен тәулік бойы жұмыс істейді. «Тірлігіміз тынымсыз болса да, ел игілігіне жараған қызметімізді бәріміз мақтан тұтамыз. Маңдай терімді бір сығып, көмір толы қалағымды құлаштай сермеген сайын өзімді «дүниенің бір кетігіне жараған кірпіштей» сезінемін. Сезінемін де, өмірімнің мәнді, мағыналы өтіп жатқанына көзім жетеді» деп ағынан жарылады Ерлан Сәндібаев. Расында, пеш алдындағы беймаза тірліктің атқарар жүгі ауыр, абыройы бәсең. Әйтпесе, қай үйдің де шуағы жылумен кіреді ғой. Төріңіздегі шойын құбырыңыз салқын тартып тұрса, шаңырағыңыздан безіп-ақ кеткіңіз келеді. Ендеше, Астананың бір бөлігіндегі пәтерлер мен мекемелерді жылытып жүрген он оғланның еңбектерін елегеніміз абзал. Олардың қатарында Виктор Голумбовский, Медет Бекжанов, ағайынды Александр мен Павел Тюнеевтер бар.

Күн сайын жиырма тонна отын жанады

Енді сандарды сөйлетіп көрелік. Виктор Васильевичтің сөзіне сенсек, он отжағар әр күн сайын алты пешке 15-20 тонна аралығында көмір тас­тайды екен. Ал, бір маусымда, яғни, күздің қара суығынан көктемнің алғашқы лебі білінгенше 3 мың тоннадай көмір күлге айналады. Бұл – бір қазандықтағы жағдай. Астанада алты қазандық бар. Отынның шығынын, оның артындағы еңбекті ойша салмақтай беріңіз.

Жолбастаушымыз Қалымқайдар сөз арасында өзге де жылу таратушы мекемелердің тыныс-тіршілігі дәл осындай екенін жеткізді. «Соңғы жылдары көмірдің орнына мазут, жанармай отындарын пайдаланудамыз. Бұлар жұмыс күшін аз қажет еткенімен, шығыны көп. Қалай болғанда да, көмір – бағасының арзандығымен ұтады» дейді Қ.Төлегенов.

 

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды