ОРТАҚ МҮДДЕ – ТЫНЫШТЫҚ.

ҚОРҚЫТ БАБАДАН ЖЕТКЕН: «ӨТКЕН КҮН, КЕШЕ – ТАРИХ, КЕЛЕР КҮН, ЕРТЕҢ – СЫР, БҮГІНГІ КҮН – СЫЙ» ЕКЕНІН ЕСКЕРСЕК, ОСЫ БЕЙБІТ КҮНІМІЗГЕ ТӘУБЕ ДЕЙМІЗ ӘРІ ӘЛЕМДЕ ДЕ ТЫНЫШТЫҚ ОРНАУЫНА МҮДДЕЛІМІЗ. АЛ ҮЛКЕН ЖАНЖАЛДАРДЫҢ КІШКЕНЕ КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕРДЕН ТУАТЫНЫ БЕЛГІЛІ. ӘР АПТА САЙЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ МАҢЫЗДЫ ОҚИҒАЛАРҒА ЖІТІ НАЗАР АУДАРЫП ОТЫРАТЫНЫМЫЗ ДА СОНДЫҚТАН.

zhjldybai

Осы ретте, аптаның ең көп талқыланған тақырыбы Франция президенті Эммануэль Макронның Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі болды. Бұл Макронның жаңадан президент болып сайланғаннан кейінгі ең алғашқы шетел мемлекеті басшысымен кездесуі екенін, оның барысында халықаралық даулы мәселелерді шешуге көп сенім артылғанын атап өткен жөн. Алайда үміт толық ақтала қойған жоқ. Керісінше, Париж бен Мәскеу арасында Сириядағы және Украина төңірегіндегі жағдайларға қатысты қарама-қарсы көзқарас орын алды. Десек те Ресей, Германия, Франция және Украинаның қатысуымен жаңа «нормандық форматтағы» Украина туралы келіссөздің қажеттігі мойындалды.

Солтүстік Кореяға Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан баллистикалық зымырандарды сынауға қарсы қабылдаған арнайы резолюциясына қарамастан Пхеньян соңғы кезде үш рет қатарынан ракеталарын ұшырып, өз сынақтарын жалғастыруда. Атап айтқанда, осы дүйсенбіде Жапон теңізіне қарай бағыттап жіберілген баллистикалық зымыран көздеген нысанасына дөп тиді. Әрине, бұл Вашингтон билігіне ұнамағаны белгілі, сондықтан да АҚШ Пекинмен бірлесе отырып Солтүстік Кореяның ядролық амбициясына дипломатиялық жолмен тосқауыл қоюға ұмтылуда.

Осы аптада табиғат та тосын мінезін танытып үлгерді. Мәскеуде алапат дауыл тұрып қаланың жұмысын ноқталап тастады. Мәскеуде және қаланың маңында 13 адам қайтыс болып, 130-дан астам адам түрлі жарақат алды. Ал АҚШ-та ірі мемлекет қайраткері, саясаттанушы, америка сыртқы саясатының басты идеологтарының бірі, 1977-1981 жылдары АҚШ президенті Джимми Картердің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі қызметін атқарған, түп тегі поляк Збигнев Бзежинский 89 жасында бақилық болды. Бзежинский «Ұлы шахмат тақтасы: Америка үстемдігі және оның геостратегиялық императиві» атты кітаптың авторы ретінде әлемге кеңінен танымал тұлға. Қазақстан Тәуелсіздігін алған жылдары біздің елдің болашағы туралы сәуегейлік жасағаны, бірақ оның жүзеге аспағаны әрі мұны оның өзінің мойындағаны да мәлім.

Сондай-ақ, 31 мамырда Ауғанстанда орын алған жарылыс әлем назарын аударды. Өкінішке қарай, Кабулда болған осынау террорлық әрекеттен екі қазақстандық азамат зардап шегіп, жарылыс болған жерден 1,5-2 шақырымдай қашықтықта орналасқан Қазақстан Елшілігі ғимаратына зақым келді. Жалпы бұл террорлық әрекеттен ондаған кісі қаза тауып, жүздеген адам жарақат алғандары белгілі болып отыр.

Кенжеболат Жолдыбай,

саясаттанушы

Сонымен қатар

ДОС АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗ

Ойламаған қазаны сол күні ертеңгілік әлеуметтік желіде бір інішектің жазбасынан көрдік. Біреу суық қолмен қолқамызды …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған